Жас дарынның жарқын жолы
Тегінде адам баласын даралайтын – оның бойындағы нақыл сөзі, терең білімі, биік ары мен көркем мінезі. Бұл туралы Абай Құнанбайұлы айтқан тағылымды ой ешқашан өз маңызын жоғалтқан емес. Ұлы ойшыл атап өткен осы асыл қасиеттердің арқасында бүгінде жас болса да жетістігімен танылып жүрген дарынды шәкірттердің бірі – Гүлсая Ахметова.Ол – Тұрмағамбет ауылындағы Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Білімге деген құштарлығымен дараланған озат шәкірт, «Алтын белгіге» үміткер. Өзінің табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында биік белестерді бағындыруға нық қадам басып келеді. Жақында Тараз қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 9-11 сынып оқушылары арасында өткен пәндік олимапиаданың республикалық кезеңінде дарынды жас жеңімпаздар қатарынан көрініп, ІІ орынды иеленді. Сонымен қатар жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пәндік олимпиаданың республикалық кезеңінде көрсеткен үздік нәтижелері үшін «Үздік ауыл мектебінің оқушысы – 2026» атағы берілді.
Әдебиетке қызығушылығы туралы сұрағанымызда ол: «Пән мұғалімі Роза Алдамұратова апайымның әр сабағы әдебиетке деген қызығушылығымды оятып, сөз өнерінің терең сырын түсінуге жол ашты. Әрбір өткен тақырып, талданған шығарма ойлануға, өз пікірімді қалыптастыруға жетеледі. Соның нәтижесінде әдебиетті тек пән ретінде емес, рухани байлығымның бір бөлігі ретінде қабылдай бастадым. 8-сыныптан бастап түрлі олимпиадаларға қатысып, білімімді шыңдауға мүмкіндік алдым. Бұл байқаулар ізденуге, көп оқуға, өзімді дамытуға үйретті. Әрбір жарыс үлкен тәжірибе алаңы болып, жауапкершілік пен табандылықты қалыптастырды. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келеді. Осы мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етіп, терең білім алып, өз ісінің шебер маманы болсам деймін. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге өз үлесімді қосып, жас ұрпаққа ана тіліміздің байлығын, көркемдігін жеткізуді мақсат етемін» дейді.
Оның жетістікке жету жолында ұстазының еңбегі ерекше. 5-сыныптан әдебиетке баулыған Роза Алдамұратова – өз ісіне шын берілген, шәкірт жүрегіне жол таба білетін білікті ұстаз. Ол әр сабағын мазмұнды да әсерлі өткізіп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға бар күш-жігерін салады. Ұстазының бағыт-бағдары мен қолдауының арқасында Гүлсая өз қабілетін шыңдап, биік белестерді бағындыруда.
Гүлсаяның Абай мұрасына деген ерекше ықыласы оның білім көкжиегінің кеңдігін айқын аңғартады. Ол хәкімнің 120-дан астам өлеңі мен 15-ке жуық қара сөзін жатқа меңгеріп, ұлы ойшылдың рухани әлемін терең түсінуге ұмтылып келеді. Бұл қызығушылығы түрлі байқаулардағы жарқын жетістіктерімен де дәлелдене түсуде. Айталық, 2024 жылы «Абай оқуларының» аудандық кезеңде І орын, облыстық кезеңде «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша ІІ орын алса, республикалық кезеңде І дәрежелі диплом иеленді. Ал 2025 жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы» халықаралық челленджінде белсенділігі мен жоғары нәтижесі үшін арнайы дипломмен марапатталды. Бұл жетістіктер – оның Абай шығармашылығына деген шынайы сүйіспеншілігі мен табанды еңбегінің айқын көрінісі.
– Гүлсая – ізденімпаздығы мен талапшылдығы қатар өрілген шәкірт. Ол сабырлы мінезімен ерекшеленіп, әрбір тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарап, ыждаһаттылықпен орындайды. Білімді үстірт қабылдамай, әр тақырыптың мәніне терең бойлап, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Кітапқа деген сүйіспеншілігі, құштарлығы оны жаңа белестерге жетелеп, ой-өрісінің кеңеюіне жол ашады. Осындай табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында ол өз қатарынан озық көрініп, болашағынан зор үміт күттіретін дарынды оқушы ретінде танылып келеді, ؘ– дейді ұстазы Роза Алдамұратова.
Гүлсаяның әрбір жетістігінің түбінде тынымсыз еңбек, шынайы ынта мен айқын мақсат жатыр. Ол бүгінгі ізденісі мен табандылығы арқылы өз болашағына берік негіз қалауда. Осындай білімге адал, рухани бай, жігерлі жастар көбейген сайын ел ертеңі де нық болмақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ














