» » Миы миллионға бағаланар болашақ маман

Миы миллионға бағаланар болашақ маман

Үстел үстіне жайып тастаған түрлі үлгідегі шағын роботтарды көріп, құдды бір зауытқа кіргендей болдым. Дызылдап бір-бірінің соңынан еріп жүр. Анықтап қарасаң, барлығының атқарар өз функциялары бар. Ауылшаруашылығы саласына қомақты үлес қоса алар аппараттар тәрізді деп ойладым алғашында. Сөйтсем, жаңылыспаппын. Аудандық оқушылар үйіндегі «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі Ерболат Сұлтанбаев құрастырылған роботтардың көбі агросаланы өрге сүйрер еді деді. Әттең, мұндағы балалардың қиялынан туындаған техниканы жүзеге асыруға инвестордың болмай тұрғаны... Әйтпегенде, біздің елде де ойы ұшқыр балалар жетіп артылады. Солардың бірі – Қуаныш Сұлтанбеков.
Тоғызыншы сыныпта оқитын Қуаныш үйірмеге төрт жылдан бері қатысады. Осы уақыт ішінде талай додада топ жарды. Қарағанды қаласында өткен «RoboLand-2018» Халықаралық байқауында үйірме мүшелері алғашқы бестікке енді. Онан бөлек, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да өткен «Казроботикс» федерациясының ұйымдастыруымен өткен облыстық жарысқа қатысқан қармақшылық 26 өреннің 16-сы жүлделі қайтты. Мұның барлығында да Қуаныш Сұлтанбековтің қосқан үлесі зор.
– Алдыңғы қатарлы шәкірттерімнің бірі. Болашағынан зор үміт күтемін. Қай уақытта да өзінің ерекшелігін көрсетіп жүреді. Сондықтан атқа шапса, тақым қысамын. Өйткені, менің еңбегімді көрсететін шәкірттерімнің бірі осы – Қуаныш. Ал елдегі кей оқу орындары әлден біздің балалардың тізімін алып қойған, – дейді мақтан етіп жүрген ұстаз Е.Сұлтанбаев.
Жас өнертапқыш болашақта ІТ саласының маманы болуды көздейді. Алдына мақсат қойып, сол жолда тер төгіп жүргені тәнті етті. Өзі құмырсқа деп атайтын роботтың ерекшелігін түсіндірген ол алдағы уақытта тіпті малға шөп салып, жем беретін, айтқаныңызды істеп, алыстан ауыр салмақтағы жүкті таситын құрылғы екенін алға тартады.
– Ата-анам жеке кәсіпкер. Менің бұл ісімді қолдайды. Зор сенім артып отыр. Ұстазым да өзі білетіннің бәрін біздің санамызға құяды. Болашақта тек робот жұмсап отыратын күнге де жетеміз. Қазірдің өзінде мына құрастырылған әрбір робот үлкен бір техниканың кішірейтілген нұсқасы. Дап-дайын, тек іске асыру керек, – деді Қуаныш.   
Үйірме жетекшісінің айтуынша, алдағы уақытта жамбы ату, асық ату тәрізді ұлттық ойындарымызды осы роботтардың бағдарламасына енгізу жоспарланған. Ұстаз қазір пісіп тұрған жобаны инвестор арқылы іске асырар күн алыс емес екенін жеткізді. Қазір мұнда 5-10-сынып аралығында 34 бала үйренуде. Олардың әрбірінің өзіндік идеясы, ұшқыр қиялы бар. Қиял дейміз-ау, осы күнгі тікұшақ пен ұшақтың, ракетаның, тіпті көліктің осындай қиялдың жемісі екенін де ұмытып барамыз. Демек, олардың мүмкіндігі жоғары.
Түйін.
Бір кездері теледидарды пультпен басқару, қозғалыс арқылы жанатын шамдар, автоматты жарық тәрізді дүниелер біздің түсімізге де кірмеген еді ғой. Ауылдың қара сирақ баласына сол кезде біреу мынаның бәрін айтса, «қияли» деп мазақ ететін. Ал қазір сол түсімізге енбеген дүниелер алақанымызда тұр. Демек, бұл кезең – IT мамандарының дәуірлер шағы, олардың алтын ғасыры.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
26 маусым 2018 ж. 1 334 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031