ЖАПОНИЯ: ҚАУІПСІЗ ЕЛДІҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕГІ СТАЛКИНГ
Жапония әлемге қауіпсіздігімен, тәртібімен және жоғары технологияларымен танымал мемлекет ретінде белгілі. Көшелері тыныш, қоғамдық тәртібі қатаң сақталатын ел, жиі үлгі ретінде айтылады. Алайда осы «идеал қауіпсіздік бейнесінің» артында қоғамды алаңдатқан үнсіз қауіп – сталкинг мәселесі. Соңғы жылдары бұл құбылыс елдегі ең өзекті әлеуметтік проблемалардың біріне айналып отыр.
Статистикаға сүйенсек, жағдай алаңдатарлық деңгейге жеткен. Жапонияның Ұлттық полиция агенттігінің мәліметтері бойынша, 2024 жылы сталкингке байланысты қылмыстық істер саны 24,1 пайызға өсіп, 1341 іс қозғалған. Сонымен қатар қорғау ордерін беру көрсеткіші 2415 жағдайды құраған. Ал өткен жылы полицияға түскен шағымдар саны 22 881-ге жетіп, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Ресми тіркелген істер саны 3717-ге жетіп, 2000 жылы антисталкинг заңы қабылданғаннан бергі ең жоғары деңгей тіркелді.
Мәселенің күрделене түсуіне технологиялық даму әсер етуде. Бұрын сталкерлер жәбірленушіні жеке бақылаумен шектелсе, бүгінде смартфондар, GPS-трекерлер, әлеуметтік желілер және жасырын бақылау құрылғылары арқылы адамдардың орналасқан жерін оңай анықтай алады. Былтыр ғана смартфондар мен электронды бақылау құрылғылары арқылы жасалған аңду оқиғаларының саны 679 жағдайға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Кей жағдайда – құқық қорғау органдары қауіп-қатерді дер кезінде бағаламауы сеп болуда. Жапонияда соңғы жылдары қоғамда үлкен резонанс тудырған бірнеше қылмыстық оқиға орын алды. Кейбір құрбандар полицияға бірнеше рет жүгінгенімен, қажетті қорғаныс шаралары уақытында қабылданбаған жағдайлар тіркелді. Бұл қоғамда полиция жұмысына қатысты сынның күшеюіне себеп болды.
Әсіресе әйелдер, бұрынғы серіктестерінен зардап шегетін азаматтар, танымал тұлғалар мен блогерлер қауіп-қатерге жиі ұшырайды. Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, жапондық танымал адамдар арасында онлайн қудалау мен аңду кең таралған құбылысқа айналған. Әлеуметтік желілердегі ақпараттың ашықтығы сталкерлерге жаңа мүмкіндіктер беріп отыр.
Мемлекет бұл мәселемен күресу үшін заңнаманы үнемі күшейтіп келеді. Антисталкинг заңы бірнеше рет жаңартылып, интернет арқылы қудалау, GPS құрылғыларын заңсыз пайдалану және әлеуметтік желілердегі аңду әрекеттері де заң аясында қарастырылып, жәбірленушілерді уақытша қауіпсіз орындарға орналастыру сияқты жаңа қорғаныс шараларын енгізіп жатыр. Бұл – цифрлық дәуірде адамның жеке өміріне қол сұғу, психологиялық қысым көрсету және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Технология дамыған сайын сталкингтің де жаңа түрлері пайда болуда.
Соңғы жылдары бірнеше оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Сайтама оқиғасы көптің есінде болар. Жас әйел бұрынғы танысы тарапынан ұзақ уақыт бойы қудалауға ұшыраған. Ол үнемі хабарлама жіберіп, оның күнделікті қозғалысын бақылап отырған. Жәбірленуші бірнеше рет полицияға жүгінгенімен, жағдайдың қауіптілігі толық бағаланбаған. Нәтижесінде бұл немқұрайлылық қайғылы оқиғаға айналып, әйел адам қаза тапты. Бұл іс Жапонияда 2000 жылғы Anti-Stalking Law (Stalker Control Law) қабылдануына тікелей әсер етті. 2016 жылы Токиода болған Маю Томита ісі әлеуметтік желі дәуіріндегі сталкингтің қаншалықты қауіпті екенін айқын көрсеткен оқиғалардың бірі болды. 20 жастағы әнші әрі актриса Маю Томита ұзақ уақыт бойы бір жанкүйер тарапынан қудалауға ұшырайды. Қылмыскер оны әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде бақылап, қорқыту сипатындағы хабарламалар жіберіп отырған. Жәбірленуші бұл жағдай туралы бірнеше рет құқық қорғау органдарына хабар бергенімен, қауіп толық деңгейде тоқтатылмаған. Сол жылы оқиға күрт ушығып, ер адам Томитаға сахнаға шығар алдында суық қарумен шабуыл жасайды. Нәтижесінде ол ауыр жарақат алып, бірақ дәрігерлердің араласуымен аман қалады.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, сталкингтің тек физикалық емес, желі кеңістігінде де қауіпті қылмысқа айналатынын көрсетті. Осы іс кейін Жапонияда онлайн қудалау мен әлеуметтік желі арқылы сталкингті құқықтық тұрғыдан қатаң қарастыруға және нақты әрі ауыр салдарын көрсеткен маңызды оқиға ретінде тарихта қалды. Келесі Кавасаки қайғылы оқиғасы. Ол 2019 жылы орын алған-ды.
Оқиға барысында 11 жасар мектеп оқушы қыз бен 34 жастағы әйел қаза тапты. Олар таңғы уақытта мектепке және күнделікті жұмыстарына бара жатқан сәтте қоғамдық орын маңында шабуылға ұшыраған. Қылмыскер ер адам аңду арқылы жақындап, суық қарумен шабуыл жасаған, шабуылдан кейін күдікті ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Алайда, бұл жағдайдың салдары қоғам үшін әлдеқайда ауыр болды. Бұл оқиғаның ең басты ерекшелігі – қылмыскердің мінез-құлқында бұған дейін де қауіпті белгілер болғаны туралы ақпараттардың айтылуы. Соған қарамастан, оның әрекеттеріне жеткілікті деңгейде алдын алу бақылауы жасалмаған деген пікірлер қоғамда кең тарады.
Кавасаки оқиғасы Жапонияда тек бір күндік қайғылы жағдай ретінде емес, қауіпсіздік жүйесін қайта бағалауға түрткі болған маңызды әлеуметтік белгі ретінде қарастырылады. Осы оқиғаларды байланыстыратын жалғыз сұрақ: «Неге қауіп бар екені белгілі бола тұра, ол тоқтатылмады?».
Бұл оқиғалардың көпшілігі алдын ала тоқтатылуы мүмкін еді. Бірақ үнсіз қауіп уақыт өте келе қайғылы шындыққа айналды.
Енді өз елімізге келер болсақ, Қазақстанда сталкинг мәселесі соңғы жылдары ғана жеке құқықтық құбылыс ретінде қарастырыла бастады. Бұған дейін мұндай әрекеттер нақты бір баппен емес, көбіне бұзақылық немесе әкімшілік құқықбұзушылық ретінде бағаланып келген.
2025 жылдан бастап еліміздің қылмыстық заңнамасына сталкинг ұғымы енгізіліп, ол алғаш рет дербес қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Жаңа құқықтық нормаға сәйкес, адамның еркінен тыс оны жүйелі түрде аңду, қудалау, психологиялық қысым көрсету әрекеттері заңмен жазаланатын әрекет ретінде қарастырылады. Сталкингке әлеуметтік желілер арқылы бақылау жасау, тұрақты хабарлама жіберу, телефон арқылы мазалау, сондай-ақ адамның жүрген жерін рұқсатсыз қадағалау сияқты әрекеттер кіреді. Бұл тек физикалық қудалау ғана емес, интернет желісі арқылы бақылау мен қысымды да қамтиды. Осылайша, Қазақстанда сталкингке қарсы құқықтық нормалар қалыптасу үстінде. Жапонияда болған оқиғалар сталкингтің қаншалықты ауыр салдарға әкелетінін айқын көрсетеді. Сайтама, Токио және Кавасаки сияқты жағдайлардан байқағанымыздай, қауіптің алғашқы белгілері дер кезінде еленбесе, ол қайғылы оқиғаларға ұласуы мүмкін. Бұл тек жеке адамдардың мәселесі емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздік жүйесіне тікелей қатысты екенін дәлелдейді.
Осы тәжірибе бір маңызды ойға әкеледі: сталкингпен күресте ең бастысы – жазалау емес, алдын алу. Яғни күмәнді әрекеттерді ерте кезеңде анықтап, жәбірленушіні қорғау шараларын уақытында қолдану қажет. Өйткені, Жапониядағы көптеген оқиғаларда дәл осы кешігу орны толмас зардаптарға себеп болған.
Түйін Бүгінгі таңда кез келген мемлекет үшін басты міндет – сталкингтің алдын алатын тиімді жүйе қалыптастыру. Бұл тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес, сонымен бірге қоғамның да жауапкершілігі. Қауіптің алғашқы белгілеріне бейжай қарамау – болашақтағы қайғылы жағдайлардың алдын алуда ең маңызды қадам.
Бауыржан ЖҮНІС















