» » Ажырасу – абырой әкелмейді

Ажырасу – абырой әкелмейді

Адам баласы қанша уақыт жер бетінде тірлік жасап келеді. Өмір үздіксіз жалғасады, жаңарып тұрады. Атам қазақ өзін бұл дүниенің «қонағымын» деп білген. Уақытың келгенде кетесің. «Біреуге ерте, біреуге кеш» келетін тәңірдің үкімі бар. «Адам өзі мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» дейміз. Адамның жалғыз басы «жарты адам» деп бағаланған. Ол өз сыңарын тапқанда ғана «бүтінге» айналатынын әркім де біледі. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды», – дейді.
Мал ғана емес, жанның да көбеймейтіні бесенеден белгілі. Ал осы сезім, махаббат деп аталатын құдірет күштің адам баласының бойында жас шағында алғашқы белгілері пайда болады. Жақында үй жақта тұрсам, бастауыш сыныпта оқитын балалар болуы керек, төрт-бес кішкентай бала жол жиегіндегі төгілген құмда ойнап отыр екен. Ана сүті ауызынан кетпеген балалар ғой. Содан біреуі екіншісін сұқ саусағымен көрсетіп: «мынау, Әсемкүлді жақсы көреді», – демесі бар ма? Анаусы қызарақтап «өтірік айтады» деп жатыр. Бірақ, бет-жүзінен оған ренжігені байқалмайды, қайта ыржалақтап күле береді. Сол жерде менің де балалық шағым есіме түсіп, еріксіз езу тарттым. Кезінде біз де сыныпта оқитын балаларды бормен қабырғаға немесе алғашқы қар жауғанда қардың бетіне аттарын қыздарға жазып қосатынбыз. Ол біліп қойса, сені де бір қызға қосып екінші бір жерге жазып кетеді. Қайран, балалық! Менің айтайын дегенім бұл жай адам баласы есін білгеннен бастап жүрегінде жүретін, тынбай іздейтін, адамға ерекше бақыт сыйлайтын құдіретті құбылыс екендігі. Біздің өмірге келгендегі басты міндетіміз – шаңырақ көтеріп, ұрпақ өсіріп, сол арқылы әулет көшін, адамзат ғұмырын жалғау. Бұл – ең қасиетті ұғым, парасатты парыз.
Құдайға шүкір қазіргі кезеңде еліміз егемендік алып, тыныштық бесігіне бөленіп, әлемде өз орнын ойып алу үшін қарекет етуде. Ата-ана, ағайын болып күтетін жастарымыз бас қосып, үйлену тойы үздіксіз жалғасын тауып келеді. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» дегендей, барлық жиған-тергенін тойға шашып, әке-шешесі де баласынан ештеңені аянып қалмайды. Шыны керек, кейде бір жетіде бірнеше тойға шақыру келіп тұрады. Шақыру – той иелеріне, оған бару – саған міндет. Барасың. Керемет бай дастарқан, жүздері бал-бұл жанған жас жұбайлар, алғаусыз айтылған ақ тілектер, ән мен би, құшақ айқастырған құдаларды көресің. Бәрі тамаша! Оған көп қаржы кететіні де түсінікті. «Қарыздан да қатын ал, қатының қалар жаныңда» – деген ертеден келе жатқан сөз бар. Дұрыс қой. Бәрі де орнына келер, тәңірім несібесін берер.
Өкінішке орай, қазіргі таңда естіген адамды «әттеген-ай» дегізетін келеңсіз жағдай кең етек алып тұр. Ол – ертеде атамыз қазақта болмаған ажырасу деген әзәзіл, аты жаман әбжыландай болып тұр. Бұлай демеске амалың жоқ. Айдың күннің аманында құрылған шаңырақ ортасына түсіп, бала – тірі жетім, ана –жалғыз, әке отбасынан айрылып жатса, түсінген адамға қандай ауыр. Менің бұл тақырыпқа қалам тартуыма осы жағымсыз жағдайдың ойыма маза бермеуі себеп болды. Қызылорда облысы қазақ көп орналасқан, ата дәстүрді сақтап келе жатқан-ақ аймақ. Облыста бір жылда үйленген мен ажырасқанның санын байқап көрдім. Бір жылдың көрсеткіші бойынша 5649 жұп некелескен, ажырасқан саны – 1744 жанұя. Салыстырып көріңіз. Бір жылға шаққанда үйленгендердің үштен бірі қайта ажырасқанмен тең ғой. Бұл – көңіл көншітетін жағдай емес. Атамыз айтқандай емес. Қарыз қалып, қатын кетіп қалуды шығарды. Бұған не себеп?! Ойланып көрейік. Бізде оның өзіміз білетін басты себебін атайық.
Біріншіден, ұлдарымыз бен қыздарымызды жанұя құруға тәрбиелеу өз дәрежесінде емес. Жас кезінен қыздарға жеңгелері мен анасы алдағы жанұялық өмір туралы айтып, оның ерекшеліктері мен қиындықты жеңу жолын көрсетсе, отбасы құндылығын құлағына құйып үйретсе дұрыс болар еді. Осы жағдай жас кезінен санасына «код» болып енген қыздың жанұя бұзуы екіталай. Тамақ дайындау, кір жуу, үйді уақытылы жинау, іс тігу, тағы басқа әйелге тән жұмысты қызына үйрету анасының басты міндеті болуы керек. Жас шаңырақтың босағасын бекітіп, даңғыл жолға түсіп кетуі үшін екі жақтың да ата-анасы қолынан келген көмегін, ақылын аямауы тиіс. Құдалар әрқайсысы өз баласын жақтап дау шығаратын болса, онда жастардың болашағы бұзылады. Екі жасты бөліп қарамай, тең көріп, олардың келешегіне бірдей алаңдайтын болса, ата-анадан асып кететін бала жоқ. Осы жағдайда көбіне еститініміз «екі құдағи тату болса, жастар ешқайда кетпейді» деп жатады. О, ағайындар-ау, құдалар ше?! Үйдің иесі қай заманнан еркек емес пе? Ол өз баласының тағдырына қатыса алмаса, кім болғаны?! Егер, еркек ақылды болса, оның кесіп айтатын бір ауыз сөзі көп мәселені шешпей ме? Осы арада еркектер қауымы осалдық танытып жатқаны анық. Жұмыс жоқтық та ажырасудың бір себебі. Жұмыс болмаған соң, үйге табыс кірмейді, сосын шаңырақ шайқалады. Бірақ, бұл негізгі себебі емес, ерінбесе қазір жұмыс табуға болады. Жанұяң үшін Абай айтқандай «есектің артын жусаң да мал тап». Оған арланба. Ата-енесімен тұрғысы келмейтін келіндер де көптеп кездеседі. Бұл – үлкен қателік. Олар үшін ең жақын жан солар болуы керек емес пе? Бұл, енді дұрыс тәрбие алмаған адамнан шығатын әрекет. Одан басқа ертеңгі күні өзі де үлкендік жасқа жетпей ме? «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дегенді ұмытпау керек.
Ішімдікке үйір болу сияқты жағымсыз әрекеттер себебінен ажырасқан жұптардың салмағы артуда. «Отан – отбасынан басталады». Олай болса, өз шаңырағын қорғай алмаған азаматтың қоғамға да пайда алып келмейтіні түсінікті. Осыдан сақтану керек.
Ажырасудың басты себебін айттық. Қым-қуыт тірлікте біз айтпаған жайт та болуы мүмкін. Себептің салдары болатыны белгілі. Нәтижесінде шайқалған шаңырақ, желге ұшқан тағдыр. Қожанасыр қызын ұзатыпты. Содан жиналған ағайын-туыс қызын қимай, көздеріне жас алыпты. Сонда Қожанасыр:
– Жұрт қызымды қимай жылап тұрған шығар, ал мен барған жерінде бақытты болып, үйге қайтып келмесе екен деп жылап тұрмын,– деген екен. Шындық қой. Қысқа ғұмырда ата-ана үшін «Ұлын – ұяға, қызын – қияға» қондырғанға не жетсін.

Дастан Мырзабекұлы
19 қараша 2019 ж. 767 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031