АҚШ-тың 8 штаты ChatGPT әзірлеушісін сотқа берді
Айова штатының бас прокуроры Бренна Берд OpenAI компаниясына қарсы сотқа талап-арыз берілгенін мәлімдеді. Ол компанияны балаларға зиян келтірді, ата-аналарды алдады және штаттың тұтынушыларды алдауға қарсы заңын бұзды деп айыптады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы штаттың бас прокуроры кеңсесінің баспасөз қызметі мәлімдеген.
OpenAI компаниясына қарсы жеке талап-арыздар Айдахо, Аризона, Арканзас, Батыс Вирджиния, Канзас, Монтана және Небраска штаттарында да берілген.
«OpenAI балаларға зиян келтіріп, Айова тұрғындарына өтірік айтып отыр. Компания ChatGPT-дің қауіпсіз екенін мәлімдегенімен, ол қауіпті медициналық кеңестер береді, адамдарды өзгелерге зиян келтіруге итермелейді және өз-өзіне қол жұмсау жолдарын нұсқайды. Мұның бәрі пайдаланушыларға жалған дос болып көріну арқылы жүзеге асады. Менің талап-арызым балаларымызды қорғауға және OpenAI компаниясын штатымыздың заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартуға бағытталған», деді Берд.
Бас прокурор кеңсесінің мәліметінше, OpenAI пайдаланушыларды ChatGPT-дің қауіпсіздігіне қатысты жаңылыстырған. Сондай-ақ кеңсе чат-боттың сыни ойлау қабілетіне кері әсер ететінін, паранойя мен сандырақ күйді күшейтуі мүмкін екенін, қауіпті медициналық кеңестер беретінін және мінез-құлық пен қарым-қатынаста зиянды үлгілердің қалыптасуына ықпал ететінін көрсететін зерттеулерге сілтеме жасаған.
Бренна Берд OpenAI компаниясын штаттың тұтынушыларды алдауға қарсы заңын сақтауға міндеттеуді, талап қоюшы тарап қауіпті деп санайтын әрекеттерді тоқтатуды және бас прокурордың пайымдауынша, компанияның іс-әрекетінен зардап шеккен штат тұрғындарының құқықтарын қалпына келтіруді талап етті.
















