«Мен батырдың ұрпағымын»
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы. Айтулы мерекені дүркіретіп тойлармыз деген ойды аты жаман індет келіп өзге арнаға бұрды. Десе де, қандай қиындықты да еңсере білетін ел ретінде мұнан шығар жол таптық. Қалай дерсіз?
Заманның қарыштап дамығаны карантин кезінде де майдангер батырларымызды еске алып, мақтан тұтуға мүмкіндік сыйлады. Облыста «Жасампаз ұрпақ» акциясы басталған болатын. Осы акцияны облыс әкімі Гүлшара Наушақызы қолдап, өзінің майдангер әкесі туралы естелігімен бөлісті. Әкелердің ел үшін жасаған ерлік істері әрдайым ел әсінде мәңгілікке сақталатынын да жеткізді. Сондай-ақ барша өңір тұрғынын аталған акцияға қатысуға шақырды. Ол үшін майдангер ата-әкелері туралы естелігін айтып, отбасылық фотосуреттерді көрсетіп бейнесюжет дайындап, әлеуметтік желіге жариялау қажет. Оны Қызылорда облысы облысы әкімдігінің ресми сайтындағы «Жасампаз жасақ» бөлігіне орналастырады. Ол жерде ұнаған бейнероликке дауыс беруге де болады. Ал үздік 10 туындыны 9 мамыр күні «Qyzylorda» телеарнасында көрсетілетін бейнесюжетке енгізіледі.
Аталған челленджді облыс тұрғындары зор қуанышпен қарсы алып, жалғастыруға кірісті. «Мен батырдың ұрпағымын» атты тақырыпта ауданның мектеп оқушылары, мекеме қызметкерлері өздерінің майдангер атасы мен әкесі туралы ақпарат беріп, челленджге белсенді қатысуда. Яғни, онлайн форматта да ел үшін ерлік жасаған ұлы тұлғалар ғаламторда ұлықталуда.
Бұл акцияға С.Есқараев атындағы №27 мектептің кітапханашысы Жаңагүл Ибраева да өз үлесін қосып, атасының еңбегі мен өмір жолын дәріптейді. Ол мерейлі мерейтойдың жағдайға орай тойланбаса да, атасының ерлігі туралы өзгемен бөлісіп, мақтан тұта алғанына дән риза.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА