» » ҰБТ электронды форматта өтеді

ҰБТ электронды форматта өтеді

Барлық саланы дамыту мен ондағы сыбайлас жемқор­лықтың алдын алу үшін цифрлы нұсқаға көшу керек екенін сарапшылар жиі айтады. Міне, осындай ілгерілеу білім саласында да байқалады. Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу білім беру саласының тарихында алғаш рет биыл электронды форматта өтеді.


ҰБТ-ның жаңа форматы жайлы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова тестілеудің қалай өтетінін баян­дауға арналған брифингте: «Білім және ғылым министрлігі білім саласын дамыту, сапаны арттыру мақсатында бірқатар шешім қабылдады. Соның ішінде ашықтықты, адалдықты қамтамасыз ететін цифрландыру процесіне көшкеніне де біраз уақыт болды. Осындай бағыттағы жұмыстардың бір көрінісі – биыл ҰБТ-ны электронды форматта өткізуді жос­парлап отырмыз», деді.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 2004 жылдан бері қағаз нұс­қада өткізіліп келген еді. ҰБТ-ның нәтижесі бастапқы уа­қытта екі мәселенің шешімі болды. Біріншіден, мектеп бітіруші түлектерін қоры­тын­ды аттестаттау үшін қол­данылса, екіншіден, жоғары оқу орындарына түсу үшін мем­ле­кеттік білім беру грантын иелену мақсатында қол­данылды. Бүгінде аттес­тат мектептегі қорытынды емтихандар негізінде беріледі, ал тестілеу тек мемлекеттік грант алуға және еліміздегі жо­ғары оқу орындарының ақылы бөлімдеріне оқуға түсу үшін тапсырылады.
ҰБТ-ның жаңа форматы талапкерлер үшін қолайлы болмақ. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуын­ша, тест тапсырушы тес­ті­леудің өткізілетін орнын және уақытын өзі таңдай алады. «ҰБТ бұрынғыдай 10 күн­нің ішінде ғана емес, 3 ай бойы электронды форматта өт­кізіледі. Жаңа форматтағы тестілеудің ең ұтымды жері талапкер тестіні қашан, қай жерде өтетінін өзі таңдайды. Өзіне ыңғайлы күні мен уақытын таңдап, қолайлы жерде тапсырады. Сондай-ақ электронды ҰБТ тестіленушіге нәтижесін кешке дейін күтпей-ақ сол жерде алуына мүмкіндік береді. Ал тест нәтижесімен келіспеген жағдайда, тестіленуші сол сәтте-ақ, яғни 30 минут ішінде ап­пеляцияға өтініш беруге құқылы», деді Ә.Тойбаев.
Бұған дейін тестілеу қоры­тындысы ҰБТ өткізілген ме­ке­менің хабарландыру тақ­тасында қағаз нұсқада жариялан­ды. Ондағы ақпаратты сонда жүр­ген кез келген адам көре ала­тын. Бұл тестіленушілердің жеке дерегін жариялаумен тең еді. Кейбір түлектерге өзі­нің нашар нәтижесі үшін сы­нып­тастарының табалауына, төмендетуіне төзуге тура ке­летін. Енді электронды ҰБТ-ның қорытындысы тес­тіле­ну­шінің сайттағы жеке ка­би­нетінде ғана сақтаулы болады.
Ал Ұлттық тестілеу ор­та­лы­ғының басшысы Дидар Сма­ғұлов электронды ҰБТ-ның басты қағидасын түсін­дірді. «Жаңа форматтағы тес­тілеу «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша өткізіледі. Бұл дегеніміз – тестіленушінің компьютері бақылауда болады деген сөз. Яғни тестілеуді тапсыру процесі толығымен бейнежазбада сақталады. Электронды ҰБТ прокторинг жү­йесімен өтеді. Аталған жүйе тестіленушінің тест тапсырмаларынан бөлек басқа парақшаны ашуына, түрлі сайтты қарауына жол бермейді. Сондай-ақ кез келген адам тестілеудің өткізілу барысын www.education.kz сайтынан көріп, бақылай алады», деді ол.


08 сәуір 2021 ж. 413 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930