» » ШЫҰ – тұрақты даму мен көпжақты диалог алаңы

ШЫҰ – тұрақты даму мен көпжақты диалог алаңы

ШЫҰ – тұрақты даму мен  көпжақты диалог алаңы
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Әлі есімде, 2016 жылғы 13-14 сә­уір­­­де Бейжіңде «Шанхай бес­­ті­­гі­­­нің» шекаралық аймақ­тарын­да әскери салада сенімді нығай­ту тура­лы келісімге қол қойылғанына 20 жыл толуына арнал­ған халық­аралық конференция өтті. Жиынға шақырылған Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның дипломатиялық және әскери топтары, ғалымдар, ШЫҰ, дип­ломаттар мен БАҚ-тың 150-ге жуық өкілінің арасында біз де болған едік.
Сонда халықаралық деңгейдегі сарапшы мамандар оның қауіпсіз­дік саласындағы ынтымақтастықтың жаңа үлгісін құру және Азия-Тынық мұхиты аймағы мен жалпы әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылық ісіне ерекше үлес қосқандығына да ерекше көңіл бөлінгендігін өз құлағымызбен естіген едік. Сондағы көкейіме түйгеніміз, осы мәселеге деген қызығушылық өз бастауын сонау 90-жылдардың бас кезіндегі КСРО-ның ыдырауының нәтижесінде орталықазиялық кеңістікте қалыптасқан геосаяси жағдайдан алатынын ескермей тұрып, бұл тақырыпты игерудің мүмкін еместігі болатын.
Себебі саяси сахнаға жаңадан шыққан посткеңестік елдердегі ішкі тұ­рақсыздық пен араларындағы ше­шіл­­меген көптеген мәселе олардың аяғынан тік тұрып кетуіне кедергі жасады. Табиғат бос кеңістікті қаламайды демекші, әлемде қалыптасқан жаңа геосаяси және геоэкономикалық ахуал осы аймаққа көз тігіп, онда құрылған тәуелсіз республикаларды өз ықпалы­на қаратқысы келгендердің қатарын өсірді. Осы «май шелпектен» дәметкен ірі мемлекеттердің қатарына Қытай, Ресей, Түркия, Иран мен АҚШ-ты жатқызуға болады. Бұлардың арасында посткеңестік мемлекеттермен тек ҚХР мен РФ-ның ғана ортақ шекарасының болғандығын ескерген жөн. Сондықтан екеуі де көршілерімен қарым-қатынаста өздерін барынша «байсалды» ұстауға тырысты. Себебі Ресейдің өзі де бұрынғы КСРО-ға кірген республикалар сияқты саяси және экономикалық дағдарысты басынан кешіп жатты. Қытайды осының салқынынан оның шекаралас өңірлерінде этностық және діни негіздегі шиеленістердің туу мүмкіндігі алаңдатты. Сондықтан ҚХР солтүстіктегі көршілерімен қауіп-қатерден гөрі орнықты байланыстарды сақтап қалуға мүдделі болды. Өйткені ол ең алдымен экономиканы дамыту мен «Ұлы Қытайды» қалпына келтіру сияқты ішкі проблемаларын шешуге басымдық берді. Яғни Қытай әдеттегі­дей талай сыннан өткен тағаттылы­ғын танытып ақырын күту саясатына жүгінді. Ол көршілерінің дамуы мен жүргізіп отырған саясатының бағыт-бағдарына терең үңіліп, осы аймаққа қатысты сараланған саясат жүргізуге тырысты. Қазақстанмен байланыста оның Қытаймен екі арасындағы ең ұзын ортақ шекарасы мен экономикалық және ресурстық әлеуеті ескерілді. Жалпы алғанда, «пантюркизм идеологиясы мен саяси ислам» тақырыбы посткеңестік республикалар мен Қытай билігінің жүргізіп жатқан саясатының әлсіз тұсы екендігі айтпаса да түсінікті болды. Олай болса, Қытай басшылығына Орталық Азия мемлекеттеріндегі саяси билікті сол қалпында сақтап, осы статус-квоны бекіту қажет еді. Сондықтан 1992 жылдың басында ол Орталық Азияның жас тәуелсіз мемлекеттерін халықаралық құқықтың субъектілері ретінде танып, олармен толыққанды дипломатиялық қатынас орнатты. Демек бұл Қытай үшін «бір ел, екі жүйе» қағидаты негізінде Тайванның ҚХР-дың құрамдас бөлігі екендігінің мойындалып, тату көршілік пен бейбіт қатар өмір сүру саясатын бұлжытпай ұстанудың маңыздылығының арта түскендігін көрсетеді.
Ал 90-жылдардың екінші жартысынан бастап Қытайдың Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты көзқарасы біршама өзгеріске ұшырап, оған таза экономикалық қарым-қатынастан бөлек геостратегиялық мүдде қосылды. Ендігі жерде бірінші кезекке олармен ұжымдық қауіпсіздік пен «ислам фундаментализмімен күрес» мәселелері шықты. Дәл осы кезеңде Ресей мен Қытай арасы жақындап, Батыс елдерінің үстемдігіне қарсы тепе-теңдік құруға бағытталған альянс пайда болып, олар ендігі жерде АҚШ-тың бүкіл әлемге өз дегенін істетуге бағытталған саясатына көне алмайтындығын көрсете бастады. Өйткені Батыстың гегемония мен өктемдік саясаты өршіп, ­ол жаңаша сипатқа ие болды. Ол әлемнің тыныштығын бұзып, ортақ аймақтық қауіптер виртуалды саладан шындыққа айналды. Аталған ахуал Орталық Азиядағы ғана емес, әлемнің басқа аймақтарындағы жағдайды тұрақсыздандырды. Сондықтан болар, 1996 жылдың сәуірінде Шанхайда Қытай жағының бастамасымен «Шекара маңындағы аймақтарда әскери сенімді нығайту туралы келісім» мен 1997 жылы Мәскеуде «Шекара аймақтарындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісіміне» қол қою арқылы Шанхай бестігін құрудың негізі қаланды. «Көп­полярлы әлем және жаңа әлемдік тәртіп­тің қалыптасуы туралы Ресей-Қытай бірлескен декларациясы» қабылданды.
Кейін, араға екі жыл салып, ол «Шан­хай форумы» атанды, ал 2001 жылдың маусым айында Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымы дүниеге келіп, оның қатары­на Өзбекстан қосылды. Оның қызметі­нің басты бағыттары аймақтық қауіпсіз­дік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар мәселесін қамтыды. Яғни ШЫҰ қауіпсіздік пен экономика саласындағы әріптестікке басымдық берді. Шынына келсек, мұның бәрі Батысқа ұнаған жоқ, керісінше, бұл оны тітіркендірді. Сондықтан АҚШ бастаған ұжымдық Батыс елдері тартынып қалмады: Юго­славия бомбаның астында қалды, Ташкенттегі жарылыс, «11 қыркүйек», Ауғанстандағы терроризмге қарсы операция мен Иракқа басып кіру тағы басқа осы сияқ­ты іс-әрекеттер халықаралық ахуалды бәсең­детудің орнына, керісінше, оны қатайтып, одан бетер шиеленістіріп жіберді.
Бұл жаңа ғана құрылған ШЫҰ-ға өзінің көлеңкесін түсірмей қоймады. АҚШ пен НАТО сияқты сыртқы фак­тордың ықпалы арта түсті. Ол соны­мен бірге «халықаралық құқық негіздерін және оның маңызды қағидаты – тең, ортақ, бөлінбейтін, жан-жақты және тұрақты қауіпсіздікті бұзуды үйреншікті құбылысқа айналдырып жіберді. Салдарынан қазір жаһандық әлемдік тәртіп түбегейлі өзгеріп, геосая­си шиеленістер бұрын-соңды болмаған деңгейге ұлғайып, сауда және санкция­лық соғыс күшейіп кетті. Ендеше, ШЫҰ да объективті түрде сын-қатер­лер­ге тап болды. Өйткені былай да ШЫҰ-ға кіретін елдердің даму деңгейі әртүрлі болғандықтан олардың экономикалық жағдайы мен саяси ықпалы да біркелкі емес еді. Сондықтан сарапшылар арасында осы жағдайдың олардың негізгі мәселелер бойынша консенсусқа қол жеткізуіне күмәнмен қарағандар да болды. Экономикалық қауіпсіздік саласында қатысушы елдердің қаржы­лық, азық-түлік және энергетикалық қауіп­сіздігін қамтамасыз етудегі проблемалары да сезілді. Сонымен қатар, өкінішке қарай, ШЫҰ-ға мүше елдер арасында бұрыннан келе жатқан қай­шылықтардың да болғандығын теріс­ке шығыра алмаймыз. Оның үстіне кейбір мүше мемлекеттердің ШЫҰ-ға қатысты ұстанымдарында белгісіздік, олардың арасындағы қарым-қатынаста белгілі бір салқындықтың байқалатындығы туралы сөздер де кейде мамандардың ортасында орын алды.
ШЫҰ-ға мүше елдердің саяси, эко­номикалық, индустриялық және гео­графиялық салалардағы әртүрлі «сал­мағына» қарамастан Ұйым аясында тең құқылы серіктестік қалыптасып, ол көптеген табысқа қол жеткізді. Бүгінгі таңда ұйымға мүше елдер ұйым­дас­қан қылмыспен, лаңкестікпен және есірткі бизнесімен күресте күш-жіге­рін үйлестіріп, экономикалық ынты­мақ­тастықты кеңейтіп, әуе, автомобиль, теміржол және құбыр жүйесін құру бо­йынша жобаларды жүзеге асырып келеді. ШЫҰ-ның құрылғанынан бері көп уақыт өтпесе де, ол әлемдік қоғамдастықта өзін мақсат­тар­ды анық түсінетін және оған жету жолын­да сенімді қадамдар жасауға қабі­летті және тиімді ұйым ретінде танытты.
БҰҰ және мүдделі халықаралық ұйымдармен серіктестікті сақтап, оны табысты дамыта отырып, ШЫҰ қысқа мерзімде тарихи стандарттар бойынша жаңа халықаралық қатынастардың мықты тіректерінің біріне айналды. Жаһандық сенім дағдарысы мен экономикадағы теріс үрдістер қалыптасқан теңгерімсіздіктің күшейтіп, қауіпсіздік пен тұрақты дамуға деген сын-қатерлердің санының артуы жағдайында ШЫҰ оған төтеп беріп, өз тартымдылығы мен көпжақты серіктестікті қалыптас­тыратын қағидаттарын арттырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның Астана саммитін ашу кезіндегі құттықтау сөзінде: «Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде біздің ұйым халықаралық қатынастар жүйесіндегі маңызды тетікке айналып, тұрақты өсім мен жалпы ілгерілеуді қамтамасыз етуге маңызды үлес қосып келеді... Шанхай рухын нығайта отырып, Шанхай қағидаттарын ілгерілете отырып, біз бірлестігіміздің бірегейлігі мен орасан зор әлеуеті­нің арқасында ШЫҰ ең ықпалды және беделді халықаралық құрылымдардың біріне айналды, оған деген қызығушы­лық тұрақты түрде артып келеді», деді. Демек қазіргі кезде Шанхай ұйы­мы өзінің институционалдық дамуын одан әрі жетілдіріп, құбылмалы әлемге бе­йім­­деліп, жаңару жолына түсіп, ашық әлемдік экономиканы құру және көп­жақты сауда жүйесін нығайт­атын үлкен диалог алаңына айналып отыр. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшы­лары кеңесінің Астана отырысында Бела­русь Республикасын Ұйым құрамына қабылданды.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ара­сын­дағы өзара сенімді, достық пен тату көршілікті нығайтудың негізі – гума­нитарлық саладағы өзара іс-қимыл. Мәдениеттер диалогі адамдарды жалпы гуманистік құн­ды­­лықтар мен ұмтылыстар негізінде біріктіреді және ксенофобия, діни немесе этностық төзбеушілік пен ұлтқа байланысты кемсітушілік көріністерін болдырмайды. Еуразия құр­лығы­ның 65 пайыздан астамын құрай­тын аумағы және әлем халқының тең жартысы, яғни 3,5 миллиардтан астам халқы бар, әлемдік ІЖӨ-нің төрттен бірінен астамын өндіретін елдерді біріктіретін Шанхай ұйымның негізгі өркениеттік миссиясы – мәдениеттер арасындағы диалогті дамыту арқылы қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу. Бұл үдеріс­ке ШЫҰ елдері халықтары­ның бай тарихи-мәдени мұрасы ықпал етеді. Осы тұрғыда ШЫҰ аясында мә­дени байланыстарды тереңдету, халық­тар арасындағы өзара түсіністікті нығайту, мүше мемлекеттердің мәдени дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеу, мәде­ниеттердің алуан түрлілігін сақтау және ілгерілету, елдер арасындағы мәдени алмасу мен ынтымақтастық, аймақтың мәдени және табиғи мұрасын сақтау ШЫҰ-ның практикалық жұ­мы­сының маңызды басымдығына жататындығын атап өткен жөн.
ШЫҰ-ны құрудың бастауында тұр­ған мемлекет ретінде Қазақстан – осы Ұйымның форматындағы өзара іс-қи­мыл­дың белсенді қатысушысы. Конс­труктивті қатысу және тең диалогке бағдарлану Қазақ­стан Республикасының аймақтағы ұстаны­мын нығайтады және мемлекеттер ара­сындағы өзара сенім мен түсіністіктің артуына ықпал етеді. Ол сонау 1992 жылы Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан тұратын посткеңестік республикалардың бірлескен делегациясы аясында бірлескен шекаралар аймағында сенім шараларын қамтамасыз ету үшін Қытаймен белсенді келіссөздер жүргізе бастағандығы белгілі. Бұл жұмыстың нәтижесі бойынша Минскіде осындай бірлескен комиссия құру туралы хаттамаға қол қойылған. Сондықтан бұл хаттаманың ШЫҰ құруда маңызды рөл атқарғанын да ескерген абзал.
Бүгінде Қазақстан осы Ұйымға төраға­лық ету аясында ШЫҰ-ның Астана саммитін өткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы жұмысының басымдық­тарын айқындап берді. Оларды іске асыру барысында Қазақстан қауіпсіздік, әділ экономикалық орта және таза планета үшін жаңа парадигманы ұсынатын ШЫҰ-ның «Әділ бейбітшілік пен келісім жолын­дағы әлемдік бірлік» бастамасын ұстан­ды. Сол сияқты «Шанхай рухын» көрсе­тетін достық, тату көршілік, тең құ­қық­тық және өзара қолдау сияқты мемле­кет­аралық қатынастардың тиімді тетігіне сүйенді.
Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысына келсек, түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткізіліпті. «Ұйымның Шарттық базасы Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынты­мақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау сала­с­ындағы келісім, Энергетикалық ын­ты­мақ­тастықты дамыту стратегиясы сияқ­ты 60 жаңа құжатпен толық­тырылған. ШЫҰ серіктес­тері саналатын халықара­лық ұйымдар­дың қатары көбейіп, ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқын­ды дами бастады. Сондай-ақ Қазақ­стан төрағалығы кезінде мәде­ни-гу­ма­нитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылып, «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі ұсынылып, 2024 жыл ШЫҰ-ның Экология жылы деп жарияланды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүше мемлекеттер басшылары кеңе­сі­нің отырысында 25 құжатқа қол қойылды. Мәселен, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымына мүше мемлекет­тер басшылары кеңесінің Астана декларациясы қабылданып, «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» Шанхай ынтымақтастық ұйымының бастамасы және оның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы, 2024-2029 жылдарға арналған Есірткіге қарсы стратегиясын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы ынтымақтастығын дамытуға қатысты 2030 жылға дейін­гі стратегиясы, 2030 жылға дейінгі экономикалық стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары, Инвесторлар қауымдастығы туралы шешім, Ұйымға мүше мемлекеттер мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы диалог серіктестері арасындағы Ықпалдастықты нығайту жөніндегі жол картасы, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жоспары сияқты мәселелер бойынша әзірленген шешімдер қаралып, бекітілді. Сондай-ақ саммитке қатысушылар ШЫҰ қызметін бүгінгі күннің шынайылығына қатысты кешенді жаңғырту бойынша ұсыныстарды мақұлдады.
Астанадағы ШЫҰ саммиті аясында алғаш рет «ШЫҰ+» форматындағы кез­десу өтті. Қазақстанның бастамасы­мен 2023 жылғы 1 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассам­б­леясының 77-сессиясының пле­нар­лық отырысында «Бірік­кен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынты­мақтастық ұйымы арасындағы ынты­мақ­тастық» қарары қабылданады. Нәтижесінде Астана сам­митінде ШЫҰ мен БҰҰ арасындағы әріптес­тік­ті нығайту бағытында тағы бір батыл қадам жасалды. Оның жұмысына БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатыс­ты. Яғни, «ШЫҰ+» форматындағы оты­ры­­сының талқылаулары «Көпжақты диа­лог­ті күшейту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбы аясында өткізілді.
Олай болса, Астана саммиті жаһан­дық сипаттағы маңызға ие оқиға­лар қатарына жатады деуге толық негіз бар. Өйткені ШЫҰ-ға төрағалық ету аясында Қазақстан тарапынан аталған Ұйымның беделін арттыруға ықпал еткен көптеген жемісті жұмыс атқарылып, Қазақстан өзінің бұл Ұйымдағы міндеттері мен жоспарларын толыққанды орындады. Бұған ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанның төрағалығы туралы жоғарыдағы сөздері мен БҰҰ Бас хатшысы А.Гуттериштің осы саммитке арнайы келіп, оның жұмысына жоғары баға беруі дәлел бола алады. Сонымен бірге Ресей Президенті В.Путиннің «Астана саммитінің мазмұны жағынан шын мәнінде халықаралық сипатқа ие» деген сөзі көп нәрсені аңғарт­са керек. Өз кезегінде ШЫҰ Бас хатшы­сы Чжан Мин де Қазақстанның ұйым­ға төрағалығының жоғары деңгейде өткен­дігі туралы көзқарасын білдірді.
Сонымен, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының бір жылдық жұмысы­ның қорытындысы мен оның елеулі нәтижелеріне қатысты айтылып жатқан жылы лебіздер мен беріліп жатқан жоғары бағаларының Қазақстан үшін құндылығы сонда, ол шын мәнінде осы екі аралықта ШЫҰ-ға кіретін мемлекеттердің миллиондаған адамдарының тағдырына қатысты жаһандық мәселелерді көтере білді. Ұйымның мүше ел­дерін сол іске жұмылдырып, қоян-қол­тық әрекет жасап, әділдік, адалдық, ынтымақ­тастық пен жауапкершілік қағидатын басшы­лыққа ала отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізе алатын әлеуетін бүкіл әлемге тағы бір дәлелдеді.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері
11 шілде 2024 ж. 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031