» » Рухани сабақтастық – өнегелі ұрпақтың жолы

Рухани сабақтастық – өнегелі ұрпақтың жолы


Ауданға қарасты Ақтөбе ауылындағы «Әбу Ханифа» мешітінде қасиетті Құран жарысы ұйымдастырылып, елге сыйлы, тақуа тіршілік кешкен, дін жолына бар ғұмырын арнаған Нияз молда Тасболатұлының рухына бағышталды.
Бұл игі шара ел ардақтысының ұрпақтары, ағайын-жұрты мен ауыл азаматтарының қолдауымен, Алланың разылығын көздей отырып ұйымдастырылды. Қасиетті Құранды ұлықтап, ізгілікпен өткен атаны еске алу ауыл халқының имандылыққа, руханиятқа деген шынайы ықыласын көрсетті.
Осы орайда Нияз молда туралы ақпарат бере кетсек. Ол мұсылмандық Шығыс өркениеті  дәстүрімен өмір сүрген, өзі игерген діни-ислам дүниетанымы қағидаларын қазақтың ата-бабалар қалыптастырған адамгершілік қасиеттер жолымен тұтастырған оқымысты. Ол 1884 жылы ауданға қарасты Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі Тасболат төрт түлігін өсіріп, бала-шағасына оң тәрбие беріп, оларды тоқшылық жағдайда қамтамасыз еткен еңбексүйгіш кісі екен. Бір өкініштісі, жары өмірден ерте озып, 7 бала анасыз қалады. Ол уақытта Нияз бес жаста болған екен. Ауыл аймағындағы ақсақалдардың, ел ағаларының, еті тірі азаматтардың жиі-жиі бас қосатын мәжілістерінде әкесімен бірге үнемі қатысып отыратын Нияз жасөспірім кезеңінен-ақ халқымыздың даналық тұжырымдары жинақталған мақал-мәтелдерін, би-шешендердің қанатты сөздерін, ақын-жыраулардың өсиет, насихат толғауларын тыңдап, санасына сіңіріп өскен.
Көкірегі ояу, көзі ашық Тасболат әкесі баласы Нияздың сергек ойлы, талапты, ынталы қалпын аңғарып, ең бірінші ауыл молдасына, одан кейін 14-15 жастағы жасөспірімді туған ауылынан жырақтау Ақмешіт қаласы мен қазіргі Жалағаш кентінің аралығындағы темір жолға жақын орналасқан Қалжан ахун Бөлекбайұлының мешіт-мектебіне оқытады. Қазақтың ата-баба қалыптастырған ұлттық тәлім-тәрбиесімен Ислам діні негіздерін ұштастырған Қалжан ахун мешіт мектебінен білім алған жасөспірім Нияздың жан дүние әлемін кеңейте түседі. Дүние сырларын білуге құмартып, алға ұмтылған талапты жас ауылы мен мектебіне қатынап жүрген кезекті сапарында Бұхара медресесінде ұстаздық атқаратын оқытушыларды жолықтырады. Бала Нияздың әңгімесіне қаныққан олар білім жолында Бұқараға бірге жүруді ұсынады. Нияз қуанып, келісім береді. Бір өкініштісі, мейірімі түсіп, оқуға шақырған ғалымның аты ешкімнің есінде қалмапты. Ол кісі бір жыл бойы Бұқара жері, ол жердегі оқу жайлы түсінік беріп, келесі жылы «Мір Араб» медресесіне оқуға түсіреді. Ол Бұқарадағы сәулет өнерінің XV ғасырдағы ең үздің ескерткіштерінің бірі. Бұл медресе өзінің білім беру, оқу дәрежесіне қарай төрт басқышқа бөлінген. Әрқайсысында білім алу мерзімі 3-4 жылды қамтиды. Барлығын толық аяқтаған шәкіртке «абыз», «молда», «халфе» немесе «мударис» деген атақ берілген. Жалпы оқу мерзімі 12-13 жылды қамтыған. Нияздың «Мір Араб» медрересіндегі оқуы, білім алуы осындай күрделі мазмұнды сипатымен ерекшеленді. Медресені 37 жасында аяқтап, діни исламдық молда дәрежесін иеленген Нияз өмірінің соңына дейін өзі туып-өскен өңірдегі ауылдардағы діни исламдық және қазақтың адамгершілік-имандылық дүниетанымы негіздерімен оқытуды, тәрбиелеуді шамасы жеткенінше жүзеге асырған. Оның мінезі салмақты, жұмсақ, сыпайы көңілді болған. Фәнидегі қарама-қайшылықты қасиеттер қақтығыстарының ортасына жүргенде кездескен қиын қыстау сәттердің барлығында да ол байсалды, байыпты мінез дағдысынан айнымаған. Бұл нағыз ұстазға тән асыл қасиет еді. Айналасына ілім нұрын шашып, ата дәстүрден айнымаған тұлғаны ауыл халқы ардақтысына балаған.
Осындай орны бөлек тұлғаны еске алуға арналған іс-шара аясында аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Нұрболат Ғабитұлы жиналған жамағатқа Құранның қадірі, сауапты істің мәні және өткенге дұға бағыштаудың артықшылығы туралы тағылымды уағыз айтып, көпшіліктің көкірегіне рухани нәр берді.
Жарыс барысында ауыл жастары қасиетті аяттарды көркем дауыспен, жүректен өткізе отырып оқыды. Жарыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне әділқазы ретінде Төретам кентіндегі «Ар-Рахман» мешітінің ұстазы Тасболат Төреханұлы мен Жосалы кентіндегі «Ораз Мұхаммед» мешітінің ұстазы Нұрбол Мирханұлы қатысып, Құран оқу нақышы мен тәжуид ережелеріне мән бере отырып, әділ бағаларын берді.
Сондай-ақ, осы сауапты шараның ойдағыдай өтуіне ауыл имамы Әмзе Дүкенбайұлы ұйытқы болып, ұйымдастыру ісін белсене атқарды.
Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Дінислам Насраддин жеңіп алса, ІІ орынды Нұрислам Мұратбеков, ІІІ орынды Нұржан Серікбай қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға қаржылай сыйақы табысталды.
Сонымен қатар, жарысқа қатысқан өзге де үміткерлерге қаржылай сый ұсынылды. Бұл – Құран үйренушілерге деген құрметтің, сауапты жолға бастайтын ізгіліктің белгісі.
Іс-шара барысында елдің абызы, еңбек ардагері Жақсылық Қыпшақбаев ақсақал сөз алып, Нияз атамыздың өмір жолын, ел ішіндегі беделін, дін жолындағы қызметін баяндап, көпшілікке тағылымды әңгіме арнады. Сондай-ақ, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келе жатқан ардагер ұстаз Қарлығаш Ермағанбетова апайымыз да сөз сөйлеп, Нияз атамыздың адамгершілік қасиеттерін, кішіпейілдігі мен парасаттылығын ерекше атап өтті.
Бұдан бөлек, ауыл ардақтысы, Кенжеалы бидің немересі Разия апа ақ тілегін арнап, батасын беріп, жүрекжарды ризашылығын білдірсе, елге сыйлы ана, шәкірт тәрбиелеу ісіне үлес қосып жүрген Айша Бақбергенова апай да шәкірттерге арнайы сыйлықтарын табыстап, сауапты іске демеушілік жасады. Осы рухани шара барысында асыл азаматтың ұрпақтары Мұстафа Тауфиқ пен Фазила Ниязова да сөз алып, әкелерінен көріп-білген тәрбиені, өнегелі істерін, дін жолындағы табанды қызметін жамағатқа баяндап, жүректен шыққан естеліктерімен бөлісті.
Жиын соңында ауыл мешітінде ақ дастарқан жайылып, елге ас беріліп, жамағат Нияз молда Тасболатұлының рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Ауыл тұрғындары түгелге жуық жиылып, үлкен-кіші демей сауапты іске ортақтасып, бірліктің, имандылықтың айқын үлгісін көрсетті.
Елі ардақтаған, дінге адал қызмет еткен Нияз молда Тасболатұлы — жүрегі иманға толы, халқын туралыққа бастаған, артына өшпес із қалдырған тұлға. Бүгінде оның ұрпағы мен ауылдастары сол кісінің есімін сауаппен еске алып, иманды ұрпақ тәрбиелеу ісіне үлес қосуда. Осы орайда ұрпақтары орны бөлек жиынның өтуіне үлес қосқан ауыл азаматтарына алғысын білдірді.  Үлкенді ұлықтаған мұндай игі шаралар көп болып, халқымыздың рухани бірлігі нығая беретініне сенім мол.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
23 тамыз 2025 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 258
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031