» » » БІЗДІҢ ӨҢІР ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ

БІЗДІҢ ӨҢІР ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қармақшы ауданының құрметті азаматы:

Темірхан Сақаұлы 1949 жылы 18 қарашада Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) бітірген. 1972-1974 жылдары Қармақшы ауданы Қуаңдария кеңшарында №186 орта мектептің, 1974-1981 жылдары Қызылорда қаласының №10 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі, тәрбие жұмыстары жөніндегі меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1981-1991 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы. 1991 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі. Қазақ және әлем әдебиеті теориясына, тарихына, сынына арналған 10-нан аса ғылыми монографиялары, 10-нан аса оқулықтары мен 700-ден аса ғылыми-танымдық мақалалары отандық және алыс, жақын шетелдерде жарық көрген.
– Ертедегі қазақ халқы же­рінің сақталуы сынға түскен шақта би-шешендер ел, ұрпақ, атамекен хақында толғанысты сөзін өрнектей білген. Ал, бүгінде қазақ елінде тәуелсіздік жалауы мәңгі желбіреуі үшін не істеуміз қажет?
– Тәуелсіздік – қазақ халқының ұлттық-азаттық жолындағы көпғасырлық күрестерінің жемісі. Туған жердің, атамекеннің қазақ халқы ұрпақтары үшін мәңгілік сақталуы – басты мұрат. Алтын Орда, Қазақ хандығы мемлекеттерінің Бас ұраншылары-кеңесшілері болған жыраулардың атамекендердің-атажұрттардың қасиеттеріне арналған толғаныстары бүгінгі, болашақ ұрпақтың жадында жаңғыра ұмытылмауы тиіс. Асан Қайғының толғауындағы атамекендер Жем («Қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған, оймауыттай тоғай егіннің ойына келген асын жейтұғын»), Ойыл («Ойыл деген ойынды, отын тапсаң тойынды, Ойыл көздің жасы еді»), Еділ («Ебелек отқа семірген, екі семіз қолға алып ерлер жортып күн көрген») – саралана келе қазақ ұрпағының берекелі тұрмысы салтанат құратын атақоныстар мадақталған-ды:
... Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күміске!...
Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт» толғауында ата-бабалардың, әже-аналардың құт­ты мекені-жұрты болып ел құралуының, ұрпақтың өсіп-өркендеуінің («Кіндігімді кеске жұрт, кір-қоңымды жуған жұрт», «Жанға сақтау болған жұрт») алтын бесігі болған атамекеннің құдіреті романтикалық-марқайыс шалқу се­зімімен, поэтикалық көркем шындық бейнелеулерімен кестелене өрнектелген:
Салп-салпыншақ анау үш өзен
Салуалы менің ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер.
Жатып қалған бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер.
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Боташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөпкен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы менен шаяны,
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас.
Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын Сіздерге
Менен қалған мынау
Еділ жұрт!...
Тағы оқи отырыңыз


Қазақ хандығы мемлекеттігін қа­лыптастырған жыраулардың (Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Марқасқа, Жиімбет, Үмбетей, Бұқар), олардың кейінгі ақындардың (Дулат, Махамбет, Мұрат, Шортанбай, Базар, Сүйінбай, Жамбыл, т.б.) Қазақ Елі, ұрпақ, атамекен тағдыры туралы толғаныстары аясында халқымыздың ғасырлар бойы аңсап келген ұлы мұраты Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Ал, Қазақ Елінің Тәуелсіздік жалауы мәңгі желбіреуі үшін не істеуіміз керектігі Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласындағы бөлім­дерде («ХХІ ғасырдағы ұлт­тық сана туралы», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы», «Таяу жылдардағы міндеттер: біріншіден, қазақ жазуын біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек; екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз; үшіншіден, «Туған жер» бағдарламасы; төр­тіншіден, Қазақстанның руха­ни құндылықтары немесе «Қазақ­стан­ның киелі жерлерінің географиясы» жобасы; бесіншіден «Жаһандық заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасы; алтыншыдан, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы») атқаратын жұмыстарымыз толық қамтылған. Елбасының осы мақаладағы тұжырымдары – біздің Тәуелсіз мемлекеттілігіміздің ны­ғаюы үшін айқын бағдар ретінде:
– «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналауы оп-оңай. ...Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс»,–деді.
Бұл – Мәңгілік Ел дамуы жо­лындағы Қазақ Елінде Тәуелсіздік жалауының мәңгілік желбіреуінің айқын бағдары.
– Көптеген ғылыми еңбек­тер­дің авторысыз, «әттеген-ай, жаза алмадым» деген жұ­мыстарыңыз бар ма?
– Қазақ және әлем әдебиеті теориясына, тарихына, сынына арналған 10-нан аса ғылыми монографиям, 10-нан аса оқулығым, оқу құралым, 700-ден аса ғылыми-танымдық мақалам отандық және алыс, жақын шетелдік басылымдарда жарық көрді. Қоғамдық-әлеуметтік тарихи-мәдени өзек­ті мәселелерге байланысты танымдық-публицистикалық ма­қа­­ла­ларым да үздіксіз жарияланып келеді. Университеттегі бакалавриат, магистратура, докторантура бөлімдеріндегі дәрістерім мен Қазақстан Жазушылар Одағы және әр түрлі оқу-ағарту, мәдени, ғылыми мекемелер ұйымдастырған іс-шараларға (ақындар айтысы, пәндік олимпиадалар, конфенцрялар, т.б,) белсене қатысамын. Туған ауылымның құрылғанына 60 жыл толуына арнап «Ақжарым – ауылым, алтын бесігім», туған ауданыма 90 жыл толуына арнап «Қармақшы – қазақ өркениетінің алтын ордасы» кітаптарын жазып баспаға тапсырдым. Ағымдағы осындай қатарлас-қарбалас істердің қалың ортасында жүріп жазуды мұрат тұтқан, бірақ материалдарын жинақтасам да іргелі еңбек етіп жазудың сәтті кезегін күтіп тұрған біраз жұмысым бар. Алла қаласа, сол еңбегімді жазамын, жарыққа шығарамын.
– «Жақсы жастан шығады» дейді. Бүгінгі ел болашағы – жас­тарға көңіліңіз тола ма?
– Халқымыздың мақал-мә­тел­дерінде жаңа толқын жас­тардың амангершілік-иман­дылық қасиеттерімен қалыптасуы, өс­іп-өркендеуі, әулетіне, ауылы­на, халқына, Отанына тірек азамат болуына қатысты даналық тұжырымдары – ұлттық тәрбие­міз­дің ғасырлар бойы рухани құралы болып келді. Мысалы: «Бір бала атаға жете туады, бір бала атадан өте туады, бір бала кейін қарай кете туады», «Бала болсаң болғандай бол, ағайынға қорғандай бол», «Баланың жақсысы – сүйініш, жаманы – күйініш», «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі», «Ер жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын», «Тура ағаш – үйге тіреу, тура жігіт – елге тіреу», «Би болар жігіттің төбеде болар жұмысы. Мерген болар жігіттің жебеде болар жұмысы», «Адам болар жігіттің жары өзіне лайық, керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық», «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек», т.б. Қазіргі Тәуелсіз Қазақ Елінің болашағы жастарын мен екі топқа бөліп бағалаймын: біріншісі – мемлекет иесі қазақ халқының ата-бабалық, ұлттық-отаншылдық рух қуатын бойына сіңіре қасиетті салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрып­тарымызды, жауынгерлік-батыр­лық, қаһармандық ұс­та­ным­дарымызды жаңғырта жал­ғас­тырушылар; екіншісі – қазақша сөйлемейтін, қазақша ойламайтын, Ұлы Дала Елі – Қазақ Елінің мыңжылдықтар бойы қалыптасқан ұлттық ұстанымдарынан хабарсыз, мәңгүрттенген, тілсізденген, дінсізденген, қай ұлт екенін сезінбейтіндер. Осы екінші топ­тағылар – қазіргі және бола­шақтағы ұлт­тық-мемлекеттілік жағдайында дамуымыз үшін аса қауіпті болатын, қайшылықтардың-қақтығыстардың туындауына себепкер болатындар. Сондықтан, ұлты қазақ болса да, балаларымен қазақша сөйлеспейтін, оларды ұлттық негіздерімен тәрбиелемейтін отбасыларды да, олардың ұрпақтарын да бұқаралық ақпараттар құралы арқылы, қоғамдық-әлеуметтік ортаның назарына ұсынып, талқылаулар, сынаулар бағалауларын белсенді жүргізуіміз керек. Тәуелсіз Қазақстан жастарының туған тіліміздің, діліміздің, діни-исламдық дүниетанымымыздың қуатымен болашақта озық елдер жастарымен иықтас-деңгейлес болуын тілейміз.
– Қармақшының жерде жат­қан қайсыбір тасын төңкере қал­саң, тарих жайында сыр шер­тетіндей. Тарих демекші, «Сыр–өркениет ордасы», «Сыр–алаштың анасы» дейміз. Әйтсе де, соны күллі әлемге паш етіп, неге баба мұрасын ұқсата алмай жүрміз? «Жетіасар», «Алтынасар», «Шірік-Рабат», «Сырлытам», «Қосқала» секілді көне орындар бар. Ұмытылуға шақ қалған жерлерді қалай жаңғырта аламыз?
– Қармақшы – түркі өркениетінің алтын бесігі. Ежелгі сақ (массагет), ғұн, оғыз, түркі ұлыстарының осы өңірде болған кезеңдерінен қалған тарихи-мәдени орындарды әлемдегі озық елдер тәжірибесі секілді алыс, жақын шетелдер азаматтарына ұлттық мақтанышпен көрсете аламыз. Сөз арқауындағы елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның кие­лі жерлерінің географиясы» жо­басы аясында мемлекеттік бас­­­қару-әкімшілік орындары (ми­нис­трліктер, әкімдіктер, мәдени-ағарту мекемелері) кешенді іс-шараларды жүзеге асыратындығы – уақытымыздың өзекті мәселесі. Ауданымыздағы орта мектептерде «Өлкетану» пәнін оқытып, соған сәйкес өлкетану мұражайларын ұйымдастыру жұмыстары арқылы ұмытылуға айналған тарихи орындарды зерттеу-зерделеу, насихаттау бағдарын кешенді түрде жүргізілуі тиіс.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
10 қазан 2018 ж. 1 636 1

JeaCold от 18 ақпан 2019 08:12
Is Viagra Available Otc In Spain viagra vs cialis Real Progesterone Germany Free Doctor Consultation Cheap Wells Generico Cialis Viagra

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031