» » Гүлнұрдың «гүлдері»

Гүлнұрдың «гүлдері»

ЖОСАЛЫ, 4 ақпан – qarmaqshy-tany.kz Бір отбасын түгел жұмыспен қамтып, бәріне табыс әкелетін кәсіпті кім армандамайды? Бірақ, армандау мен тәтті қиялды нақты іске асыру екі бөлек нәрсе. Қашанда бизнесті бастау қиын. Көп адам жүрексінеді. Тағы бір тобы қолынан іс келетініне, шаруасы дөңгелеп кетеріне күмәнмен қарайды. 
Қаңтардың орта тұсынан бері шалғай елді мекендер мен кент орталығында аудан, ауыл әкімдерінің есеп беру жиналысы өтті. Экономикамыздың артуына айтарлықтай сеп болған кәсіпкерлер жұмысына аудан әкімі Мұса Қалдарбеков берген бағасы оң. Тың дүниенің көзін тауып, жаңа жоба жүзеге асырғандарды тілге тиек, олардың тәуекелшілдігін өзгелерге үлгі етті. Ақтөбе ауылындағы жиында ауыл тұрғыны Гүлнұр Бодықованың есімін ерекше атады. Ол өз бизнесін бастаған жас кәсіпкерлер көшін бастап тұр.
Иә Гүлнұр Әлдешқызы ауыл тумасы. Негізгі мамандығы – филолог. Жоғары оқу орнын бітірген соң өзінен 4-5 жас үлкендігі бар Мейрамбек Бисековпен шаңырақ көтерген. 4 қызғалдақ өмірге әкеліп, жар мен баланың қас қабағын баққан жанның қолөнерге қызығушылығы кейін байқалыпты. Қолы қалт етсе құрақ құрап, көрпе тігетін ол қосымша мамандық меңгермекке тырысқан. Аудандық аграрлы-техникалық колледжден тігіншілік курс  оқыпты. Кейін «Бизнес бастау» сабағына қатысып, кәсіп ашуға ниет білдірген. «Қалауын тапса қар жанар» деген. Аз уақытта тігін шеберханасын ашуға бағытталған жобасы қолдау тауып, 250 мың теңгелік грант жеңіп алған. Ауыл тұрғындарынан тігін бұйымына тапсырыс қабылдап жүрген шебер ерекше дүние ойлап табуға бекінген. Нәтижесінде мата тектес қалың қағаздан жарықшам (светильник) гүлдер жасауға тоқталған. Арнайы Шымкент қаласына барып, жасалу жолын үйреніп келіпті. Мұндай ғажапты облыста бұрын соңды ешкім жасамаған. Тұрмысқа қолайлы, көздің жауын алар, әрі сәнді затты көргенде қызықпайтындар кемде-кем.  
– Халықтың сұранысы молайған сайын біздің ізденісіміз артады. Көпшіліктің сұранысымен Қызылорда қаласында осы гүлді жасауды үйрететін арнайы курс өткіздім. Оған қатысқан бірнеше қыз-келіншектің арасында 3 шәкіртім тұрақты айналысуда. Инстаграм желісінде парақшам бар. Онлайн, офлайн курстар жиі  жүргіземін, – дейді ол.
Гүл жасауда қызы Дильназдың қолқабысы бар. №109  орта мектептің 6 сыныбында оқитын епті қыз анасына көмекші. Технология пәні мұғалімі Қалампыр Мерекованың «Қолөнер» үйірмесінен сабақ алады. 
Жақында ғана "Адал ұрпақ - Мәңгілік ел болашағы" атты халықаралық балалармен жастар байқауында "Қол өнер" номинациясы бойынша І орынды жеңіп алып, Алматы қаласында өтетін жартылай финалға жолдама алды. Анасы мен қызы күніне 3-4 гүл жасайды. Гүлдің шағын түрі 5000, көлеміне, безендірілуіне қарай 10000, 15000 мыңға дейін саудаланады. Қазір қабырғаға ілер картинаның сан түрін әзірлеуге кіріскен. Мұндай бұйымдарға тойхана мен мейрамхана, сұлулық салонынан тапсырыс көп.
Жақында Гүлнұрдың гүлдерін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан «Ақсарай» кешеніндегі сауда орталығына қоюға ұсыныс түскен. Себебі жолаушы көп тоқтап, демалатын мекенде туристер жиі ат басын тірейді. Шетел азаматтары қасиетті өңір Қармақшыдан естелік болар кәдесыйлар іздейді. Сонда өзіміздің шеберлер қолынан шыққан дүниелерді ұсыну табылған ақыл емес пе?
Тағы бір қуантарлығы, Гүлнұрға кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы өткен жылдың қарашасында Түркістан облысында өткен белгілі кәсіпкерлер кездесуіне жолдама берген.
– Кездесуге барарда қатты қобалжыған. Ол жиынға табысты кәсіпкерлер, миллионер, миллиордерлер қатысты. Әлгі жиынға баруын барып, кәсібін енді бастаған ауыл келіншегінің азғантай табысы түкке тұрғысыз болар деп қысылдым. Алайда кездесуде олардың тым қарапайымдығы қайран қалдырды. Менің өз қолымнан жасалған жұмысыма қызығушылық білдіріп, «алған бетіңнен тайма» деген тілектерін айтты. Сол басқосу маған жігер сыйлап, кәсібімді еш қорықпай жалғастыруға дем берді. Үйдің ұсақ-түйек тірлігі ешқашан бітпейді. Өзім секілді қыз-келіншектердің бір сәтке сол бітпейтін шаруаны ысырып, сүйікті ісімен айналысқанын қалаймын. Себебі қазақтың қай баласы да  өнерлі. Іште жатқан көмулі алтынды қазып шығаруымыз керек. Қыздарға қай істе де пысықтық жарасады.   Замандастарымды батылдыққа, қайсарлыққа, табысты болуға шақырамын дейді, – жас кәсіпкер.
Айта кетсек, Гүлнұрдың онлайн курсына шетелдегі қандастарымыз да қатысқан. Күні кеше Нью-Йоркте тұратын Сара есімді апамыз гүл жасауды үйреткен ұстазына алғыс ретінде сыйлық жолдапты. Бұл шеберді тіпті шабыттандырған тәрізді.
Гүлнұрдың жұбайы Мейрамбек те алтын қолды азамат. О бастан жиһаз құрастыратын, ағаштан түйін түйетіні бар. Қазір облыстағы белгілі ұсталардың бірінің шеберлік сыныбына қатысып, тәжірибесін толықтыруда. Оймақ пішсе де, ойлап пішетін ерлі-зайыпты ауыл орталығынан шеберхана ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға ниетті.
Сөздің қысқасы Гүлнұрдың «гүлдері» күн санап құлпыра түсуде. 

Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)
04 ақпан 2020 ж. 1 019 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031