» » "Несібелі" несие немесе "кешірілгендер" кімдер?

"Несібелі" несие немесе "кешірілгендер" кімдер?

Өсімпұлы шарықтаса, қатардан қалса қарыз алған өзінен өзге енді кімге ренжиді? Әрине, қажеттілік болғасын қарыз алады, тәуекелге барады. Қош. «Қасқыр қарызын терісімен төлейді». Қарызды күліп беріп, жұртты жылатып қайтарып алатын қаржы ұйымдарынан бірқатар ағайынды арашалап қалды бүгінгі біздің билік.

Биылғы жылдың басында берілген ақпаратта қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 6 триллион теңге делінген. Бұл сапта берешегін беруге қауқары бары қаншалықты көп болса, өкініштісі тігерге тұяғы жоқ жұрт та соншалықты. 26 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «несиемді төлеуге көмектессеңіз» деп өтініш жасайтын ағайынның аз емесін айтты. Мұқым елдің алдында үлкен міндет жүктеді Президент. Әлеуметтік осал топтың, оның ішінде көпбалалы, асыраушысынан айрылған отбасылар, мүгедек баланы бағып отырғандар мен кәмелет жасына толмай ата-анасынан айрылған жанның несиесін мемлекет өтейтінін, кейбірінің төлем қабылетін қалыпқа келтіру үшін несиесінің проценті мен үстемақысын алып тастайтынын жеткізген болатын. Одан бері екі ай өтті. Бұрын танымайтын нөмір хабарласса тұтқа көтермейтіні қалтафонға телмірумен болды. Себебі «несиемді кешір» деп банкке жүгінудің қажеті жоқ. Кімнің несиесі кешірілетінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі анықтайды. Жарлықта аталған санаттарға сәйкес келетін азаматтардың тізімін қалыптастырды. Бұл тізім Мемлекеттік кредиттік бюроға ұсынылады, ал ол екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен борышкерлер тізімін түзеп, берешек соманы есептеп, алынған ақпаратты Проблемалық несиелер қорына береді. Қор әрбір екінші деңгейлі банкпен және микроқаржы ұйымдарымен берешекті өтеу туралы келісім жасайды. Өтелгені жайында ақпарат ұялы телефонына СМС күйінде келеді.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті 110 мыңнан астам жеке тұлғаның 700 миллион теңге өсімпұлдан құтылғанын хабарлады.
5 қыркүйекке дейінгі мәліметке сәйкес, 114 849 қазақстандықтың, яки жеке тұлғаның 688,3 миллион теңгеге жуық өсімпұлы шығынға жазылған. Жыл басынан бері олар 2,9 миллиард теңге көлеміндегі негізгі қарызын төлеп келген. Акцияға шамамен 1,4 миллион адам қатысты. Бұл рақымшылыққа ілінетін азаматтар 13,9 миллиард теңге сомасындағы негізгі қарыздарын өтеген кезде олардың 6,3 миллиард теңге сомасындағы өсімпұлдары шығынға жазылатын болады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың мәліметінше бұл процестің қанша уақытқа созылатыны әзірге нақтыланбаған. Алайда бұл бір реттік акция екенін естен шығармаған абзал. Себебі әлеуметтік желіде көмек сұрағандар қатарында акцияны ести сала несие алып, төленгенін күткендері қаншама. Өтелетіні 2019 жылдың 1 маусымына дейін 3 миллион теңгеге дейін алынған тұтынушылық несиелер ғана.
Жақсылықтың жанында көлеңкесінің жүретіні әмбеге аян. Ондай қызық жағдай мұнда да кезікті. Мәселен, жұмыс істеуге қауқары бар, қаражаты жеткілікті адамның несиесі кешірілсе, оның қасында көпбалалы немесе әлеуметтік осал топқа жататын жанның үміті ақталмады. Ондай жағдайда 111 байланыс телефоны іске қосылып тұр.
Несиесі кешірілген азаматтар ауданда да бар. Әңгімеге тартқанымызбен газет бетіне атын жарқыратпауды өтінді. Біріне – ұят, енді бірі – өзін кедей көрсеткісі келмейді.
– Наурыз айында ақша қажет болды. Қазір қарызды ешкім сеніп бермейді. Амал жоқ банкке жүгіндім. «Каспий банктен» 180 мың теңге несие алдым. Тапқан-таянғаным балаларымнан артылмаса да уақытылы берешегімді өтеп отырдым. Президенттің Жарлығынан соң әрине, үміт болды. Араға көп уақыт салмай ұялы телефоныма СМС келді. Онда барлық ақша өтелгені, үстіндегі комиссиясы шегеріліп, төлеген артық соманы банктен барып алуыма болатынын жазыпты. 40 мың айлығымнан кредитке деп балаларымның аузынан жырып беріп отырғанымда мұндай жаңалықты есту бізді қатты қуантты, – дейді көпбалалы ана Жамал Айтбаева (аты-жөні өзгертілген).
Гүлнәр Тілепова (аты-жөні өзгертілген) – жалғысбасты ана. Көңілдің тоқтығынан емес, амалдың жоқтығынан қарыз алуға мәжбүр болыпты. Кімнің басына не келіп, не кетпейді? Жыл басында банктен 250 мың теңге несие алып, ұлының дәрі-дәрмегіне, еміне жұмсапты. Берілетін атаулы әлеуметтік көмек балаларының тамағынан, киім-кешегінен артылмаған соң берешегін өтеу қиынға соққан.
– Әрине, аспаннан ақша жаумайды. Алған соң – қайтару керек. Ай сайын дөңгеленіп келетін қарызды кешіктірмей өтеп отырдым. Оның үстіне алған несиемді ай сайын аз мөлшерде төлейтіндей етіп алғанмын. Отбасында отағасының болмағаны ауыр екен. Жығылғанда демеу болған бұл бастама жалғыз мені емес, мен секілді жандарға үміт сыйлағаны рас. Ендігі несиеге жоламаймын, – дейді ол.

Түйін
«Көшуден бұрын, керуен басыңды сайла. Қарыз алудан бұрын, береріңді ойла» дегенді қазақ айтқан. Қазір ақшаны қарыздай, техниканы заттай алуға мүмкіндік бар. Берешегін өтеген соң енді қайтып келмеймін десе де, «қу дүние жеткізбедіге» салады. Құжатын дайындап, банктен ақша алады. Ақыр соңы төлей алмай белшеден қарызға батады. Әрине, бұл кей ағайыннан басындағы жағдаят. Біз кедейшілікті мойындағымыз келмейді. Өтелмеген несие кедейлік демей немене? Демек өтелмеген несиенің өсімпұлы көбеймес үшін, кедейшілікпен күресуіміз қажет шығар?

Айнұр ӘЛИ


09 қазан 2019 ж. 748 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031