» ҮЙІРМЕГЕ ҮЙІРСЕК, ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫН

ҮЙІРМЕГЕ ҮЙІРСЕК, ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫН

Редакцияға қарсы бетте сырты жаңартылып, қоршауы өзгешеленген ғимарат бар. Бұл – оқушылар үйі. Сыртынан қарасаң, кәдімгі бес-алты бөлмелі баспанаға ұқсайды. Алайда, оның ішінде бүтіндей 29 үйірме жұмыс істейді. Мың бір жүз бала сол ғимараттың ішінде сабақтан бос уақытын өткізіп, тиімді пайдаланып жүр. Қандай жүйе болмасын біз өзімізге икемдеп алатын қасиетке иеміз ғой, тіпті кейбір ата-аналар өздерінің мүмкіндігі болмаған соң үйірме жетекшілеріне балаларының үй тапсырмасын да орындатуды өтінеді екен. Мұндағы ұстаздар да «бұл менің міндетім емес» деп ат құйрығын шорт кесісіп жатқан жоқ, керісінше, бала болашағына тиер үлес болсын деп білек сыбана кірісіп кеткен.
– Үйірмелердің барлығы дерлік осы ғимараттың ішінде өтеді. Мектеп бағдарламасына зиянын тигізбесін деп сабақ кестесімен санасып уақытын қоямыз. «Робототехника», «Өлкетану», «Ақ қауырсын», «Құм анимациясы», «Креатив», «Жайдарлы жасұлан» тәріз­ді үйірмелер кабинет ішінде өтеді. Спорттық үйірмелеріміз де бар. Бізде спорт залы болмағандықтан, олар мектептерде өтеді, – деді бізбен әңгімесінде оқушылар үйінің директоры Индира Әбдібекова.
Оқушылар үйінде жетістік желкенін керген оқушылар да жетіп артылады. Бойына таланттың түр-түрін жиған балғындар өнер әлемінің есігін әлде­қашан қаққан. Қазір мұндағы жетек­шілердің барлығы да «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп, соңынан шәкірт тәр­биелеуді қолға алған. Бұл ретте, «Креатив» үйірмесінің жетекшісі, белгілі қолөнерші Сәуле Сериеваны, жас та болса, жиған-терген тәжірибесін ел мүддесіне жұмсап жүрген «Құм анимациясы» үйірмесінің жетекшісі Самат Өскеленовті айтуға болады.
“Дереккөзге жүгінсек, кентте 3740 оқушы бар. Оның 1100-і үйірмеге үйір. «Көрсем, білсем, үйренсем» дейді. Мұның өзі зор жетістік.  Облыс әкімдігінен үйірмелердің санын арттырып, балалар­дың қатысуын көбейту тапсырмасын мойынға артқан хат та келіпті. Алайда, директор өздерінің отырған ғимаратының ондай мүмкіндікті көтер­мейтінін айтады.
– Әрбір үйірмеге өздеріне сай қажеттіліктермен қамтысақ дейміз. Әйткенмен, мәселенің барлығы қара­жатқа кеп тіреледі. Мысалы, «Биоәлем», «Жас натуралистер», «Зерде» үйірмелері үшін жан-жануарларды асырап та көрдік. Бірақ, оның жем-шөбі, басқасы артық салмаққа айналды. Қоянға дейін асырадық бір кездері. Бұл күнде балалар кітаптан көрген жануарлар мен өсімдіктерді емес, өздері күнделікті көзбен көріп, қолмен ұстап жүргенін зерттеп келеді. Мысалы, мысық, қой, асқабақ деген тәрізді. Бұл олардың өз ойын еркін жеткізіп, белгілі бір нәрсені зерттеуге ынтасын арттырады, – деді И.Әбдібекова.
Бір айта кетерлігі, таяуда ғана ашылған «Руханият» үйірмесі аудандық емхананың психология кабинетінде орналасыпты. Ондағы мүмкіндігі шектеулі балалармен араласып, оларды қоғамнан шеттетпей, ортаға қосып жүр екен. Бұл – игі іс.
“«Өлкетану» үйірмесінің мүшелері экспедиция жүргізіліп жатқан тарихи орындарға сапарлап келетін көрінеді. Жуырда олар «Сортөбе» қалашығына барып келіпті. Мұнда да мекеменің арнаулы жолаушылар көлігі болмағандықтан тағы да жекелерге өтініш айтып, жетекшілер өз қалтасынан қаражат шығарып, саяхаттап келеді. Бюджеттің бүйірі қанша томпайса да, бұл тұрғыда қаржы қаралмапты. Әрине, ұрпақ – ұлттың қазынасы деп мінберлерде кеудені керіп мақтана айтқанмен, ісіміз оған сай келмей тұр. Тағы да сол мұғалімдер қауымын қамшылаймыз да жатамыз.
Төрт баласын жетектеп, үйірме жағалап жүрген ата-ана Назгүл Шындәулетовамен жолығып қалдық. Жас ата-аналарға балалардың үй тапсырмасын орындату қиынға соғады екен. «Қазір өзіміз де жаңа үйреніп жүргендейміз» дейді қалжыңдаған кейіппен ол.
– Мұнда қызықты. Көзімізді тырнап ашқаннан балаларымызды ертіп осында келеміз. Біздің үйреткеніміз бөлек, ұстаздардың үйреткені бір басқа. Сондықтан, «торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген қазақпыз. Үй тапсырмасын орындауға балалар да осында келуге ынталы. Таңертең келгеннен түске дейін осында боламыз. Бірнеше үйірмеге қатысамыз, – деді Н.Шындәулетова.
Қуанғанымыз, төл өнеріміз айтыс «жоқ» болған жоқ. Ол – өміршең. Алдашбай ахун ауылында «Айтыс өнері» үйірмесі ашылды. «Әдетте елді мекендерден де үйірме ашуға мүмкіндік болмайтын. Бұл – ауылдағы алғашқы жұмысымыз» деді әңгіме арасында директор. Қазірдің өзінде үйірмеге 48 бала қамтылған. Ауық-ауық аудандық айтыстар, мүшәйралар өткізіліп, мүшелері қатысып отырады.
Бұл күнде ұлттық өнерді жанына серік еткен көнекөздеріміз де азайып барады. Ал бізде «Өнерді үйрен де, жирен» деп, қарияларымыз қасымызда болғанда алып қалғымыз жоқ. Индира Жанайдарқызы киіз басу, кілем тоқу, ұршық иіру тәрізді қазақы иісі аңқыған қолөнерді көнекөздерден үйретуге үйірмелерді даярламақ. Біз мекеме басшысының бұл тірлігіне сүйсіндік. Мұнда қазір арнайы компьютерлік кабинет те бар. Қажет суретіңізді принтер арқылы 3D күйінде шығарып, қолыңызға аласыз. Балалар мұнда заманауи технологияларды меңгеру үстінде. Тамаша емес пе?!
Түйін.
«Балалар бұзықтыққа барды» деп дабыл қағып жатамыз. Көбіне-көп бұзықтықтың іргетасы мектептегі оқушылық күндерден бастау алады. Кенттегі барлық оқушының үштен бірі үйірмеде жүр, басқаларының бас ауыртар мәселесі болмағаны ғой. Ал, оларды үйірмеге үйіріп әкелетін мүмкіндік жоқ. Орын санаулы. Әйткенмен деймін де, шаршы топты жарып шығып, байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда қанжығасына жүлде байлап келіп жатқан үйірмедегі достарына неге үйір болмайды? «Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деп, тәртіптіні тентек үйрететін болды ма? Не де болса, тәрбиенің тал бұлағы шаңырақтан шаңын қағып, түзетіп алған жөн тәрізді. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген бар еді ғой.
Дәулет ҚЫРДАН
---
20 қараша 2018 ж. 1 626 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930