» » Швеция НАТО құрамына енді

Швеция НАТО құрамына енді

Біраз уақыттан бері Мажарстан мен Түркияның келісімін ала алмай келген Швеция НАТО-ға ресми түрде өтті. Соңғы болып Мажарстан Парламенті дауыс берді. Әскери одақ Стокгольмнен не алмақ? Сондай-ақ Швеция оған мүше болудан қандай пайда көреді?
Одаққа кіру оңай болмады
Финляндиямен бірге Швеция да Ресей Украинаға басып кірген кезде 2022 жылы НАТО-ға кіруге өтініш берді. Алайда Финляндия Солтүстік Атлантикалық қорғаныс альянсының мүшелігіне өткен жылдың сәуір айында енді, ал Швеция осы күнге дейін Түркия мен Мажарстан тарапынан қолдау таппай келді. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Швецияның Одаққа кіруін ратификациялайтын хаттаманы осы жылдың 25 қаңтарында ғана бекітті. Ал Мажарстан Парламенті шешімді 26 ақпанда қабылдады. Бұған дейін Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан Будапештте Швеция Үкіметінің басшысы Ульф Кристерссонмен кездесу өткізді.
«Біз өзара келісімге келдік», деген еді Виктор Орбан келіссөздерден кейін журналистерге берген сұхбатында. ВВС таратқан ақпарат бойынша Мажарстан, сонымен қатар Швецияның «Jas-39 Gripen» истребительдерінің жаңа партиясын сатып алу туралы келісімге қол қойған.
Швецияны қолдап Мажарстан Парламентінің 188 депутаты дауыс берген, алтауы қарсы болған. Дауыс бергеннен кейін Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон бұл өз елі үшін тарихи оқиға деп мәлімдеді. «Бұл – тарихи оқиға. Швеция еуроатлантикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайын», деп жазды Кристерссон әлеуметтік желідегі парақшасында. 11 наурызда Швеция әскери Одаққа ресми түрде қабылданды. Елдің туы 30 мемлекеттің туларының қатарына қосылды.
 
НАТО Швецияның одаққа енуінен не ұтады?
«Deutsche Welle» (Неміс толқыны) мәлімдеуінше, Швеция Одаққа мүше болғаннан кейін Балтық теңізінің барлық жағалауы НАТО аумағына айналады. Әрине, оған Ресей жағалауы мен оның Калининград эксклавы кірмейді. Егер Ресей Балтық жағалауы елдерінің бірі­не шабуыл жасаған жағдайда НАТО үшін оларды қорғау жеңілдей түспек. Мә­селен, әскерилер мен техниканы Эсто­ния, Латвия және Литваға Швеция арқы­лы кемелермен оңай жеткізуге болады.
Готланд аралы да ерекше рөл атқарады. «Балтық теңізінің ортасындағы осы үлкен аралда Швецияның стратегиялық тұрғыда салынған өте тиімді базасы бар. Ол жерден Балтық теңізінің барлығын дерлік басқаруға болады», дейді «Deutsche Welle»-ге сұхбат берген Цеппелин университетінің (Zeppelin Universität) халықаралық қауіпсіздік саясаты кафедрасының меңгерушісі Саймон Кошут (Фридрихсхафен, Германия). Сарапшының пікірінше, елдің география­лық орналасуы – Швецияның НАТО-ға мүшелігінің Альянс үшін соншалықты тартымды болуының басты себебі.
 
Швед Қарулы күштері
Статистика бойынша, өзге елдермен салыстырғанда Швед әскерлерінің саны аз, алайда соған қарамастан Швеция Қарулы күштері мен олардың әскери құралдары НАТО үшін құнды. «Global Firepower Index» мәліметтеріне сүйенсек, Швед әскерлері шамамен 38 мың адамды құрайды.
«Бірақ шведтердің армиясы заманауи құрал-саймандармен қаруланған, атап айтқанда, ішкі өндіріспен жасақталған әуе күштері бар», дейді Саймон Кошут. Швеция, сонымен қатар қазіргі заманғы сүңгуір қайықтары бар теңіз державасы. Әскерлерінің де жеткілікті жауынгерлік тәжі­рибесі бар. Олар Ауғанстан сияқты НАТО-ның түрлі миссиясына қатыс­қан.
Қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейін шведтер көптеген батыс елі сияқты, алдымен қорғаныс шығындарын едәуір қысқартты. Алайда 2008 жылы болған Грузиядағы қақтығыс пен 2014 жылы Қырым Ресей Федерациясына қосылған кезде олар өз шешімдерін қайта қарап, әскери мақсатқа арналған шығындарды одан әрі еселей түсті. Бүгінде Швеция өзінің ішкі жалпы өнімінің шамамен 1,3 пайызын қорғанысқа жұмсайды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай көп және бұл көрсеткіш алдағы жылдары да арта түспек. 2023 жылдың соңында Стокгольм мен Вашингтон АҚШ әскерилеріне швед әскери базаларына кіруге және онда қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтауға рұқсат беретін келісімге қол қойды.
Швеция мен НАТО қазірдің өзінде көптеген салада тығыз жұмыс істеп жатыр. Егер НАТО елдерінің біріне қарулы шабуыл жасалса, ол альянстың барлық мүшесіне шабуыл ретінде қарастырылады. Бұл жағдайда НАТО көмек көрсетуге міндетті. «Мұндай қорғаныс, әрине, Швеция үшін маңызды әрі шешуші фактор болмақ», дейді сая­саттанушы Саймон Кошут. Сонымен қатар Швеция қорғаныс Альянсының бас басқарушы органы НАТО кеңесінің тең құқылы мүшесі болады және сол жерде вето құқығына ие болады. «Швецияның НАТО-ға мүшелігі Одақты мықты, ал өзін қауіпсіз етері сөзсіз», деді НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг.
 
Бейтараптықтан бас тарту
2022 жылдың ақпанында Украинада Ресей Федерациясының арнайы әскери операциясы басталғаннан кейін елдің бірнеше партиясы НАТО-ға кіруді қолдады, олардың арасында Қалыпты коалициялық партия, «Либералдар», Орталық партиясы және «Христиан демократтары» болды, сәл кейіннен оларға «Швед демократтары» популистік партиясы қосылды. Осылайша, Парламентте пронатистік көпшілік құрылды (349 орынның 205-і). Ал әскери одақтарға қарсы позициядан сол кездегі басқарушы Швецияның Социал-демократиялық жұмысшы партиясы (SDRPSH) және оны қолдайтын қоршаған ортаны қорғау партиялары мен солшылдар танбады. Ұзаққа созылған партияішілік диалогтен кейін SDRPSH Альянс мүшелігін қолдау туралы өз шешімін жариялады. Қоғамдық сауалнамаларға сәйкес 2022 жылдың сәуірінде ел халқының 51 пайызы НАТО-ға кіруді мақұлдады. Сол жылы 18 мамырда Швеция Финляндиямен бір уақытта НАТО-ға қосылуға ресми өтініш берді.
Швеция Одақ құрамына екі жыл дегенде әрең енді. Өйткені Анкара мен Будапешттің тосқауылдарына тап болып, олардың міндет-талабын орындай алмады. Мәселен, Анкара Стокгольм­нен Швециядағы күрд ұйымдарын тер­рористік деп жариялауды, терроризмге немесе 2016 жылы төңкеріс әрекетіне қатысқан деп айыпталған адамдарды ұстап беруді және қорғаныс өнімдерін жеткізуге шектеулерді алып тастауды талап етті. 2023 жылдың қаңтарында Стокгольмде радикалды құқық экстремистерінің жетекшісі Құранды көпшілік алдында өртеп жіберіп, түріктерге қарсы акциялардан кейін жағдай тіпті ушығып кетті. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған «Швеция Анкарадан қолдау күтпесін», деп мәлімдеді. Ратификациялау үде­рісі тоқтатылды. 2023 жылдың 11-12 шілдесінде НАТО-ның Вильнюс сам­миті қарсаңында ғана Стокгольм Ан­ка­раның негізгі талаптарын орындап (Стокгольмнің өз аумағындағы күрд сепаратистерінің жақтастарына көзқарасын өзгертті), келісімін алды.
Ал Мажарстан болса Швед саясат­керлерінің орынсыз мәлімдемеле­ріне байланысты оның өтінішін қарау­ды бірнеше рет кейінге қалдырды. Мажар­стан СІМ басшысы Питер Сийяр­тоның айтуынша, ратификацияға «саясат­керлердің демократия мен заң үстемдігі қағидаттарын бұзғаны» кедергі болды. Десе де, Швеция осы кедергілерді еңсеріп, НАТО-ға қол жеткізді.
egemen.kz
17 наурыз 2024 ж. 181 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031