Ескерткіш орнату тәртібін білеміз бе?
Аудан көлемінде ескерткіштер мен мүсіндердің орналастыру реттілігі жөнінде түсіндірме ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.
Ауданда жаңадан ескерткіш орнату мәселесі «Монументтік өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 103 бұйрығына сәйкес Мемлекеттік комиссияның оң қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
Ол үшін:
1) Облыстық комиссия төрағасының атына немесе ұйымдастырушы – Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына ескерткіш орнатуға ұсыныс хат жолданады;
Хатқа қосымша тіркелетін құжаттар:
- Ескерткіш орнату жөніндегі (аудан, қала бойынша) ұжымдық (шығармашылық одақтар) жиналыстың хаттамасы;
- Ескерткіш орнатылатын жердің (аудан, қала) жер қатынастары, қала құрылысы және сәулет бөлімдерімен келісілген сызбасы;
- Ескерткіштің орналасу схемасы;
- Орнатылатын тұлғаның өмірбаяны.
- Ескерткіш орнатуға қажетті қаржы және жер телімі мәселелері шешілгендігін нақтылайтын құжат.
2) Облыстық комиссияда ескерткішті орнатуға келісім беру мәселесі қаралады;
3) Облыстық комиссияның хаттамалық шешіміне сәйкес ескерткішті орнатуға келісім алу мәселесі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына облыс әкімдігінің ұсыныс хатымен жолданады;
4) Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның оң қорытындысы алынғаннан кейін, республикалық және жергілікті басылым беттерінде ескерткіштің эскиздік жобасына конкурс жарияланады. Конкурс мерзімі 30 күн;
5) Конкурс бойынша жинақталған жобалар облыстық комиссияда қаралып, іріктеледі. Облыстық комиссия іріктеген кемінде 3 эскиздік жоба Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Мемлекеттік комиссияға ұсынылады. Мемлекеттік комиссия үздік деген жобаны айқындайды.
Ескертпе:
1. Жер телімі, қаржыландыру мәселелері шешілмеген ұсыныстар Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына енгізілмейді.
2. Ескерткішті орнатуға және эскиздік жобасына келісім алу мерзімі шамамен 4-5 айды, сондай-ақ ескерткішті сапалы материалдан құю мерзімі 90 күнді қамтиды.