Сазгердің толағай жеңісі
Қуанышты бөліссең көбейеді деген дана халық. Шығармашылығында 80-ге жуық әндері бар ауданның дарынды тумасы Керекжан Құлмырзаевты танымайтын жан жоқ шығар. Талантымен талайды сүйсіндірген өнер иесінің есімі тек ел-жұртқа емес, тыңдарманға «Қармақшым», «Көктем қыз», «Анашым», «Дос сағынышы», «Ақ бөпешім», «Той жыры», тағы да басқа әндерімен таныс. Жақында композитор «Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері» атты республикалық байқаудың жеңімпазы атанды.
ҚР «Bilim-Orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауының негізінде өткен. Байқаудың ережесі бойынша композитордың осы уақытқа дейінгі еңбек жолы, шығармашылығы, жеткен жетістіктері сарапқа салынып, қазылар алқасының шешімімен талапқа сай деп танылған.
Керекжан Қожанұлы облыстағы «Сыр сұлуы» ансамблінің белді мүшесі болып, 1980 жылы Ақтөбе қаласында өткен әншілер байқауында лауреат атанған. Аудандағы мектептің бірінде ән-әуез пәні мұғалімі болып, кейін еңбегімен көзге түсіп, 1983 жылы аудандық мәдениет үйінде директорлық қызмет те атқарған. Творчестволық өмір жолында түрлі үлкен байқауларға қатысып, биіктен көрінген. Ауданда Жарқын Шәкәрімовтің ұйымдастыруымен «Жетіасар» фольклорлық ансамблі құрылып, онда Керекжан ағамыздың орындауында орыстың халық әні «Метелица», Сегіз серінің әні «Ақбаян», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Нұрғиса Тілендиевтің әні «Жан сәулем» республикалық телевидениенің «Алтын қорына» жазылған. Осындай жетістікті ескерген орталық арнайы І дәрежелі дипломын табыстап, кеудесіне «Қоғам қайраткері» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар Керекжан Құлмырзаевтың есімі республикалық байқаудың материалдар жинағына енді.
– «Талант тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген. Бала кезден бойға біткен дарынның арқасында өнер иесі атандым. Еңбек жолында жүріп, шығармашылықпен айналысып, көптеген әнім өмірге келді. Талай ауданның өнерпаздарымен күннің ыстық-суығына қарамай далада концерт қойып, ауызбіршілікпен жұмыс істедік. Оның өзі мен үшін бір үлкен естелік, тарих. Биыл міне осы атқарған еңбегім, жетістіктерімнің арқасында байқаудан жеңімпаз атандым. Оның өзі маған үлкен шабыт. Әлі де шығармашылығымды жалғастыратын боламын, – дейді өнер иесі.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ