» » ДДСҰ: Әлемде коронавирус ушығып тұр

ДДСҰ: Әлемде коронавирус ушығып тұр


Әлемді әбігерге салған COVID-19 Америка мен Еуропа елдерінің есін шығарды. Соңғы аптада қауіпті вирусты жұқтырғандар саны күрт өскен,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі пандемияның ең қиын кезеңіне дайын болуға шақырды. Әсіресе алдағы бірнеше ай аса сақ болу керек дейді Ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус. Оның айтуынша, бүгінгі таңда коронавирус қайтадан күшіне мінген. Жуырда ғана әлемде инфекцияға шалдығудың тәуліктік рекорды орнады. 24 сағатта дүниежүзі бойынша 423 мың адам вирус жұқтырған. Сөйтіп, олардың жалпы саны 42 миллионнан асты.
«Қазір әлемде коронавирус ушығып тұр. Әсіресе солтүстік жарты шарда. Жалпы алдағы бірнеше ай өте қиын болады. Көптеген елде вирус жұқтыру деректерінің өсімі өте жоғары. Соның салдарынан ауруханалар мен интенсивті терапия бөлімдерінің жүктемесі шегіне жеткен», - деді ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.
Міне, әлемдегі ахуал осындай. Алпауыт мемлекет АҚШ-тың өзінде соңғы бір-екі күнде 84 мыңнан астам адамнан вирус анықталған. Елде күн сайын 800-дей науқас қайтыс болады екен. Денсаулық сақтау саласы мұндай өсімнің нақты себебін айта алмай отыр. Дегенмен, санитарлық талаптарға немқұрайлы қарау және студенттердің орала бастауы вирустың таралуына түрткі болуы мүмкін деп жорамалдайды. Америкада бұған дейінгі тәуліктік рекорд 16 шілдеде тіркелген еді. Сол кезде 77 мыңнан астам азаматтан дерт анықталған. Қазір ел бойынша 8 миллионнан астам адам ауруға шалдығып, 224 мыңы көз жұмған. Еуропа елдеріндегі жағдай да мәз емес. Әсіресе, Францияда коронавирус инфекциясына шалдығудың 42 032 жаңа оқиғасы тіркелген.
Сарапшылар індет жұқтыру оқиғаларының шынайы саны Францияның денсаулық сақтау органдары тіркеген 1 041 075 адамнан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды. Бұған пандемияның ерте кезеңінде тестілердің болмауы, аурудың симптомсыз өтуі және өзге де проблемалар себеп. France24.com сайтының жазуынша, Франция Батыс Еуропада COVID-19 жұқтыру оқиғаларының осыншама үлкен саны тіркелген Испаниядан кейінгі екінші ел болып отыр. Еуропаның басқа елдерінде сияқты, Францияда соңғы апталарда коронавирустың екінші толқынында тәулік ішінде вирус жұқтыру оқиғаларының саны күрт артқан. Қазіргі кезде COVID-19 жұқтырған пациенттер қарқынды терапия бөлімдерінде бүкіл ел бойынша 42 пайыз орынды алып жатыр, ал Париж аймағында бұл көрсеткіш 64 пайызды құраған. Франция ұлттық денсаулық сақтау агенттігінің мәліметінше, соңғы аптада елде COVID-19 вирусын жұқтырған 11 мың пациент ауруханаға жатқызылды. Соның ішінде 1 714 адам – қарқынды терапия бөлімдерінде. Франция үкіметі өткен аптада елдің сегіз қаласында коменданттық сағат енгізді. Одан кейін коменданттық сағат тағы 38 аймақ пен франциялық Полинезияда да жарияланды. France24.com Францияда коронавирус инфекциясымен байланысты 34 мыңнан астам өлім оқиғасы тіркелгенін және бұл Еуропадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі екенін еске салды. Португалияның кез келген тұрғыны көшеде маска тағуға міндеттелді. Ел парламенті осындай заң қабылдады. Оған бағынбағандар бірден жауапқа тартылмақ. Айыппұл көлемі 500 еуроға дейін баруы мүмкін. Бұдан бөлек, Португалия үкіметі тұрғындарға Хэллоуин мерекесі кезінде сапарға шығуға тыйым салды. Бұл шектеу 30 қазаннан 3 қарашаға дейін күшін жоймайды. Португалияда соңғы екі апта бойы күн сайын шамамен 2 мың дерек тіркеліп келеді. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 110 мыңнан асып кеткен. Италия астанасы Римде коменданттық сағат орнады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Жергілікті билік осылайша кеңінен етек жайған коронавирус індетін тоқтатпақ ниетте. Өйткені соңғы күндері елде вирустың таралу қарқыны қатты болып тұр. Жуырда ғана бір тәулікте 16 мыңнан астам адамнан қауіпті инфекция табылған. Бұл жаңа антирекорд болып отыр. Алайда сақтық мақсатында жасалған шараға қарсы шыққандар да бар. Мәселен, Неаполь тұрғындары өңірлік үкімет ғимаратын қоршап, коменданттық сағатты алып тастауды талап етті. Топты тарату үшін ақырында полицейлер көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болған. Бельгияда соңғы тәулікте 16 700-ден аса адам коронавирус жұқтырыпты. 600-ге жуық науқас жан сақтау бөліміне жатқызылған. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты билік карантин талаптарын күшейткен болатын. Мейрамханаларды бір айға жауып, коменданттық сағат енгізді. Алайда жаңа деректер саны азаймай тұр. Ауруханаларда орын тапшы. Сондықтан шектеу шаралары тағы да күшейтілді. Емханаларда шұғыл емес операциялар кейінге шегеріледі. Жан сауқтау бөлімдерінде 1200 орын ковидке шалдыққан науқастар үшін сақталады. Барлық спорттық жарыс көрерменсіз өтеді. Мәдени шараларға 40-тан артық адам жіберілмейді. Компаниялар мен кәсіпорындарға қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшуге кеңес берілген. Жоғары оқу орындарының студенттері бұрынғыша гибридті жүйе бойынша оқиды. Яғни 20 проценті ғана оқу орнына барады. Қалғандары қашықтан білім алады. Мадрид тұрғындарына түнгі уақытта далаға шығуға тыйым салынды. Бұл – Испания астанасындағы эпидемологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты қабылданған жаңа шектеудің бірі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сонымен қоса талапқа сай, барлар мен мейрамханалардағы сыйымдылық 50 проценттен аспау керек. Дүкендер түнгі 10-ға дейін ғана жұмыс істейді. Айта кеткен жөн, жуырда Испанияда коронавирусты жұқтыру деректерінің саны бір миллионнан асты. Көршілес Ресейде кезекті антирекорд. Бұл жолы бір тәулікте коронавирусты 17 340 адам жұқтырған. Эпидемия басталғалы алғаш рет деректер саны 17 мыңнан асып отыр. Ең көп жұқтыру бұрынғысынша Мәскеуде. Кейінгі тәулікте қалада 5 478 адамнан індет ізі анықталған. Бұл күз басталғалы ең жоғары көрсеткіш. Көрші елде қыркүйектің басынан бері коронавирусты жұқтыру деңгейі артып барады. Эпидемиологиялық ахуалдың нашаралуына қарамастан билік қайтадан қатаң карантин енгізбейтінін айтып отыр.


25 қазан 2020 ж. 579 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031