» » Қонаққа келген Қырғилар

Қонаққа келген Қырғилар

Қайбір жылдары көктем келіп күн жылынған уақытта қорадағы биік талға қарғалар ұя салып қаптап кетті. Тіпті сол терек жыл сайынғы мекеніне айналды. Қарғалардың қарқылдаған дауысы күн-түн демей тыныштықты бұзып, мазаны қашыратын. Ұядағы балапанының қанаты қатайғанша төбемізден ұшып айналаны саңқып бүлдірді. Бір күні кенеттен жыртқышқа ұқсайтын құс келіп қарқылдағанның бәрін тып-типыл қылды. Әне бір бүркітке ұқсайтын құс келгелі құлағымыз тынышталып, тіпті төбеден бөтен құс ұшпайтын болды. Кейін әдемі құстың қырғи екенін білдім. Ол қайдан жүр?
Уақыт өткен сайын қорадағы биік қара тал әлгі қырғидың жылдағы мекеніне айналды. Аулада өсіп тұрған үш тал болса соның биік шыққаны осы қара тал. Көктем келсе қырғидың келуін күтіп жүретін болдым. Олар жұптасып келе бастады. Сірә жылы жақты іздеп келсе керек. Дауысы да өзгеше. Дене тұрқы үлкен емес, шағын. Ұшқанда жылдамдығына көз ілеспейді.
Кітап деректерінде қырғиды қаршыға тұқымдасына жататын жыртқышқа теңейді. Тұрымтай, ителгі секілді қазақ ауылының балалары ермек ететін саятшы құстың бірі. Тек қарымы шағын, күші аздау болғандықтан көп ретте үйрек, бөдене, торғай секілді құстарға түсетін көрінеді. Оны білетін адам қырғи ұшып жүргенде қанатының қысқалығына, құйрығының ұзындығына қарап бірден таниды.
Ғайыптан пайда болған қырғи құс осылайша ауланы өзге құстардан қорып жүр. Мүлдем құс ұшпайды демеймін, бірақ қарғаның қарқылдағаны мен сауысқанның саңқылдағанынан құлағымыз тыныш. Үйге қонақ келсе жыртқыш құсты көріп «бұл қайдан жүр?» деп таңырқайды. Кейде әзілқой ағаларым мұны ұстап алып сатсаң көп ақша тұрады деп қызыққанын білдіріп қояды. Бұл сөзді де жандандырып қояйын. Бір кездері арабтар қырғи құсқа қатты қызыққан екен. Ол жақта бұл құс қомақты ақша тұрса керек. Себебі оларда қырғиды саятшылыққа алып шығып, жарыс ұйымдастыратын көрінеді. Осы туралы деректі фильмде арабтар қырғидың арқасына камера орнатып аңшылыққа салып жатыр. Тексеріп көргісі келді ме, құсты көкке ұшырып, төменнен жемін жіберіп еді әлгі қырғи айдалаға ұшып кетті. Қырғын ақшаға сатып алған соң оны еркіне жіберіп қойсын ба, оның қонған жерін іздеп әуреге салынып жүр. Әдетте қырғи желді күні мен ыстық уақытта саятшылыққа ұшпайды. Мұндай уақытта оның шабыты болмайды-мыс. Құсбегілердің айтуынша қырғиды құсқа мүсектеп салады, яғни құстың қанатын қомдап, жауырынынан уыстай ұстайды. Кейін бетін желге қаратып, жеміне қарай сілтеп жібереді. Әдетте жемін іле алмаса қаршыға секілді отырып қалады екен. Ондай да құсқа ұрыспай, шақырып алып сылап-сипап ықылас қөрсеткен пайдалы дейді олар.
Қорада тыныстаған уақытта қырғидың тіршілігіне қарап бақылап отырамын. Кейде көз алдымда аспанды екі айналып торғайды іліп кетіп жатады. Жыртқыштың тамақ жеуі де бөлек қой, шіркін. Оған қарап тазалықтың құсы екенін ұқтым. Ұстаған жемін қауырсыннан тазалап барып жұлмалай бастады.
Қырғиға қатысты ертеректе аңыз әңгімелер болмағанымен оның жыртқыштығына қатысты деректі сөздер қолданыста жүр. Мәселен «қырғидай тиіп барады» немесе «қырғи қабақ соғыс» деген сөздер осы керемет әдемі құсқа теңелсе керек. Самғауында еркіндік пен қырағылық қазақы болмысты әспеттейтіндей.
Газеттің өткен санында Қараөзекке қонған аққулардың сұлулығынан сыр шертілсе, бүгінгі мақаламызда қырғидың қырағылыған қалам тербеп отырмын. Алыс жерден жылылық іздеп келген киелі құстардың ендігі жерде Сыр елі мәңгілік мекеніне айналса екен.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
12 мамыр 2020 ж. 1 782 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 341

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 424

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930