» » » КӨШПЕЛІ КӨРМЕ — ТАРИХТЫҢ АЛТЫН ТҰҒЫРЫ

КӨШПЕЛІ КӨРМЕ — ТАРИХТЫҢ АЛТЫН ТҰҒЫРЫ

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде Елбасы кітапханасының көшпелі экскурсиясы ұйымдастырылған еді. Осы шараға арнайы келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан
Рахымжановпен сапар барысы жайында әңгімелесудің сәті түсті.
– Киелі Қармақшы топырағына басқан қада­мыңыз құтты болсын. Әңгімені киелі мекеннен алған жылы әсеріңізден бастасаңыз?
– Ұлы даланың ұлағатына қанығып өскен ұрпақ өкіліміз. Елбасы атағандай: «Сыр елі – Алаштың анасы». Осындай қасиетті елге келу бізге де үлкен мәртебе. Оның ішінде жырау-шайырымен, әулие-әмбиесімен танылған, ғаламға Байқоңырдай ғарыш айлағымен белгілі құтты мекенге келу маған да рухани күш-қуат бергендей. Сапарымыз күллі түркі дүниесіне құнды қазына – ұлы абыз Қорқыт әулие кешеніне зиярат етуден басталды. Алған әсерімді сөзбен жеткізе алмас­пын. Даланың ауасына ештеңе жетпейді ғой. Елдегі қазақылық, қонақжайлылық бірден сезіледі.
– «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесінің елге шығудағы басты мақсаты қандай?
– Өзіңіз көрдіңіз, жергілікті тұрғындармен кездесуіміз жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, жастардың қызығушылығы басым. Үстіміздегі жылды Елбасы – «Жастар жылы» деп бекерге жариялаған жоқ. Жастар – елдің келешегі. Тұтқасын ұстар тірегі. Сол себептен де көшпелі көрме бірінші кезекте жастарымызға тәлімі мол тағылымды шара. Ауданда Жастар парламенті құрылыпты. Қуанып жатырмыз. Өйткені, жастардың белсенділігі – мемлекетіміз үшін қашан да маңызды болмақ. Сыр еліне үлкен сапармен келіп, еліміздің жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласының дұғай сәлемін әкеп отырмыз. Расында да, кең байтақ Қазақ елінде Қызылорда облысының орны ерекше. Әсіресе, дүние жүзі космонавтары Байқоңырды жоғары бағалайды. 16-желтоқсанды біздің оқу­шы­ларымыз жақсы білсе керек. 1991 жылдың 16-жел­тоқсанында Қазақстан Республикасының «Тәу­елсіздік туралы» Заңы қабылданып, әлем картасында Қазақстан деген мемлекет дүниеге келді. Міне, содан бері де арада 28 жыл өтті. Сол аралықта мына біз, аға буын өкілі біраз қиындықты көргенбіз. Елбасы – халқымыздың, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті. Оның ең бірінші айтқан сөзі – алдымен экономика. Халықтың жағ­дайын кө­теру. Содан соң саясат. Бүгінде Қазақстан мықты ел ретінде бой түзеп келеді. Әлемді мойындатты.
– Қазақ үшін «тұңғыш» деген сөз – аса мәртебелі ұғым. Отбасында өмірге келген тұңғыш бала кейінгіге қамқор, пана әрі жауапкершілігі де жоғары болады емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Алғашқы болып жол бастау, негіз қалау, жоқтан бар жасау – оңай емес. Ал, бүтін бір мемлекетті алға жетелеу, аяғынан тік тұрғызу, жаншылған еңсесін көтеру – тіпті, қиынның қиыны. Әлі есімде. Астанаға көшкен кезде көп кісі сынады. Көшелері жоқ, ғимараты жетіспеді. Министрліктер жартылай көшу үстінде еді. Бұл қалай болар екен?, – деп көптің күмәнмен қарағаны рас. Ортада өткен 20 жыл Астананы мүлдем, ешкім ойламаған деңгейге жеткізді. Қазір дүние жүзіне танымал қаланың бірі. Уақытында Целиноградтан шетелге көшіп кеткен тұрғындар қайта келгенде Елорданы танымай жатты. Себебі, бірең-сараң болмаса, бүгінде ескі қаланың жұрнағы да қалмаған. Бәрі де жаңарған, жасарған.
– Ендігі арнаны өзіңіз басқаратын Елбасы кітапханасына қарай бұрсақ?
– Әлемге әйгілі архитектор Норман Фостер біз еңбек ететін Елбасы кітапханасын орнатқан. Мұндай ғимарат жер жүзінде жоқ. «Бәйтеректей», Ханшатырдай» ғимарат ешкімде жоқ. Астанаға келгендер болса – көрген шығар, келмегендер болса – Елбасы кітапханасын көруіне болады. Елбасы кітапханасы дегенде, жансақ пікір бар. Көбісі дұрыс түсінбей жатады. Әдеттегідей кітапхана деп ойлайды. Бұл идея – дамыған мемлекеттің бірі – Американың Вашингтон қаласынан бастау алған. Онда мемлекет басқарған кейінгі 14 президенттің кітапханасы бар. Бірақ, ол кітап сөресінен тұратын жай кітапхана емес. Бірнеше университеті, кітапханасы, музей-мұражайы бар кешенді кітапхана. Мыңдаған адам жұмыспен қамтылған. Сол секілді Елбасы кітапханасы да көп салалы. Ғылыми орталығы бар кешенді кітапхана. Мәселен, апта сайын еліміздің әр өңірінен мектеп оқушылары мен студенттер орталыққа ат басын тіреп, дәріс алып кетеді. Бізде 30-дан аса ғалым ғылыми еңбек жазумен айналысады. Зерттеу жұмысы жүргізіледі. Ал, негізгі қорымызда жатқан құнды дүниелер – ол біздің Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың 1991 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан кездегі еңбектері, шыққан Бұйрықтары, қолжазбалары, барлық қағазы мен аудио, басқа да материалдары сақталған. Оның 53 мыңы электронды түрде цифрализациядан өткізілуде. Әдетте, кітапханаларда миллиондаған дана кітап қоры болады. Ал, бізде кітап саны – 30 мың ғана. Ол Елбасының 1960-жылдардан бастап өз үйінде жинаған кітаптары. Ұлт көшбасшысы соның бәрін мемлекет қорына өткізіп, бізге табыс­тады. Оның барлығы да мемлекеттің есебінде. Ол оның қағазға жазып, қарындашпен белгілеп, күні-түні оқыған қағаздары. Экономика, саясат, өзге мемлекеттің шығармасы бол­сын құнды кітаптың бәрі – бүгінде Елбасы кітапханасында көздің қарашығындай сақтаулы. Оларды да электронды форматқа көшіруді қолға алдық. Бұл бағалы дүниелерді интернет арқылы тауып алып оқуға мүмкіншілік бар. Мұнан бөтен, музейдің өзінде Елбасымыздың 1997-2004 жылдар аралығында жасаған жұмыс орны, үлкен залдар, қауіпсіздік мәселелері бойынша өткізетін жиналыстарынан басқа, қонақтарды, шетел президенттерін қабылдайтын бөлмелері, тұтынған телефондары, қаламсаптары, қолжазбалары, тіпті ақ киіз де сол қалпында. Бізге шетелдіктер келгенде таңғалып кетеді. Фондалық музейдегі экспонат саны – 11 мың болса, соның 1 мыңын Қызылорда қаласына алып келдік. Облыстық музейде. Көшпелі көрмені Сыр жұртшылығы кешеден бастап тамашалауда. Айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан қаламыздан құрамында 100-ден аса адамы бар Президенттік оркестр келді. Олар да бағдарлама барысында өз дефельесін көрсетуде. Күн тәртібінде бұған қоса, семинар-тренингтер, халықаралық конференциямыз бар. Оған шетелдерден ғалымдар қатысады. Оларды Елбасының «Назарбаев моделі», «Қазақстандық жол» стратегиясы, кезіндегі 15 мемлекеттің ішінен Қазақстанның қалай топ жарып, алдыға шыққаны қатты қызықтырады. Университет, кітапханаларда кездесу, дөңгелек үстел отырыстары да өтеді. Көшпелі көрме жұмасына 8-10 мың тұрғынды қамтуды жоспарлаудамыз. Көрме – маусымның аяғына дейін жалғасады. Ауылға келіп тұрғанда көрмені неге тамашаламасқа. Себебі онда Елбасының осыдан 20-30 жыл бұрын ауданға, Сыр бойына іссапармен келгендегі фотоларын архивтен көруге болады.
– «Сырт көз – сыншы» деген бар. Сіз нені байқадыңыз?
– Жаңадан бірқатар мектеп, балабақша, денсаулық нысандары бой көтеріпті. Кенттің тазалығы да көңілге қонымды. Аудан басшысынан естігенімдей, көгілдір отынға да жақын уақыттарда қол жеткізбекші екенсіздер. Ауыз толтырып айтарлық жаңалық көп. Мен өзім Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. Бізде мынадай жолдар әлі жоқ. Жол, қатынас мәселесі – әлі де бізде үлкен мәселе. Табиғаты жақсы, көкпеңбек болғанмен, жүруге, көлік қатынасына жол қиындық етуде. 2-3 метр қары бар менің туған өлкемде әлі көмір мен отын жағады. Ақтөбе, Қызылорда облысына келіп жатқан көгілдір газ біздің арманымыз.
– Аудан халқына айтар тілегіңіз болса?
– Қазақтың қаймағы бұзылмаған қасиетті өңірінде тек жақсылық болсын. Мұндағы бір қауым елді қазақтың қазақтығын танытатын, рухымызды көкке көтеретін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйымдастырған көшпелі көрмесін көруге шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұқбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК.
09 сәуір 2019 ж. 1 446 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031