» » Бүлдіршінге шаттық сыйлаған бөбекжай

Бүлдіршінге шаттық сыйлаған бөбекжай

Жазғы демалысты тәмамдап, санаулы күнде жаңа оқу жылына кірісеміз. Осы кездің өзінде аудандағы мектептер мен балабақшалар жаңа серпін, жаңа леппен жұмысқа белсене кірісіп кетті. Еңбектің елеп, ескерілгені кімге болсын абырой. Осы тұста білім бөлімінен жұртқа жария етуге тұрарлық, үлгілі балабақшаның бірін сұрадық. Білім бөлімінің білім беруді дамыту секторының бас маманы Мария Төрешова кент орталығындағы «Ертөстік» бөбекжай-бақшасын атады. Сәрсенбінің сәтті күнінде иығына аппаратын асынған фототілшімен бірге аталған бөбекжайға қарай бет алдық.
Е.Көшербаев көшесінің бойында орналасқан нысан келбеті алыстан көз тартады. Латын қарпімен «Qosh keldіńіzder» деген жазудың өзі рухани жаңғырудың алғашқы көрінісі. Ғимараттың алдыңғы қапталына тақта отырған хан, аттың үстіндегі жауынгер, ұлттық киім киген балалар суреті салынып, қазақтың ою-өрнегімен безендірілген. Қо­лында желбіреген көк туы бар ұл мен қыздың бейнесі патриоттық сезімді оятары хақ. Балақайлар мекенінің табалдырығынан ат­тағаннан-ақ ерекше жайлылық сезімге еніп, балаға деген мейірім мен махаббаттың арта түскенін қалай жасырайық. Бірдей формада киініп, ілтипатпен сәлемдескен қызметкерлерге қарап баланың бабын тапқан, білімнің шамын жаққандар осындай-ақ болсын дейсің. Балабақша жайлы әңгіме бастамас бұрын аталған алтын ұяның меңгерушісі Айткүл Әбжалиқызының еңбегіне тоқталу ләзім. Ұзақ жылдан бері өлшеусіз еңбек етіп, талай маманға тәлімгер болған жанды қармақшылықтарға таныстырудың қажеті аз. Оған осы елдің еңкейген қариясы батасын берсе, еңбектеген баласы құшағын жая жүгіреді.
Қоғамға қай кезде де қолынан іс келетін, алысты болжайтын, сөзі мен ісі қабысып жататын басшылар керек. Ел игілігіне бағытталар кез келген шаруаның ұйытқысы болу, ұжымдағы мамандардың білек сыбана, бірлесе, жұмыла іс атқаруы да осындай басшыларға байланысты. Сонда ғана ұжымның ісі берекелі болмақ. Бөбекжайдың әр мүшесінің қабілет-қарымын тамыршыдай дөп басып, бағамдай білу ортақ істің оңғарылуына себепші. Шеберлік деңгейіне жету жолында балабақша басшысы қаншама тер төкті.
Балабақша негізі 1998 жылы құрылған. Алғашында 2 топ болып ашылыпты. Айткүл Әбжалиқызы Амандық, Сайлаукүл, Шолпан есімді көргені көп, түйгені мол апай­лардың жанынан бір елі қалмай, қызметтің қыр-сырын мең­герген. 2006 жылдан бастап осы балабақшаға меңгерушілік етіп келеді.
– Аудандағы барлық бала­бақ­шамен тығыз қарым қатынаста тәжірибе алмасып, бір-бірімізге көмектесіп жү­ретінбіз. Сол кездері білім бөліміне басшылық еткен Дастан Нәзікбаев нағыз шығармашыл жан.
Рухани дүниеге баса назар аударды. Маманға жұмысқа деген жігер сыйлайтын. Патриот болуға баулитын. Рухани күш бе­ретін түрлі шаралар өтті, – дейді өткенге шегініс жасаған ол. Ауданға белгілі «Арай», «Балбөбек», «Қармақшы» балабақшалары тоқырау заманында тарап кеткен.
Аталған бөбекжайда еңбек еткен ұстаздар мен ардагерлерді «Ме­кемеміз жабылып қалған» дегізбей, өз балабақшасының ардагері ретінде есепке қоюы басшының көрегенділігін көрсетеді. Әрбір мерекеде оларға дас­тарқан жайып, бүлдіршіндер ән мен жырдан шашу шашып, сый-сияпат жасайды. Биыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Есдәулетовпен бірлесіп, аудандық деңгейде кездесу кешін ұйымдастырған. Онда балабақшаның 19 ардагерін «Ардагер айнасы» газетіне жазып, түбіртегін сыйға тартыпты. Жоғарыда айтқанымыздай балабақша ұжымы кешеге дейін 2 топ, 50 баламен ғана жұмыс істесе, 2017 жылы заманауи үлгімен салынған жарық та жылы орында қазір 90 бала тәрбиеленуде.
– Балалар мекенінің іргесін қа­лағанда қуанышымызда шек болмады. Ұжым мүшелері, ата-аналармен бірге келіп бата алып, шашу шашып осыннан табылдық. Ашылу салтанатына Е.Сағынтаев пен Қ.Көшербаевтың қатысуы біз үшін мақтаныш, – дейді Айтгүл Әбжалиқызы қуанышпен.
Тәрбие мен білімді ұштастыра білетін бөбекжайда әдіскер-психолог Жұлдызай Таженова, Ұшыға Рахатова, Құндызай Досжанова, Нұргүл Ұзақбаева, Гүлнұр Мыханова, Айгүл Қорабаева, Тұраргүл Тасболатова, Аманкүл Уатаева сияқты тәжірибелі тәрбиешілер еңбек етеді. Олар­дың әр оқу-жаттығуы «ТРИЗ» технологиясы, «Зайцев кубиктері», «Ойын», «Тәй-тәй» технологиясының элемент­терімен кіріктіріліп, саяхат, тренинг, драмалық сахналандырылған, ұлттық дидактикалық тапсырмалармен үйлесімділік тапқан. Тәрбиеші көмекшілері Тұрсын Қодарова, Роза Бегімбаева, Сандуғаш Төлепбергенова, Саякүл Наурызбаевалар балалармен мейірімді қарым-қатынаста болып, уақытылы, дұрыс тамақтануына айрықша көңіл бөледі. Музыкант Нұризат Жалғасбаеваның жасақтаған ансамблі кішкентайларды ұлттық аспаптарды тануға машықтандырса, дене тәрбиесінің нұсқаушысы, жас маман Малика Мухамедьярованың “Каратэ» үйірмесі шымыр болуға баулиды. №121 мектеп ұжымымен мектеп директоры мен бөбекжай-бақша меңгерушісі өзара бірлесіп жұмыс жүргізеді. Бүлдіршіндер мектептегі Ә.Егізбаев ескерткішіне, спорт зал, сыныптарға, мектеп кітапханасына серуендеп, бас­тауыш сыныбының ұстаздарымен, оқушылармен кездесіп, өз өнерін көрсетіп, бітіруші түлектермен естелік суретке түседі. Жыл сайын мамыр айында мәдениет үйінде шығармашылық концерт өткізуді дәстүрге айнал­дырған. Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында өткен дәстүрлі «Бал бала» облыстық байқауының 10 жылдық мерейтойына осы балабақшадан 24 бүлдіршін қатысты. Ізденімпаздықпен өнер көрсеткені үшін балалар Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаевтың диплом, алғыс хатымен марапатталған. 2017 жылы өткен аудандық «Қыз сыны» байқауына тәрбиеші Айгүл Қорабаева қатысып, ІІ орын иеленсе, былтыр аудандық келіндер сайысында психолог Назгүл Сайлауова ІІ орын алып, тәрбиеші Бота Сыздықова «Көрермен көзайымы» атанған. Биыл мәдениет үйінде өткен «Пай-пай қазақтың келіндері-ай» сайысына екі бірдей тәрбиеші қатысып, 5 баланың анасы Ақмарал Тоқтарова «Көрермен көзайымы», егіз қызғалдағы бар 4 баланың анасы Жарқынай Кабилова ІІ орынмен марапатталғанына куә болдық. Балабақша меңгерушісінің үкілеп додаға қосқан тәрбиешілерінің жанына жалау боп жүргені көпті сүйсінткен сонда. Бөбекжайда ең­бек ететін мамандардың дені жастар. Ата-аналардың 80 проценті де солай. «Жас­тар жылына» орай Әділ Ыбрахиммен бірлесіп, аудандағы барлық балабақша жас мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырған. Онда бүлдіршіндер өз өнерін көрсетіп, «өскенде біз де сіздей боламыз» деп аға-әпкелерін үлгі ететінін байқатқан.
Бөбекжай педагогтары ата-аналармен бірігіп, бүлдіршіндерді Қорқыт ата кешеніне, этнопаркке, музей, жыраулар үйі, балалар кітапханасы, саябақтарға, өрт сөндіру бөлімі, шаштараз, мектеп сынды әсем жерлерге саяхат жасайды.
– Жаңа ғимаратта бар жағдай жасалған. Балалар бұрын ескі әрі тар ғимарат болған соң жазылып ойнай алмайтын. Қазір әр топта оқу зал, жайлы да жарық жатын бөлме, жуынатын орын, ыдыс-аяқ жуатын бөлме бар. Тағамның сапасына назар ерекше қойылады. Мұнда тағам тек сиыр еті, қолдан кесілген кеспелермен да­йындалады. Самса, бәліш, тоқаш сатып алынбайды. Асханадан шыққан дәмді астың иісі танауды жарады. Барлық құрал-сайманы соңғы технологиямен. Компот, шырындар жасайтын, пирог пен кекс пісіретін пеш, блендрге дейін бар. Балалардан «мың алғыс» алып жүрген аспазшы апайлар Гүлсара Бұхарова мен Манат Еркебаева ерекше дәмді тағамдармен балаларды қуанта бермек, – дейді әдіскер Нұргүл Ұзақбаева.
Дәрігер бөлмесі де талапқа сай. Дәрі-дәрмек сақтайтын және ауырған балаға ем-дом жүргізетін арнайы бөлме бар. Бала ауырғанда көрсетілетін алғашқы көмек, қажетті дәрі-дәрмек толық қамтылған. Медбике Гүлзира Рысбаева тәжірибелі маман. 10 күндік ас мәзірін жасап, бала денсаулығы мен тазалығына жете мән береді. Атап айтарлығы, соңғы бес жылда байқаусызда құлап, жарақаттанған, түрлі жұқпалы аурумен ауырғаны тіркелмеген. Бұл медбикенің тия­­нақтылығы мен тәрбиешінің қырағылығының арқасы.
Балабақшаның безендірілуі тіпті өзгеше. Ол шығармашылық қиялдың шексіздігін көрсетеді. Топтарды аралап, балалармен танысқанда ән айтып, би билегені, тіпті Абайдың 175 жылдығына байланысты өлең жаттағандар кезікті. Әр кабинетке кірерде қандай топ екенін анық аңғаруға болады. Мысалы «Күншуақ» ересек тобы. Мұндағы тақталар кітап үлгісімен жасалған. Мектепке дайындықты білдіреді. Тәрбиеші көмекшісінің жанына балақайлардан күніне екі кезекші қойылады. Бұл үлкенге қолқабыс етуге баулиды.
– 2 жастағы балалар тобы былтыр ашылды. Тілі енді шыққан балаға қалай тақпақ пен өлең үйретеміз деп ойладық. Шығармашылық кеште 2 жастағы 4 бүлдіршін сахнада ән айтқанда өзіміз таңқалдық. Баланың ақыл-ойы зерек. Үйреткенді, көрсеткенді тез ұғып алады. Тек жақсы іске қалыптастырса болды. Шығармашылық концертке «Сардарбек» балабақшасының меңгерушісі Т.Желдербаева қатысып, «Қоғам ТВ» арнасына түсіруге демеуші болды. Бір апта бойы балаларын теледидардан көрген ата-аналар көпке дейін қуанышын айтып жүрді. Кейде осындай байқауларға киім тіктіру қажет болады. Бір бала бірнеше сайысқа қатысуға тура келеді. Сонда ата-аналармен кездесіп, түсіндіріп айтамыз. Қуанбаса, реніш білдіретіндер жоқ. Әсіресе әжелеріміз белсенді, – дейді тәрбиеші Ұшыға Рахатова.
Байқағанымыз басшыдан бастап барлық ұжым қызметкері, балалар, ата-аналар елжанды.
– Сенбілікті жиі ұйымдастырамыз. Айналаға тек жеміс ағаштарын отыр­ғыздық. Бәрі жайқалып тұр. Аула сыпырушы Мұхан Олжабайұлы болмаса жан-жағымыз осындай жинақы болмас еді. Жұмысына тиянақты азамат отырғызылған ағашты баптап, су құйып, жасыл-желекке көмкерем деп әлек. Ғимарат күтушісі Жасұлан Ембергенов – суретші. Көркі көз тартар бейнелердің бәрі осы азаматтың туындысы. 2017 жылы ұжым атынан «ЭКСПО» көрмесіне қатысып, шығармашылығына шабыт қосып келді, – дейді әр қызметкердің еңбегін бағалайтын басшы.
Өткен оқу жылында бөбекжай-бақшадан 2 топ түлеп ұшқан. Баланың тең жартысы 1 тамызда жаңадан қабылданған. Сондықтан тәрбиешілер уақытпен санаспай, күні бойы жұмыс орнынан табылып, танысу, баланың бейімін байқау жұмысын жүргізуде. Балаға бір күн ғана түсіндіріп, ертеңіне нәтиже сұрау артық. Күн сайын үйретіп, айтып, көрсетіп отырғанда ғана дағды қалыптасады. Басшы да тәрбишілер мен ұжым қызметкерлеріне ішкі ере­же мен тәртіпті жиі айтып отырудан жалықпайды. Президенттің тамыз мәслихатына қатысып, мұғалім мәр­тебесін көтеру, әсіресе балабақша ісін жетілдіруді қолға алғаны ұжым мүшелеріне серпін сыйлаған.
– Жалақының артуы да еңбекке деген құлшынысты көбейтті, – деп қуанады олар.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
26 тамыз 2019 ж. 1 210 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Ақсұлу
29 желтоқсан 2024 ж. 64
СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

20 қараша 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031