» » Жастардың еңбек лагері

Жастардың еңбек лагері

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Осыған орай елімізде жастарға арналған бағдарламалар, тың жобалар қолға алынып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. 2019 жылдан бері ауданда жастарға арналған дәстүрлі еңбек лагері өткізіліп келеді. Онда түрлі сала мамандарынан құралған жас­тар бас қосып, өзара пікір алмасады. Биыл да дәстүрден жаңылмай Қараөзек көлінің маңында жастарға арналған еңбек лагері өтті.
«Қармақшы Жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, аудандық ішкі саясат және Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткізілген іс-шараның басты мақсаты – табиғи эко­логиялық мәселелерге жастардың назарын аударту, оларды қоршаған ортаны қорғауға және еңбекке баулу, аудан жастарының ауызбіршілігін нығайту. Лагерьге ауданға қарасты кент, ауылдық округтердегі жастар саясаты саласына жауапты мамандар, жас­тар ресурстық орталығының қызметкерлері және белсенді жастар мен еріктілер қатысты.
Лагерь жұмысы аясында «Қараөзек» көлінің жағасында сенбілік ұйым­дас­тырылды. Белсенді жастар көл айна­ласын қоқыстан тазалады. Одан соң, спорттық ойындар ойналып, жастар сұқбаты өткізілді. Іс-шара әрі қарай жастардың аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлымен еркін форматтағы кездесуімен жалғасты. Кездесуде «Қоғамдық келісім» КММ бас сарапшысы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс пен «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Фархат Әбдібағдатұлы қонақ болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Ержан Уәйіс өнегеге толы өмір жолы мен ғибратқа толы оқиғаларын әңгімеледі. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылында Қазақстан халқы Ассамблеясының жеткен жетістіктері мен Сыр өңірінен шыққан текті тұлғалар туралы сөз қозғады. Тәуелсіздіктегі ұлы жетістіктеріміздің бірі – еліміздегі түрлі этнос өкілдері арасындағы бірлік пен келісімнің маңыздылығы жайында ойларымен бөлісті. Еңбек жолындағы түрлі оқиғамен бөлісіп, тарихы мол естелік суреттермен таныстырды.
– Бүгінгі бейбіт отырысымыз, осындай келелі кездесуіміздің барлығы – Тәуелсіздігіміздің арқасы. Осы егемендікті ата-бабамыз үш жүз жыл бойы аңсады. Сол тәуелсіздіктің күні сіздер мен біздерге, яғни ХХІ ғасырдың ұрпақтарына тиесілі болып отыр. Сол үшін біз Аллаға шүкіршілік етуден жалықпауымыз керек. Ел тарихын баяндайтын, текті тұлғалар дәріптелетін осындай жиындар көптеп өткізілгені жөн. Себебі бұл мұраны, мұндай құнды дүниелерді келер ұрпақ білуі керек, Қорқыттың, Марал бабаның, Тұрмағамбеттің өсиет сөздерін ұлықтап, ұрпақ бойына сіңірген абзал. Өйткені елдің болашағы жастардың қолында. Сіздер жан-жақты, білімді болуларыңыз керек. Жастары білімді болған мемлекет бай-қуатты болады, – деді қоғам қайраткері Ержан Уәйіс.
Жиын барысында аудан әкімі Қайрат Нұртай өз тәжірибесімен бөлісіп, түрлі бағыттар бойынша қызмет етіп жүрген жастардың ойын тыңдап, ашық пікірлесті. Сұқбат барысында бірнеше мәселе көтеріліп, аудан әкімінің назарына алынды.
Сондай-ақ, кездесуде мәдениет саласы бойынша биік белестерді бағындырып жүрген Берік Нұрланұлы мен спорт саласында жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жалынды жас Әділет Бауыржанұлы алғыс хатпен марапатталды.
Әрі қарай, іс-шарада кешкі алау жағылып, жастар гитарада ән салды. Түрлі саладан белсенді жастар бас қосқан іс-шара жоғары деңгейде өткізілді.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

23 қазан 2021 ж. 610 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031