АҒАНЫ АҢСАУ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы», бірнеше кітаптың авторы, біртуар азамат Нұртілеу Салықовтың рухына арналады.
Көркейтіп көңілімді гүлдеткендей,
Аға едің алдыма ұстап үлгі еткендей.
Отырмын көңілді сол толтыра алмай,
Өзіңмен көшіп ауыл бір кеткендей.
Даланың жайлауындай кең едің ғой,
Асқарлы асуы бар бел едің ғой.
Төмендеп төрге озбай өзің барда,
Алдымда ағам бар ед дер едім ғой.
Тосылып неден бүгін жасқанамын,
Сөзімді неден дұрыс бастағаным?
Ботадай боздап көңіл кетеді екен,
Жыр жаздым болмаған соң басқа амалым.
Төгіліп маржан жырым қанасынан,
Жанымды айықтыршы жарасынан.
Алтынның кем көрмейтін бағасынан,
Айрылған қиын екен қарындасқа
Айналып, толғанатын ағасынан.
Батырсың кеудең бір өр басылмаған,
Шешенсің топқа түссе тосылмаған.
Бөгетті бұзып өтер батыл едің,
Жүрегің ешнәрседен шошынбаған.
Күш алып қуаттанар қайратым ең,
Жаныма шуақ шашып жайнатып ең.
Арманға қол создырып алыстағы,
Ақылдың тереңіне бойлатып ең.
Жалғанның жанарында жүргеніңде,
Салған жол, анық еді сүрлеуің де.
Қолыңнан қалам түспей кітап жаздың,
Шамаңыз келмесе де түргелуге.
Нық басып аяғыңды қарыштаған,
Қалды жол жүріп әлі тауыспаған.
Ардақты, аяулы да, асыл аға,
Бейнеңді сағындық қой алыстаған.
Таудан асып бара жатқан алыптай,
Қыран бейнең қалды көзде қалықтай.
Ұзап бара жатсың аға жанымнан,
Ымырттағы сөнген соңғы жарықтай.
Кетсе-дағы бұлдырап құр елесің,
Бәріне де екенсің ғой көнесің.
Еске алған сайын сені жаныма,
Бір мейірім, бір жылылық төгесің.
Аңсап жүрмін ағаның ақ тілеуін,
Солқылдадым сынғандай-ақ тіреуім.
Қиын екен мына мұңды көтеру,
Жіберіңдер қолдан тартып біреуің.
Талайлы ДОСЫМОВА















