Бразилияда президент сайлауының қорытындысы жарияланды
Бразилияда президент сайлауының екінші кезеңі аяқталды. Жоғарғы сайлау соты дауыстарды санау жұмысын тәмамдады. Барлық хаттама, яғни 100% дауыс қорытындысы есептелгеннен кейін қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силва қайта сайланғаны белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сайлаудың екінші кезеңіне қатысу көрсеткіші 80,78% болды. Солшыл Еңбекшілер партиясынан үміткер Лула да Силва сайлаушылар дауысының 51,79%-ын жинады. Ал оның қарсыласы, оңшыл оппозиция өкілі, сенатор Флавиу Болсонару 48,21% дауыс алды. Ол дауыс беру уақытын екі сағатқа ұзарту туралы сот шешіміне байланысты сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартты.
Лула да Силва бірінші кезеңде қарсыласынан кейін қалып қойғанына қарамастан, президент сайлауында жеңіске жетті. Бразилияның қазіргі тарихында мұндай нәтижеге бұған дейін ешбір саясаткер қол жеткізбеген.
Президенттің ұлықтау рәсімі 2027 жылғы қаңтарда өтеді. Сол кезде Лула да Силва 81 жасқа толады. CNN Brasil басылымының хабарлауынша, ол Бразилия тарихындағы ең жасы үлкен президент атанбақ. Сондай-ақ ол елдің ең жоғары мемлекеттік лауазымына төртінші рет сайланған алғашқы саясаткер болады.












