Ерлік ескерусіз қалмайды
Тіршілік иесі болып жаратылғалы адам баласы жан-жақтылығымен, ерекше қабілетімен өзін қоршаған ортаны бағындырып келеді. Соның бірі – ерлік ісі. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ержүрек батырларымыз қай заманда да болған, бола береді де. Дегенмен, ерлік жасау майданда қару асынып, жаудың бетін қайтарудан, күш сынасудан тұрмайтыны анық.
Бейбіт күнде төнген әртүрлі қауіптің бетін қайтарып, алдын алуда алдына жан салмаған батыл да қайсар жандарды да қаһармандар қатарына қосамыз. Мәселен, жалындаған өртпен алысып, қала тұрғындарының қауіпсіздігі жолында өз өмірлерін қиған кешегі Арыс пен Байзақ оқиғасының құрбандары ерлікпен қаза тапты емес пе?! Суға кеткен адамды құтқару, жол апатынан зардап шеккен жанға барынша көмек көрсету, өрт лаулаған жерден адамдарды алып шығу, тіпті қатыгез, жауыз адамның қолына тап болған жанға араша түсу – бәрі де ерлікпен пара-пар.
Осы орайда, Чехословакия мемлекетінде әскери міндетін өтеп жүріп, Крупка-Богосудов қаласына төнген қауіпті сейілтіп, жолдастарымен бірге мерт болған Ақтөбе ауылының тұрғыны Серік Ұзақбайұлын да бейбіт күннің батыры деп атаймыз. Нақтырақ айтар болсақ, 1991 жылдың 9 қаңтарында Чехословакияның Крупко-Богосудов қаласында орналасқан әскери бөлімдегі танкіден өрт шығып, қала халқына үлкен қауіп төнеді. Осыны сезген әскери қызметкерлер танкіні жедел қала сыртына шығарады. Сол сәтте қару-жарақ толы танкі жарылып, 17 адамның өмірін қиған еді (3 офицер, 14 сарбаз). Ол оқиғаның орын алғанына да аттай 30 жыл өте шығыпты. Кешегі қылшылдаған жиырмадағы жас жігіт бүгінде ердің жасы елуді еңсеріп, құрдастарымен бірге асқар тау әке, тіпті келін түсіріп, қыз ұзатып, немере сүйген ата болып отыратын уақыт екен-ау! Алайда, Отан алдындағы борышын өтеп жүріп, аман-есен аттанған туған жерінің топырағына маңдайын тигізіп, тәу ету бұйырмады. Елден жырақта ерлікпен қаза тапты.
Сыныптастары, яғни 1971 жылы дүниеге келген азаматтар, осынау мерейлі 50 жасқа аяқ басар тұста өткенге шолу жасап, қыршын кеткен есіл азаматты еске алу жолында игі істерді қолға алды. Ауыл орталығындағы «Ерназар Сексенбаев атындағы саябақтан» орын алып, Серік Ұзақбайұлына арнап ескерткіш тақтасын орнатты. Осы жылғы қазан айының 9 жұлдызында туған шаңырағында Серік Ұзақбайұлына және қаза тапқан басқа да сыныптастарына арнап ас берілді.
Серіктің туғандарының, ұстаздарының, сыныптас достарының естеліктерінен құралып, елі үшін туған ердің балалық, оқушылық, бозбалалық шақтарындағы болмысын, тұлғасын еске түсіріп, ерен ерлігін келер ұрпаққа үлгі ету мақсатында шағын кітапша шығарылып, көпшілік қауымға таратылды.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, сауапты істің басы-қасында жүрген Нұрлан Мәтжанов, Дәулет Байғараев, Марат Өтемаханов бастаған ағаларымыздың есімін ерекше атап айтқым келеді. Серік Ұзақбайұлы қаза тапқан оқиға жайлы деректерді жан-жақты іздестіру, естеліктерді жинақтау, оның кітапша болып шығуына Айша Бақбергенова көп еңбек сіңірді. Ол орыс тіліндегі ақпараттарды қазақ тіліне аударып, жарылыста қаза тапқан басқа да қазақ жігіттерінің туған-туыстарымен және Серікпен әскери бөлімде бірге болған сұлутөбелік Серік есімді азаматпен байланысқа шығып, мәліметтер қатарын толықтыра түсті.
Асқа Атырау қаласынан Серікпен әскери борышын бірге өтеп, жарылыста бірге қаза тапқан Мұрат Кушенұлының Гүлмайра есімді қарындасы арнайы келіп қатысты. Осынау істердің атқарылуына мұрындық болған да сол кісі. Осыған дейін Гүлмайра ауылға келіп, ағасымен бірге мерт болған Серіктің туыс-туғандарын іздестіріп, тілдескен екен. Ол тіпті Чехословакияның Крупко-Богосудов қаласына табан тіреп, қаза тапқандардың рухына арнап қойылған ескерткішке тағзым етіп келіпті. Ерлігі ескерусіз қалған ерлердің есімдерін жаңғыртып, жаңа буын ұрпаққа таныстыру керектігін тілге тиек еткеннен кейін жоғарыда аталған шаралар оң шешімін тауып, жүзеге асырылды.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді», – деп жырлаған екен жетісулық ақын Ілияс Жансүгіров. Иә, елі тұрғанда мұндай азаматтардың ерлігі өшуге тиіс емес. Керісінше, уақыт көші алға озған сайын ұрпақ санасында жаңғырып, өскелең ұрпақ бойында ерлік пен отаншылдықтың рухын оятып тұруы керек. Ерлік ешқашан ескерусіз қалмайды!
Лаура БАҚТЫБАЙ,
Ақтөбе ауылының тумасы