"Төртінші толқын басталды": Бекшин Алматыдағы коронавирус бойынша жағдайды баяндады
Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирустың төртінші толқыны басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, қалада коронавируспен сырқаттанушылық ай сайын артып келеді. Бекшин "үшінші толқын" Алматыда наурыздан маусымның басына дейін байқалғанын атап өтті. Оған COVID-19 жаңа мутацияланған нұсқасы, британиялық "альфа" штаммы себеп болды.
"Үшінші толқын басылмай жатып, төртінші толқынның пайда болғанын байқап отырмыз. Бұл коронавирустың жаңа мутацияланған нұсқасы - үнділік “дельта” штаммының пайда болуымен байланысты. Аурудың өсуіне байланысты 17-18 маусымда зерттеу жүргізіп, қаламызда британиялық штамм, Оңтүстік Африканың екі штаммы және бір нью-йорктік штамм бар екенін анықтадық. Үш күннен кейін үнділік дельта штаммының нұсқасы пайда болды.
Біз қазір жұқтырғандар санының өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Вирустық ландшафтты зерттедік және анықталған 85 штаммның 67-сі дельта нұсқасы болды. Патоген өзгерген: британиялық альфа нұсқасы үнділік дельта нұсқасымен алмасты. Бұл жоғары жұқпалы мутацияланған штаммдар. Сондықтан тиісті шаралар қабылдап, шектеу үшін жаңа қаулы қабылдадық", - деді Бекшин.
Оның мәліметінше, осы жылдың басынан бері Алматыда 56 138 коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелген. Оның ішінде маусым айында-4573 жағдай. Былтырмен салыстырғанда биылғы алты айда сырқаттану 10 еседен асты.