Елордада Highvill кешенінің төбесіне баспалдақпен жүгіруден жарыс өтеді
Астанада 9 қыркүйекте Highvill Skyrunning шарасы өтеді. Ереже бойынша қатысушылар 34 қабатты тұрғын үйдің ең биік нүктесіне баспалдақ арқылы жүгіріп шығуы тиіс.
Жарыста ер азаматтармен қатар нәзік жандылар да бақ сынайды. Оқ бойы озып шыққан жеңімпаздарға қаржылай марапат табысталады.
Биылғы додаға қатысуға 300-ден астам адам өтініш білдірген. Олардың қатарында елорда тұрғындарынан бөлек Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Орал және Петропавл азаматтары бар.
Данияр Ахметов, шараға қатысушы:
- Біздің ұжым мұндай шараларға әрдайым белсенді қатысады. Сондықтан биыл мен де осы додада бақ сынауға бел будым. Өз мүмкіндіктерімізді ғана тексеріп қоймай, қайырымдылық шарасы ретінде кішкентай бүлдіршіндерге көмек көрсетеміз.
Спорттық шара елордада екінші мәрте өткізіліп жатыр. Басты мақсат - тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спортқа деген қызығушылықты арттыру. Алдағы уақытта бұл жарыс жаңадан бой көтерген «Хайвил Есіл» тұрғын үй кешенінде өткізілуі мүмкін.
Канг Джон Дэ, «Highvill-Kazakhstan» компаниясының бас директоры:
- Біз Қазақстанда жұмыс істеп жатқанымызға 14 жылдан асты. Біздің компанияға сенім артып, тұрғын үйлерімізге қаржы құйған клиенттеріміз де баршылық. Қазіргі уақытта «Хайвил Есіл» тұрғын үйінен пәтерлер сату науқаны басталды. Жақын арада тағы бір нысанның құрылысы аяқталады.
Додаға қатысуға ниетті азаматтар алдымен қайырымдылық жарнасын енгізуі тиіс. Алғашқы жарнадан жиналған қаржы жетім немесе мүмкіндігі шеклеулі, сондай-ақ көп балалы үйлердің бүлдіршіндеріне жолданады. «Мектепке жол» бағдарламасы аясында арнайы сауда орталықтарынан оқу жылына қажетті барлық жабдықтарды алуға мүмкіндік бар.
24.kz