Нидерланд тәжірибесі
Соңғы 1200 жылдың мұғдарында Нидерланд отызға жуық су апатына тап болған. Жүз мыңнан астам тұрғын тілсіз жаудың құрбанына айналып кете барды. Толассыз толқын жер көлемінің мыңдаған шаршы шақырымын жұта беріп, мемлекеттің өзін шайып кетуге шақ қалған. Ақыр аяғында нидерландықтар теңізге қарсы жер үшін «соғыс» ашады. Бақсақ, олар бұл майданда сөзсіз жеңіске жеткен сияқты. Қазір Нидерланд инженерлері жасап шыққан «Дельта» жобасы отыз жыл бойы халықты су тасқынынан қорғап келеді.
1953 жыл 1 ақпанының түнінде үш күннен бері тулаған су тасқыны сағатына 150 км жылдамдықпен бір мезетте 50 бөгеттің тас-талқанын шығарды. Ал таңға жуық 133 елді мекенді су алып үлгерді. Апаттан 72 мың тұрғын эвакуацияланғанымен, 1835 адам опат болды. Тасқынға – тосқын қоюға Нидерландқа дүниежүзі қолұшын созды.
1953 жылдың бұл трагедиясы халықты су тасқынынан қорғайтын жаңа инженерлік жобалардың жасалуына себеп болды. Солардың ең бастысы әрі ең ауқымдысы – «Дельта» бөгеті. Оның негізгі ұзындығы 2,5 мың шақырым болса, көмекші бөгеттер 13 мың шықырымды құрайды. Бөгеттердің көбі теңіз тыныш кезінде ашық тұрады. Ал дауыл тұрып, су деңгейі көтеріле бастағанда автоматты жүйе дабыл қағып, дамбалар жабылады. Осы арқылы елді тасқыннан қорғайды. Бір қызығы, бөгеттер жел энергиясы арқылы жұмыс жасайды.
«Дельта» жүйесінің басқа бөгеттерден бір айырмашылығы – инженерлер оны қажет кезінде теңіз кемелері де өте алатындай етіп салған. Себебі теңізбен жалғасып жатқан Шелдт өзені біржола тұйықталып қалса, онда ол уақыт өте келе тұщы суға айналады. Бұл жергілікті экожүйеге, соның ішінде балық өнеркәсібіне теріс әсер ететін көрінеді.
Америкалық инженерлер қауымдастығы «Дельта» жүйесін қазіргі әлемнің жеті кереметінің қатарына қосқан.
egemen.kz