» » Сексен бестегі шаруа

Сексен бестегі шаруа

Тамыздан бастап «Бибінұр» базарының саудасы барынша қызып-ақ тұр. Көкше байлықты көгерте білгеннің күн, түн демей жұмыс істеп шаршап-шалдыққанын ұмыттыратын кезі де осы. Бұйырған өнімін елді мекеннен тасымалдап, халыққа қолжетімді бағада ұсыну біздің өңірде біраздан қалыптасқан дәстүр. Оның ішінде жергілікті тұрғындардың Төребай би ауылынан келетін қауын-қарбыз бен көкөнісіне сұраныс қашан да жоғары. Дәмі тіл үйіретін қара қауын мен иісі мұрынды жаратын торала әміре, шытырлақ қарбыздар қасынан өткен тұтынушыны өзіне қаратпай қоймайды.
Зейнет қай кезде де бейнетпен келген ғой. Онсыз өнбек жоқ. Қолың қимылдап, маңдайыңнан терің шыпшымай жұмырбастыға байлық қайдан келсін. Адал еңбек жеңбек үшін дегенді бекерге айттық па?! Диқан қауымға жеңіс те, жеміс те көктен емес, нәсібін тере білген жерден келеді. Жер ананың төсінен талай жыл талғажау айырып жүрген азаматтарымыз өңірде аз емес. Әсіресе аға буын өкілінің еселі еңбегін үлгі етіп айтуға тұрарлық. Сондай жанның бірі – әулетімен қоса бау-бақша егіп, көпке өнеге көрсетіп жүрген Жақсылық Жалғасбайұлы ақсақал.
Атамыз биыл сексен бесте. Жүзінен жылылық, бойынан қуаты кетпеген ардагер жеке қожалығындағы «Шабан ата» шаруа қожалығын 1999 жылдан бері басқарып келеді. Ол қашан да жастардың жанашыры, ауылдағы игі істің ұйытқысы. Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Аудандағы кәсіппен айналысушылардың алғашқысы. Сейсенбіде айтулы қожалыққа ат басын тіреп, ақылман ақсақалмен жолығудың сәті түсті.
Еңбек адамында ерекше қасиет болады. Іске мығым да сөзге сараң. Біз де ақсақалдың бойынан осыны байқадық. Бақша басындағы әңгімеміз көпке созылмаса да, аз-кем дидарласуда елдің қамын ойлайтынын, қолынан келсе жұртқа көмек бергісі келіп тұратынын аңғардық. Көп сөйлемеді. Артық қоспады. Төбеміз көрінісімен немересінің бірін қауын алып келуге жұмсауы – атамыздың көпті көргендігін танытса керек.
Ж.Жалғасбаев уақытында Ақтөбе ауылында партия ұйымының хатшысы, Жосалы кеңшарында 13 жылдай директор секілді қызметтерді атқарған. Зейнет демалысына шыққан соң бақша егуге бет бұрған. Бүгінде қожалықтың қарамағындағы 40 гектар жерге жоңышқа егілсе, 2 мәрте орылымнан 5 мың жоңышқа тайы жиналыпты. Бақшадан бөлек, қожалық мүйізді ірі қара ұстайды. 70 бастай сиыр бүгінде «Мақпалкөлде» жайлауда дейді ақсақал.
–Ес білгеннен көргенім еңбек. Отбасына күнкөріс керек. Нарыққа бейімделмесең несібең таяды. Демалысқа шыққан соң шаруаға ден қойып, бақша егуді де игере бастадық. Ауылдың тірлігі – мал мен бақша. Соған сай жылда нау­рыздан бастап шаруаға кірісеміз. Жер аударып, тұқым егуге дайындаймыз. Суаратын кезінде бақшаның басында өзім боламын.
Қажетті жұмысты балаларым істейді. 20 гектар жерге 20 адам бөлінген. Бәрі де өзімнің отбасы мүшелерім. Балаларым, немерелерім, жиендерім. Әрқайсысы жер бөліп алған. Әулетімізбен осындамыз. Олардан ақы алмаймын, тек қамқормын, – дейді марқая сөйлеген кейіпкеріміз.
Қожалыққа қарасты 450 гектар жердің 20 гектарына бақша егілген. Ардагердің айтуынша оның 12 гектары жыңғыл, сексеуіл өскен тоғай болыпты. Осындай алқапты бульдозермен аударып, бақшаға икемдеуде біраз бейнеттенген. Оның өз үйіне тиесілі 2 гектардың өнімі қазір толығымен көтерілген. Қауын мен қарбыздан бөлек сәбіз, жүгері, асқабақ, болгар бұрышы, қырыққабат, тағы басқасы Байқоңырға жөнелтіліп, сонда саудалануда.
– Ұрпақ айтқанды емес, сенен көргенді істейді. Көктемнен басталған бейнеттің қарымын қыстай көріп шығамыз. Еркін ішіп-жейсің. Қонағыңның қалта-құлтасына саласың. Табиғи өнімнің пайдасы көп. Дастарқанның сәні, қаражат үнемді. Ауысып жатса сатамыз. Бір айтарым – жастар еңбектенуі керек. Онсыз адам да, қоғам да өсіп-өнбейді. Заманға ысырып тастауға болмайды. Компьютер тамақ бола ма?! Уақытпен жүріп-тұрған жөн де шығар. Алайда ол саған алдыңа ас қоймайды. Осыны ұрпағымыз есінен шығармаса, – дейді Ж.Жалғасбаев.
Бақшаны аралап, қайтуға бағыт алғанда атамыздың немересі көліктің ішін қауынға толтырып қойыпты. Балаларына қуанып барсын деген болуы керек. Ал біз болсақ ел құрметтеген ақсақалдың батасын алғанға мәз болдық.
Түйін
Бұл заманда жалқаулыққа жол жоқ. Ерінбегенге мол нәсіп бар. Адамда ерік пен жігер болса жетпіс пен сексен, тіпті сексен бес жаста да халыққа қызмет етуге болады екен. Мұны біз «Шабан ата» шаруа қожалығына барғанда көзімізді жеткіздік.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
19 қыркүйек 2019 ж. 1 279 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031