» АҚТАҢДАҚТАР ЕСІМІ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

АҚТАҢДАҚТАР ЕСІМІ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

Еліміздің даму тарихында өзіндік орны бар, аты беймәлім болып келген тұлғалардың атқарған істері, өнегелі өмірі арқылы біз әр кезеңге қатысты шынайы тарих беттерін ашып келеміз.Тоталитарлық Кеңес дәуірінің саясатына сай еліміздің талай зиялы азаматтың есімдерін атауға, олардың еңбегін насихаттауға, шынайы тарихи деректерді жариялауға тыйым салынып келді. Міне, осындай беймәлім болып келген тұлғаның бірі – Қармақшы ауданының тумасы Ерғали (халықпен Ерім аталған) Елекейұлы Қасымов болатын.
1917 жылы ақпан революциясы жеңісі туралы хабар келісімен сол жылы Ақмешіт қаласында басқа да комитеттермен қатар Ақмешіт Уездік Қазақ Ұлттық комитеті құрылып, халық комитет төрағасы қылып Ерғали Елекейұлын сайлайды. Бұл комитет болуы керек ұлттық дербес мемлекеттің алғашқы құрылымдары болатын.
Мұстафа Шоқай 1917 жылғы Ақмешіт қаласына қатысты естелігінде « ... осында тұратын біраз ұлт өкілдерін танимын. ...Тілмаштар арасында бір абзал азаматты жақсы танимын. Ол Ақмешіт басқармасы жанында тәржімашылық ететін Ералы (Ерғали) Қасымұлы деген кісі. Оның рухани тазалығын, дүниеге, ақшаға қызықпағанын, азғындық жолына түспегенін зор сеніммен айта аламын. Ол өте діншіл кісі еді. Жалған сөйлегенді – күнә, параны – арам деп есептейтін. Пара алған мұсылманның діннен айырылып, кәпірге айналатынына сенетін....», – деп жазған. Міне осындай адамға үлкен сенім артып халық оны Комитет төрағалығына ұсынған. 1925 жылдың 25 нау­рызында Ақмешіт Уездік Атқару Комитеті мо­йындап, Ерғали Қасымов Ақмешіт Уездік Ұлттық Қазақ Комитетінің төрағалығына салтанатты түрде сайланады.
Ерғали Қасымұлы 1869 жылы Қармақшы ауданы қазіргі Дүр Оңғар (Төрткүл өңірі) елді мекеніне қарасты аймақта төре әулеті (Ермұхамед) Елекей сұлтан Қасымұлының отбасында дүниеге келген. Ой, пиғыл, тән тазалығының арқасында халық сеніміне бөленген, алғашқы мемлекеттік құрылымның бірі Уездік Ұлттық Қазақ Комитетін басқарып, дербес, еркін ұлттық мемлекетіміздің құрылуын аңсап, осы жолда зор үлесін қосқан тұлға. Алаш қозғалысының мүшесі.
Осындай, халқына қаймықпай қызмет еткен тұлғаның бірі, еліміздің даму тарихында өзіндік орны бар, ұстаздық, саяси-қоғамдық еңбектерімен республикада танымал, Қазақстандағы алғашқы ұстаздардың бірі Ыбрагім Елекейұлы Қасымов болатын. Ы.Қасымов 1880 жылдың 13 мамырында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар елді мекеніне қарасты аймақта Елекей сұл­тан отбасында дүниеге келген.
Өмірінің соңына дейін халықты сауаттандыру, білім беру, оқу-ағарту ісін ту етіп көтеріп, өз еліне, ұлтына, оның болашағына өмірін сарп еткен тұлға.
1909 жылы ауқаттылардан қаржы жинап, Қармақшы ауданының орталығында алғашқы мектеп салған. Бұл салынған мектеп халықта «Ыбырай төре мектебі» аталып кеткен. Кеңес үкіметі кезінде де осы мектепте ұстаз, меңгеруші болып қызмет атқарған. Аталған мектеп негізінде Кеңес дәуірінде 1917 жылы аудан орталығындағы алғашқы бастауыш, кейін №26 қазақ орта мектебі құрылған. 1920-1922 жылдары Қасымов Шымкент қаласындағы алғашқы мұғалімдер дайындайтын өлкелік мектеп директоры қызметін атқарады.
1922 жылы Қазалы уездік Советтер сьезі шешімімен Қармақшы аудандық атқару коми­те­тінің тұңғыш төрағасы болып сайланған. Оған «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ұстаз» атағы берілген. 1927 жылы ұстаздық, сонымен қатар Республика алдындағы революциялық және қоғамдық еңбектері үшін 47 жастағы Ы.Қасымовқа «Одақтық дәрежедегі дербес зейнетақы» тағ­айын­далған. Аштыққа ұшырап жатқандарға көмек көрсету жөніндегі Түркістан ОАК Кирсекциясының Қармақшы-Қазалы төңірегіндегі арнаулы өкілі, аудан, аймақ төңірегіндегі комиссариаттар, ұйымдар басшысы қызметтерін атқарған. Елдегі халықтың тұрмыс шаруашылық саласын қалыптастыру және аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетудегі сіңірген еңбегі үшін КССР Өкіметімен (30.10.1923 жылы №1028) алғыс жарияланған.
Ы.Қасымов 1917 жылдың шілде айының 21-28 күндері аралығында Орынбор қаласында өткізілген Бірінші жалпы қазақ съезіне Сырдария облысынан депутат болып сайланып қатысқан. Бұл съезде «Алаш» партиясы құрылған. Ал осы жылдың желтоқсан айында өткізілген 11 жалпы қазақ съезінде Алаш автономиясының немесе қазақ мемлекеттігінің құрылғаны жарияланып, Алашорда өкіметі сайланған.
Кеңес өкіметі дәуірінің өзінде халыққа, елге, ұлтына аянбай қызмет етіп, еңбектері оңды бағаланғанымен де Ы.Қасымовтың хан, сұлтан ұрпағы, Алаш қозғалысының мүшесі болғаны алдына тартылып, жалған жала негізінде мемлекеттік саяси қылмыскер ретінде айып тағылып, 1937 жылы сотталған. Әкесі Елекей Қасымов хан, сұлтан болған. Ата, бабалары Қасым хан – Бөлекей хан – Ералы хан – Әбілқайыр хандар.
Дегенмен уақыт келе тағылған жалған жала әшкереленіп, Ы.Қасымов 1957 жылы айыптардан ақталған. 15.07.1957 жылғы Өзбек ССР-нің Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының қаулысымен Ыбрагім Елекейұлы Қасымов 21.11.1937 жылғы Өзбек ССР-нің НКВД үштік қаулысымен тағылған айыптардан ақталған (16.08.1957 жылғы №1-24 санды Өзбек ССР-нің Жоғарғы сотының анықтамасы).
Екі түрлі дәуірде өмір сүріп, бірақ халқына, ұлтына деген ықыласы, ісіне деген сенімі өзгермеген Ыбрагім Елекейұлы Қасымовтың атқарған ісі, есімі ел аузында қалды. Атылған Ы.Қасымовтың мәйітінің қайда жерленгені анық болмағанымен, оның әкесі Елекей сұлтанның бейіті «Дүр Оңғар» елді мекенінің солтүстік-шығыс беткейінде Сырдария өзенінің арғы бетінде отбасылық қорымда орналасқан.
Ыбрагім Елекейұлы Қасымовтың халқына, еліне көрсеткен қызметі, өнегелі өмірі үлгі тұтылып, 2018 жылы Қармақшы ауданының орталығы Жосалы қыстағындағы бір көшеге оның есімі беріліп жаңғыртылды.
Осы өлкенің тағы да бір саяси қуғын-сүргін құрбаны Айманша Үсенов 1899 жылы №3 ауылда Үсен сұлтан Елекейұлының отбасында дүниеге келген. 1934-1937 жылдары Қармақшы ауданы «Төрткүл» колхозының төрағасы қызметін атқарған. Сырдария жанында зауыт салып, кендір жібін өндірген. Егін егу, басқа да шаруашылық түрлерін ұйымдастырып жүргізген.
Алайда, хан, сұлтан ұрпағы төре әулетінің өкілі Айманша Үсенов жалған жаламен тағылған айып негізінде 1937 жылдың 27 қарашасында қамауға алынып, заңсыз сотталған.
ҚазССР-і Жоғарғы сотының 29.04.1968 жылғы қаулысымен 1937 жылдың 28 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы НКВД-мен А.Үсеновты РСФСР-дің қылмыстық кодексінің 58-10 бабымен кінәлі деп танып 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына соттау жөніндегі үкімі қылмыс құрамының болмауына байланысты бұзылып, А.Үсенов тағылған айыптан ақталған. Тағы да бір кінәсіз адамның таза есімі қалпына келтірілген. «Айманша көлі», «Айманша қыстауы» деген көл, жер аттары қазірге дейін сақталған. Қармақшы ауданына (Төрткүл өңірінде) қарасты №4 ауылда, қожа руынан Мәдірайым ишан отбасында 1907 жылы дүниеге келген «Комсомол» колхозының тұрғыны Сағат Мәдірайымов дәлелсіз негіздермен 1938 жылдың 19 қаңтарында қамауға алынып, РСФСР-дің қылмыстық кодексінің 58 бабының 10 бөлімі, 58/11-баптарымен айыпталған.
«С.Мәдірайымов совет үкіметіне қарсы ұлттық контрреволюциялық ұйымның мүшесі бола тұрып, солардың тапсырмасын орындау мақсатында Партия және Өкімет көсемдері аттарына кір келтіру, Партия мен Өкімет тарапынан ұйымдастырылып жатқан шараларға қарсы әрекеттер жасауды насихаттау шараларын жүргізген. Октябрь революциясының 20 жылдығы мерекесіне сәйкес өткізілуге тиісті колхозшылар жиналысын өткізбеуге әрекет жасаған. СССР Жоғарғы Советіне сайлауды өткізу дайындығы кезінде халық арасында котрреволюциялық насихаттар жүргізген. ......» деген айыптар тағылған. Жалған айыппен 1938 жылдың 14 ақпанындағы Оңтүстік Қазақстан НКВДБ-ның шешімімен 10 жылға Сахалин түбегіндегі концлагерге жаза өтеуге сотталған. Өмірден өткен ишанның қарапайым баласын, дін ұстанғаны үшін оны мемлекетке қарсы, қауіпті халық жауы қылып сипаттап, саяси қылмыскер деп танып ауыр жазаға соттаған. Бұл сол кезеңдегі кеңес үкіметінің жүзеге асырған солақай саясатының нәтижелері болатын.
Қызылорда облыстық соты президиуымының 1958 жылдың 1 сәуіріндегі қаулысымен жоғарыда аталған үштіктің С.Мәдірайымов жөніндегі шешімі айыптың дәлелсіз болуы себепті бұзылып, қылмыстық іс қысқартылған. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 12.05.1994 және 28.11.1997 жылғы қорытындылары негізінде С.Мәдірайымов тағылған айыптардан ақталған.
Жоғарыда аталған саяси қуғын-сүргінге ұшырап құрбан болған тұлғалардың есімдері жазылған мраморлық тас белгісінің туған жерлері Дүр Оңғар елді мекені орталығынан орын алуы бұл кейінгі ұрпақпен білдірілген тағзым деп санаймыз.
Рахат МЕДЕШОВ.
---
04 маусым 2019 ж. 730 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 159

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930