Татулығы тәнті еткен Aқайды, Тұрғындары «құтты өлке» деп атайды
Ауыл – қазақтың негізгі күретамыры. Онсыз қазақ халқын елестету мүмкін емес. Салт-дәстүр мен мәдениеттің сарқылмас қоры да осында. Ауданға қарасты ауылдардың бүгінгі тыныс-тіршілігін білмекке жиі іссапар ұйымдастырылуда. Осы мақсатпен өткен аптада Байқоңыр қаласының іргесіндегі Ақай ауылдық округіне жол түсті. Ауылға кіре бергеннен-ақ жаңаша бой көтерген ғимарат пен әсем бейнеленген сауда нысандары көз тартты.
ТІРЛІГІ ТИЯНАҚТЫ АУЫЛ ӨМІРІ
Татулықты ту еткен бүгінгі Ақайдың жай-күйін білмекке ауыл әкімдігіне бас сұқтық. Бас маман Айсұлу Бержанова ауыл туралы біршама мәлімет беріп, жұмыс жоспарымен таныстырды.
Ақай ауылы алғашында Кеңес Одағы космонавтикасының орталығы Ленинск қаласын қажетті ауыл шаруашылығы өнімімен қамтамасыз ету үшін ¬1957-1958 жылдары №22 әскери кеңшар ретінде құрылыпты. Ресми түрде «әскери кеңшар» аталғанымен, халық оны Сырдария өзеніндегі аралдың атымен «Ақай» деп атаған. Үлкендердің айтуынша «Ақай» деген бір хан қызының есімі екен. Кеңшарда кезінде ет комбинаты, тауық, сиыр фермасы, сыра зауыты жұмыс істепті.100 шақты үйде 1000-нан аса тұрғын мекендеген Ақай, бүгінде үлкейіп 1000-ға жуық тұрғын үйде 6000-ға жуық халық тұратын құтты мекен. Ауылда 2 орта мектеп, 4 балабақша, клуб үйі, кітапхана, дәрігерлік амбулатория бөлімшесі жұмыс істейді. Одан бөлек, «Мүсірәлі Сопы Әзіз» мешіті, «Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігі, Әйелдер кеңесі, Кәсіпкерлер қоғамдастығы ауыл өміріне белсене араласып, тұрақтылықтың сақталуына елеулі үлес қосып келеді.
Шаруашылыққа қажетті өнімдерді шығару мақсатында құрылған ауылды төрт-түліксіз елестету мүмкін емес. Жалпы округ бойынша 560 бас мүйізді ірі қара, 1600 бас қой мен ешкі, 205 бас жылқы, 202 бас түйе бар. Тұрғындар сүт өнімдері арқылы да қосымша табыс табуда.
«Еңбектің көзін тапқан білер» демекші, мемлекет қолдауын барынша пайдаланып шағын кәсіп ашып отырғандар да жетерлік. Ауылда 70 кәсіпкерлік нысан түрлі бағытта қызмет көрсетуде. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының нәтижесінде курсқа қатысып, сертификатқа ие болып, грант ұтып алғандар да табылады.
Ауыл әкімі Гүлсара Омарова алдағы уақытта шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге күш салатынын жеткізді.
– Шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Кәсіпкерлік негізін үйреніп, бизнес бастауға ниетті жанды әрқашан қолдаймыз. Кәсіп ашуға жастардың құлшынысы жоғары. Бұл қуанарлық жайт. Еріктілер жылына орай құрылған «Ақай еріктілер ұйымының» да жұмысы жақсы жүруде. Ал тазалық мәселесі алғашқы орында. Өз туған елін сүйетін жан оны таза ұстауы, әрбір мүлкін қастерлеуі міндет деп білемін. Тазалық айлығында жоспарға сай жүйелі жұмыс жүргізілетініне сенім мол. Одан бөлек, алдағы уақытта ауылішілік көшелерді жөндеуден өткізу де жоспарда бар, – дейді ағынан жарылған ауыл әкімі Гүлсара Омарова.¬¬
АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫ – АУЫЛ АЙНАСЫ
Үлкенді сыйлау салтымызбен әр сапарды ауыл үлкенінің шаңырағынан бастаймыз. Бұл жолы да әдеттен озбай ауылдық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлының үйіне тоқтадық. 15 жылдан бері төрағалық етіп келе жатқан қазыналы қарт 80-ге жақындағанымен, өте тың. Алқа құрамында 9 ардагер қызмет етеді.
– Адам өмірге келгеннен кейін артына із қалдыру қажет. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейді. Өзің отырған жеріңе еңбек ету әрбір тұрғынға – парыз. Алқа төрағалығына келгелі біраз жұмыс атқарылды. «Достық» атты жастар саябағын салынды, мектепке Елеу Көшербаевтың есімін беру, ауыл сыртынан көпір салу туралы ұсыныс бойынша жұмыстар жүргізілуде. Одан бөлек, бұл мекен көп рулы. Тәуке ханның Жеті жарғысындағы «Жеті атаңды білу – міндет, руға бөліну – індет» деген сөзін басшылыққа алып, елді бірлікке, татулыққа тәрбиелеудеміз. Руға қарап емес, жасына қарап сыйласамыз. Ауылда жасы үлкеннің орны бөлек, – дейді ақсақал.
Ауыл арасында алқа жұмысына жүгінушілер де бар. Былтыр отбасы арасындағы түсініспеушілік бойынша 3 мәселе, жер дауы бойынша 4 мәселе қаралып, оң шешімін тапқан. Бір ауыз сөзге тоқтай білген мұндай ұрпақтан алар үлгі көп. Алқа мүшелері клуб үйінде әр аптаның сейсенбісінде жиналып, жоспар құрып, өзара пікір алмасатынын жеткізді.
– Өзім әкеден жалғыз болғаныммен, Алла жалғыздығымды ұмыттырып отанасы екеумізге 7 ұрпақ сыйлады. 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, құтты орнына қондырдық. Бүгінде 18 немере, 9 шөбере сүйіп отырмын. Тұрмағамбет ақынның:
–Өмір өтіп, өтсем де өзім, Аралап
Жер бетінде қалар сөзім,
Көре алмай кейінгінігі кеттім-ау деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім, – дегеніндей біздің арманымыз жоқ. Артымызда көз, ізімізді жалғар ұрпақ, ел үшін жасалған игілікті іс қалды. Қайырымдылыққа бет бұрған жастардың игі бастамасын қолдаймыз. Себебі, біреуге көмектесуге ұмтылып, мұқтаж жанға қол үшін беруге дайын жастың бойында адамгершілік, мейірімділік қасиеттер бар деген сөз. Заман ағымына ілескен, жан-жақты жастардың көптігі қуантады, – дейді Жақсылық Қыпшақбайұлы. Дана қарттың ақ батасын алып, сапарымызды әрі қарай жалғадық.
БЕЛСЕНДІ БАТЫР АНА
Қарты бар үй қашанда қазыналы ғой. Ал егер ол қария жаны ізгі, білгені мен түйгені мол, өмірге құштар болса тіпті ғажап. Келген шаңырағымыз жаны жайсаң, көңілі дариядай Толқын Жолымбетованың босағасы еді. Көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алған әжей бүгінде сексеннен асқан. Дана әже өмірге 9 перзент әкеліп, тәрбиелеген. Ұлы мен қызын қанаттандырған батыр ананың белсенділігін көргенде қайран қалдық.
Үйіне кіргенімізде киіз үй макетінің өрнегін тігіп отыр. Жұмысын жалғастыра отырып әңгіме тінін тарқаттық. Әрбір оюды қиюластыра, әдемі тігуде. «Бұл мектептен келіп түскен өтініш еді» деді батыр ана. Тігіншілік қасиеті анасынан дарыған. Жас күнінде киіз үйді ерекше тігіпті. Ауыл ішінде ең әдемі киіз үй осы кісінікі болғандықтан, сұранысқа ие болыпты. Бүгінде мұражайға қоюға арналған шағын киіз үйлер жасауының сыры да осы. Ол бала тәрбиесі мен үй тірлігін қатар алып, елмен бірге жұмыс та істеген.
Отыз жылдан бері зейнеттік демалыста. Аты демалыс болмаса, әжейдің демалуға уақыты жоқ секілді. Неге дейсіз бе? «Әжелер ансамблінде» думандатып ән салса, ауылдық әйелдер кеңесінде жас буынға тәлімді тәрбие беруде. «Әжелер ансамблімен» бірге аудан, қала, облыс аралап, түрлі өнер додасынан жеңімпаз атанса, жеке өзі «Қарттардың да өнерге бар таласы», «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты көркемөнерпаздар сайысында топ жарған.
Өнерлі әжейдің тағы бір қыры – ұқыптылығы мен тиянақтылығы. Оған себеп біз көрген фотосуреттер мен мақтау, алғыс хаттары. Бояуы кетпеген, шеті қайырылмаған күйі әдемі жинақталған. Альбом бетіне орналасқан әсем суреттерге қарап отырып батыр ана өткен шақтан сыр ақтарды.
– Алла берген 4 ұл, 5 қызды өмірге әкелдім. Сол кездегі заман көшінен қалмай өмір сүрдік. Бүгінде перзенттерім өмірден өз орнын тапты. Олардан 17 немере, 5 шөбере сүйіп отырмын. Қолөнерлігімді жалғаған Айнұр есімді қызым қалада, тапсырысқа түрлі қолөнер бұйымдарын жасайды. Ондай қызығушылық қасымда жүрген немере қыздарымда да бар. Үйренем дегенге үйретуден жалықпаймын. Мұндай өнерден кез-келген әйел адамның хабары болғаны дұрыс, ¬– дейді өнерлі ана.
Ал белсенділігі мүмкіндігі шектеулігіне қарамай би билеп, қоғам өміріне етене араласып жүрген Гүлсім атты немересіне қоныпты. Ерекше білім алуды қажет ететін оқушы болғанымен, қалааралық би мен қолөнер сайыстарының белсенді қатысушысы. (Кейіпкер туралы газеттің келесі нөмірінде толығырақ жазатын боламыз)
Қолы епті, өн бойы өнерге толы, алтын құрсақты анадан алар үлгі мол. Ол ауыл ішіндегі жас қыздарға әдептілік тәртібін үйретіп, арулар сайысында төрелік ететінін де тілге тиек етті. Өзгеден ерек өнегелі өмір иесі ақ батасын беріп, аналық тілегін жаудырып, шығарып салды.
ФИТНЕС КЛУБ ИЕСІ
Ауыл аралап жүргенде жаңадан бой көтерген кәсіпкерлік нысандардың көп екенін байқадық. Бірі – дүкен, енді бірі – шаштараз, бірі – тігін цехы. Ал біз аялдаған нысанның қызмет көрсету түрі мүлде бөлек. Ол – ауылдарда көп кездесе бермейтін, бірақ жоғары сұранысқа ие ¬фитнес клуб. Кәсіп иесі 22 жасар Арайлым Ермағамбетова. «Жас келсе іске» дегендей, жастығына қарамай өзгеше кәсіп иесі атанып отырған бойжеткеннің алға қойған мақсаты көп.
– Қыз бала болғандықтан фитнеске, жаттығу залына барып тұратынмын. Кейіннен мұндай қызмет түрін өзге де қыз-келіншектерге ұсынғым келді. Оған қоса мектепті бітіргеннен кейін Павлодар қаласында жоғарғы оқу орнына түстім. Ол мамандықтың менің қолым емес екенін түсінгеннен кейін жеке өзіме қызмет еткім келді. 2016 жылдан бастап жеке кәсіппен айналысамын. Осы бағытта кәсіпкерлік бөліміне барып, кеңес алдым. «Бастау бизнес» жобасы бойынша білімімді толықтырып, 505 000 теңге көлемінде грантқа ие болдым. Соның негізінде былтыр 15 желтоқсанда кәсібімді аштым. Бүгінде мұнда келушілер қатары көбейді. Тұрғындар күн сайын үйреніп келеді. Болашақта осы жерді кеңейтіп, қазіргіден де көбірек қызмет түрін ұсынғым келеді, – дейді жас кәсіпкер.
Мемлекеттің мұндай қолдауы жастарға үлкен көмек, әрі таптырмас мүмкіндік. Жас кәсіпкер өз қатарластарын қорықпай еңбек етуге үндейді. Адам жасаған нәрсе, келесі бір адамның да қолынан келетіні рас. Бірақ оған мұқалмас жігер, таусылмас төзім қажет. Асқан сабырлықпен еңбек еткен адамның жетістікке жетері хақ.
ОЗЫҚ ҰСТАЗ
Нұргүл Мылтықбаева – №279 мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі. 16 жылдан бері осы салада еңбек етеді. Бұл шебер ұстазбен ауданда өткен көрмеде таныс болғанбыз. Облыстық, аудандық көрмелердің тұрақты қатысушысы. Жастайынан қолөнер бұйымын жасауға қызыққан ол, өмір жолында осы бағытты жанына серік етіпті.
– Менің бойымдағы бұл қасиет анамман келген. Анам ауыл шебері еді. Текемет басудан алдына жан салмайтын. Осыны көріп өскеннен болар бұл сала жаныма жақын. Мектепте «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс істейді. Оған қызығушылық танытып, қолөнер бұйымдарын жасауға ниетті оқушылар қатары көп. Шәкірттерім түрлі сайыстан жүлделі оралуда. Ұстазға одан артық бақыт бар ма? Атап айтсам, Ажаркүл Кемалова (жүнмен жұмыс), Жамал Сабырова (лента, қағазбен жұмыс), Аружан Есманбетова (тоқыма бұйымдары), Асылым Нұрғали (ілмекпен тоқу) өз қолынан шыққан бұйымдарымен көпшілікті таңқалдыруда. Мектепте қолөнер саласына қызығушылық танытып, кейіннен дизайнерлік мамандықты таңдап, сол салада еңбек етіп жүрген шәкірттерім де бар, – дейді ол өз оқушыларын мақтан тұта.
Мектеп оқушылары кеудесінен ұлттық оюмен, фетр матадан жасалған эмблэманы көзіміз шалды. Оны көркем еңбек сабағында әр сынып өздеріне жасаған екен. Көркем еңбек кабинеті де ерекше жабдықталған. Мұнда қолөнер бұйымының сан түрі бар. Тоқыма, қағаз, жүн, фетр матасы, ши, моншақтан жасалған түрлі бұйым көздің жауын алады. Өте майда жұмыс болғандықтан оларды жасауға арнайы уақыт пен төзім керек. Қолмен жасалатын мұндай жұмыстар оқушылардың қол моторикасын дамытып, ойлау қабілетінің жақсаруына да әсер етеді. Оқушының ойын дамытумен қатар, әсем өнерге баулып жүрген ұстаздың еңбегі ерен. Нұргүл Әбілдақызының бұл ісі – қандай жұмысты болсын бар махаббатыңмен, асқан жауапкершілікпен жасасаң нәтижелі болатына айқын дәлел.
Ауызбіршілікті үндеп, тура жолға бастайтын ақсақалы, даналықтың үлгісі бола білген ардақты анасы, үлкеннің ақылын тыңдар, жаңалыққа жаны құмар, өнерлі жастары бар ауылдың болашағы жарқын болмақ. Бүгінде көрікті де құт мекенге айналған Ақай ауылдық округінен «Ел іші – өнер кеніші» деген сөздің дәлдігін ұғынып, жақсы әсермен сапарымызды аяқтадық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (суреттер)