Көмірқышқыл газымен улану
Тұрмыстық уланулардың ішінде жиі кездесетіні – көмірқышқыл газынан улану. Ол пештің дұрыс жанбай, ыс шығару әсерінен, автокөліктен шығатын газдан және өрт болған жерде орын алуы мүмкін. Мұның ақыры адам өліміне дейін апаруы мүмкін. Өйткені көмірқышқыл газы өте улы және тым қысқа уақыттың ішінде ағзаға ауырлық туғызады.
Көмірқышқыл газымен уланудың клиникалық көрінісіне тоқталар болсам, ол үш сатыға бөлінеді. Алғашқы жеңіл сатысында бастың ауыруы және бас айналуы, лоқсу, құсу, әлсіздік кездессе, орташа ауырлықтағы сатысында адамның көзі қарауытып, әлсіздене түседі. Есеңгіреп, тіпті есінен де танып қалуы мүмкін. Ал ауыр түрдегі улануда сандырақтау пайда болып, түрлі тырысу, салдану процестері басталып, гипоксиялық кома дамиды. Тыныс және жүрек-тамыр функциялары бұзылады.
Ерекше есте ұстарлығы, уланған адамның тері жамылғылары мен кілегей қабықтары көп уақытқа дейін алқызыл түсті болады. Дәрігер келем дегенше уланған адамға мүмкіндігінше алғашқы көмек көрсеткен абзал. Ең бірінші оны көмірқышқыл газы шоғырланған жерден алып шығу керек. Егер уланудың жеңіл сатысы болса, қан қосылған жылы шай беру қажет. Өйткені бойының жылынып, тыныстап демалу көп көмегін тигізеді. Ал естен танып қалған адамды тегіс жерге қырымен жатқызып, жағасын, белбеуін шешіп, таза ауаға дем алдыру маңызды. Онан соң, мақтаға мүсәтір спиртін тамызып, мұрнынан 1 см алшақ ұстап, иіскету де көмектеседі. Жүрегі тоқтап немесе жүрек қағысы әлсіз адамды жасанды тыныс алдырып, кеуде тұсын уқалау қажет. Маман келем дегенше, көрсетілер мұндай алғашқы көмекті кез келген адам білгені абзал. «Сақ жүрсең – сау боларсың» дегендей, сақтық шарасын қатаң сақтап, уланудың алдын алыңыз.
Азамат ӘБІЛҚАЙ,
Жосалы күре жолдық медициналық құтқару бекетінің фельдшері
Жосалы күре жолдық медициналық құтқару бекетінің фельдшері