Амантайдың "самолеты"
ЖОСАЛЫ, 27 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Ұшақты пилотсыз басқарып ұшыру дегенді естіп көрдіңіз бе? Бәрі де мүмкін ғой. Қазір жиырма бірінші ғасыр дамыған заманда адамдар не ойлап таппай жатыр дейсіз? Көлікті жүргізушісіз жүргізгенде, ұшақты да ұшқышсыз басқару сөз болып па? Бірақ біз айтқалы отырған ұшақ, кәнігі әуежайдан ұшатын ұшақ емес. Әскери әуе барлау ұшқышсыз ұшу аппараты. Өткен жылы елімізде болған Халықаралық армия ойындарында ұшақты қашықтан басқару түрінен сайыс өткізілді. Жарысқа дүние жүзінен отыз төрт мемлекет қатысып, соның ішінде еліміз биіктен көрінді. Бұл қуанышпен мақтанатын жайымыз да бар. Себебі Қазақстан құрамасында жерлесіміз өнер көрсетті. Ол 66597 әскери бөлімінің операторы – Амантай Қаппаров.
Бала күннен әкесінің әскери формасына қызығып өскен жас жігіт, болашақта сарбаз болуды армандайды. Мектеп қабырғасын бітірген соң оқуға түсе алмай, кейін Ұзынағаштағы 28237 бөлімге әскер қатарына барады. Ол жақтан борышын өтеп ауылға аман-есен келген соң үш жыл бос жүріп қалады. Екі қолға бір күрек іздеген Амантай Қызылорда қаласындағы 66597 әскери бөлімге барып қызмет етеді. Жауынгер қатарында мерген болып жүрген ол ерекше қабілетімен көзге түсіп, кейін операторлық қызметке ауысады.
– Біз отбасында бір қыз, үш ұлмыз. Ұл балаға әкенің тәрбиесі маңызды рөл атқарады. Ер бала болған соң әкемізге жақын өстік. Ол кісі де әскери қызметтен алыс емес. Бізбен сырлас, дос бола білді. Өсіп, жетіліп, жеке тұлға болып қалыптасуымызға, қоғамдағы өз орнымызды дұрыс табуымызға әкеміздің еңбегі ерекше. Менен кейінгі інім де Алматыда әскери академияда оқиды. Әулетімізде әскери болуды таңдаған інім екеуміз ғана, – дейді жас сарбаз.
Жоғарыда айтып өткендей, Амантай Нұрлыбекұлы ұшқышсыз ұшу аппаратын қашықтан басқарушы. Ол төтенше жағдай болған жағдайда ұшақты жоғарыдан басқарып жерді камерамен бақылап, суретке түсіріп отырады.
– Бұл ұшақ – Skylark I-LEX деп аталады. Израил де жасалған. Сол жақтан арнайы маман келіп, бізді екі ай оқытып үйретті. Бұл ұшақтың көп көмегі бар. Әсіресе соғыс жағдайларында жау бетін жоғарыдан барлап білуге өте ыңғайлы. Ол жерден 1200 метр биіктікке көтеріліп, 40 шақырым қашықтықта ұша алады. Бір ерекшелігі ұшу барысында байланыс жоғалып кетсе өзі ұшқан нүктеге қайтып келеді. Қуаты 2 сағатқа жетеді. Мұнда түсіру камерасы күндізгі және түнгі режимде жұмыс істейді. Ал ауа райына төзу жағына келсек –20 және +50 градус температурада ұша алмайды, – дейді ұшақ басқарушы.
Өткен жылы кең көлемде ұйымдастырылған Халықаралық армия ойындарында Амантай Қазақстан құрама командасының сапында болып, елдің намысын қорғады. Ол өзге елдің ойыншыларынан асып түсіп өз шеберлігін көрсетті. «Бұл жалғыз менің ғана емес, құрамдағы жігіттердің шапшаң қимылының арқасында жеткен жетістік» деді әңгімесін тәмамдап.
Ерсін СӘДУҰЛЫ