"Terrafugia" компаниясы алғашқы авто-ұшағын сатуға шығарады
"Terrafugia" компаниясы өзінің "Terrafugia Transition" ұшатын көлігін қашан сатуға шығаратынын мәлімдеді. Қанаты жиналатын авто-ұшақ 2019 жылдың басында сатылымға шығарылады. Бағасы 330 мың доллар болады деп күтілуде.
Авто-ұшақтың әуедегі жылдамдығы сағатына 161 шақырымды құрайды екен. Ең ұзақ ұшу қашықтығы – 644 шақырым. Ал жерде болса "Terrafugia Transition" сағатына 100 шақырым шылдамдықпен жүреді. Көлік газ-электр қозғалтқышымен қозғалады және "Boost" функциясымен жабдықталған. Бұл функция қозғалтқыштың қуатын қысқа уақыт ішінде арттыра алады. Сонымен бірге авто-ұшақ 4 қауіпсіздік жастығы және парашютпен қамтылған.
Естеріңізге сала кетейік, "Terrafugia Transition" автомобилін жасау жобасы 2008 жылда басталған болатын. Алғашқы тәжірибе 2009 жылы жасалған. Осыдан кейін авто-ұшақты жасау барысында көп кедергілер туындады. Инвесторлар кетіп қалды. Жаңа инвесторлармен арадағы келісім ұзақ болды. Машинаның сыртқы дизайны өзгерді т.б. Осындай мәселер төңірегінен шыға алмай жүргенде "Terrafugia Transition" әлемде алғаш болып авто-ұшақ шығару мүмкіндігінен айырылып қалды.
2014 жылы "Helicycle Pal-V" оларды басып озып, өзінің екі адамдық алғашқы ұшатын автомобилін сатуға шығарды. Сол кездегі бағасы 295 мың доллар болған. Бірақ арадан көп өтпей бұл жоба тоқырауға ұшырады. Бүгінде "Helicycle Pal-V" моделі сатылым нарығында жоқ.