» » Кемелер кептелісі немесе Ормуз бұғазындағы дүрбелең

Кемелер кептелісі немесе Ормуз бұғазындағы дүрбелең

Фото: Ашық дереккөзден
Иран ондаған жыл бойы Ормуз бұғазын еларалық түйткілдерді шешудің басты құралына айналдырып отыр. Бұғазды біресе ашып, біресе жауып, әлемдік мұнай нарығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы бар. Сөйтіп, экономикасы экспорттың мұнайына байланған Батыс елдерінен санкцияда кеткен есесін қайтаруды ойлайды. Бірақ оған ерік-жігері жеткенімен, Қарулы күштерінің қауқары белгісіздеу. Десек те, әлемдік қара алтын тасымалының күретамырына айналған бұл бұғаз бүгін ғана кемелерді кептелтіп тұрған жоқ.
Ә дегенде-ақ елге тұтқа Әли Ха­ме­неидей аятолласынан айырылып, АҚШ-тың әскери қысымы үздіксіз кү­шейіп, зымырандар үсті-үстіне төпелей түс­кенде Иран іс жүзінде жалғыз қалды. Оның бұрыннан келе жатқан серік­тестері дипломатиялық айыптаулар мен ай­мақтың алдағы амандығына алаң­даушы­лық білдіруден басқа нақты қолдау көрсете алмады.
Сөйтіп, әскери арсеналы біраз қырдан асатын Иран АҚШ пен Израильдің ша­буылдарына жауап ретінде қарсы шабуылға шығып, қақтығысты Таяу Шығыс шегінен шығарып жіберді. Тегеран АҚШ-пен серіктес Парсы шығанағы елдеріне бағыт түзеген зымырандары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын іске қосты. Көбіне мұнай кен орындары мен базаларын соққының астына алды. Оның салдары әлемдік энергетикалық нарықтарға әсер етіп, Вашингтоннан Бейжіңге дейінгі аралықтағы ресми астаналарды алаңдатып қойды. Сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз жолын одан сайын тарылтып, кемелер кептелісін жасады. Бұл жай ғана кептеліс емес, әлемдік экономиканы тұсаулап тастаған стратегиялық соққы болды.
Осылайша, ақпанның соңғы күнін­де Иранға қарсы ашылған әскери операция­дан бөлек, Ормуз бұғазына қарап қалған «мұнай дағдарысы» да өз алдына үлкен бір геосаяси мәселеге айналып шыға келді. Парсы шығанағын-дағы шырғалаңның алдағы аяқ алысы неліктен осы бұғазға байланып қалды? Тар өткел болса да теңіздегі әлеуетті транзиттік бағытқа айналған бұл дәліздің әлемдік экономикадағы орнына аздап шолу жасап көрелік.
Осыған дейін Ормуз бұғазынан күніне 20 миллион баррель мұнай өтетін. Бұл әлемдік тұтынудың шамамен 20 пайызын құрайды. Ал АҚШ пен бірқатар Еуропа елінің ірі компаниялары инвестиция құйып отырған Парсы шығанағы елдері (араб елдері) мұнайының басым бөлігі экспортқа осы жол арқылы шығады. Орташа есеппен алсақ, Сауд Арабиясы шамамен 80-90, Ирак – 95, Кувейт – 100, Қатар – 100, БАӘ 80–85 пайыз көмірсу шикізатын сыртқа Ормуздағы теңіз дәлізімен алып өтеді. Сондықтан Иран иелігіндегі Ормуз бұғазы жабылса, оның салдары әлемдік энергетикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін. Парсы шығанағында бұл тығырықтан айналып өтер балама жолдар болғанымен, олардың шамасы шектеулі. Көбіне құр­лықтағы құбырлар арқылы тасымалданады.
Қысқасы, Парсы шығанағы елдерінің бұғазға балама болып отырған барлық бағыт­тағы құбырларының жиынтық қуаты Ормуз арқылы өтетін мұнайдың тек 10-15%-ын ғана алмастыра алады. Яғни Ормуз жабылса, күніне шамамен 17 млн баррель мұнай айналымнан жоғалады. Мұндай сценарийден әлемдік нарықтың өте үлкен зардап шегетіні айтпаса да түсінікті. Осы артықшылығымен-ақ Ормуз әлемдегі ең маңызды энергетикалық стратегиялық нүктелердің бірі болып отыр.
Сондай-ақ Жер бетіндегі іргелі эко­номикалық көшбасшылардың бірегейі Қытай елі Иран мұнайының ең ірі сатып алушысы екенін ескерсек, Шығыстағы алып көршіміз көмірсутегіден тарықса, мұның арты не боларын болжау аса қиын емес. Қытай өндіретін тұрмыстық тұтыну тауарларының ғаламдық тапшылығы пайда болса, оның арты қымбатшылыққа ұрынатыны анық. Тіпті қазірдің өзінде әлемдік инфляцияның шеті көрінді. Себебі әлем ақшасы саналатын АҚШ доллары валюталық құнын жоғалта бастады.
Осыдан апта уақыт бұрын Иранның Ормуздан өткен кез келген кемені атамыз деген мәлімдемесіне Қытайдың селк ете қалғаны тегін емес. Қытай үкіметі жақында Таяу Шығысқа әскер емес, арнайы елші жіберді. Ондағы мақсат – Парсы шығанағындағы шиеленісті бәсеңдетуге көмектесу, әскери қақтығыстың кеңеюіне жол бермеу, тараптарды дипломатиялық қадамға бастау.
Арнайы миссиямен маңызды сапарға шыққан Қытай үкіметінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Чжай Цзюнь шығанақта үш күн жүрді, біраз араб елдері басшыларымен кездесті. Міне, осыдан-ақ Қытай билігінің шиеленістің ушығуына байланыс­ты алаңдаушылық танытып, арағайындық әрекеттерін күшейтіп жатқанын аңғаруға болады. Әлемдік мұнай сарапшылары Қытай аймақтағы энергия жеткізілімін қорғауға мүдделі екенін айтады.
Бұл қыспақтан шығудың тағы бір жолы ретінде АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі әлемдік энергия бағасының өсуін тежеу үшін Ресей мұнайына қарсы санкцияларды одан әрі жұмсарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осы мәселені пысықтағысы келді ме екен, Дональд Трамп жуырда Ресей президенті Владимир Путинге телефон соқты.
Ал бұғаздың бұғатталуынан Еуропа елдерінде жанармай қымбаттады. Әлемдік мұнай сапаршылары егер Ормуз бұғазы төрт-бес апта ғана жабылса мұнай бағасы барреліне 150 долларға дейін баратынын болжады. Мұның арты жаһанда үл­кен энергетикалық хаос тудыруы әбден мүм­кін. Сол себепті еуропалық елдер де алаң­дай бастады. Жуырда «Reuters» агент­тігі Францияның Таяу Шығыстағы одақтас­тарын қолдау мақсатында шамамен онға жуық әскери-теңіз кемесін, соның ішін­де ұшақ тасығыш кемелер тобын Жерор­та теңізіне, Қызыл теңізге, қажет болған жағдайда Ормуз бұғазына жіберуі мүм­кін екенін жазды. Ал бұл мәлімдемені Мак­рон­ның өзі Кипрге барған сапарында айтқан.
Өзімізге келсек, жуырда Ұлттық банк осы жылғы мұнай бағасының болжамын Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты көтерді. Бұл туралы ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов айтты. Оның айтуын­ша, мұнайдың әлемдік нарығындағы жағдай бұлыңғыр болып отыр. Бұл ретте ол Таяу Шығыста ахуалдың ушығуына байланысты мұнай бағасының биылғы бірінші жартыжылдықта артуы уақытша құбылыс екенін атап өтті. ҰБ төрағасы жыл ішінде мұнай бағасының біртіндеп төмендейтінін, әлемдік сұраныс пен ұсыныстың теңгеріліміне қарай бір барреліне 60 доллар шамасында болатынын да жоққа шығармады.
Жалпы, Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың күрделенуі, мұнай бағасының ша­рықтауы еліміздің бюджетіне, экономи­касына тиімді. Қара алтын қым­баттаған са­йын, қазына да қарық болады, Ұлттық қордың қоржыны да қам­пая түседі. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, мұнай бағасы берреліне 100 дол­лардан асса, республикалық бюджетке қосым­ша 20 млрд доллар, ал 120 долларға қым­баттаса, қосымша 37 млрд доллар түседі.
Бірақ мұнай бағасының бұлай қым­баттауының елімізге тигізер тиімсіз тұсын да жоққа шығармауымыз керек. Бағаның тым жоғары болуы жаһандық экономикаға кері әсер етуі мүмкін екенін жоғарыда айттық. Сөйтіп, ірі эконо­микалық ойыншылар – АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ энергия бағасының қымбаттауынан зардап шегеді, өндіріс шығындары өседі, мұнайға деген әлемдік сұраныс төмендеуі мүмкін. Бұл жағдайда Қазақстан мұнайының экспорты да қысқаруы әбден ықтимал. Ал бюджеттің мұнайға тәуелділігі жағдайында баға ұзақ уақыт жоғары болса, еліміздегі экономиканы әртараптандыру баяулап, шикізатқа тәуелділік күшеюі бек мүмкін.
Бүгінде бұғаз маңындағы дау сәл бәсең­сіп тұр. 9 наурызда қара алтынның құны барреліне 120 долларға дейін көтерілген еді. Осылайша, 2022 жылдың мау­сым айынан бергі мұнай құны рекорд­тық көрсеткішке жетті. Десек те Brent маркілі мұнайдың қазіргі құны 96–97 доллар арасында тұр. Ал Халықаралық энергетика агенттігіне мүше 32 ел мұнай бағасын тұрақтандыру үшін стратегиялық қор ашатын болды.
Қысқасы, мұнай бағасының өсуі біршама жан-жақты келіссөздерден кейін аздап тұрақтады. Дегенмен Иран өз позициясынан айни қойған жоқ. Батыс басынуын қоймаса кез келген сәтте кемелерді соққыға алудан танбай тұр.
egemen.kz
14 наурыз 2026 ж. 46 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№19 (10486)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (10484)

03 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 617
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 404

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031