» » » «ЕТКЕН ЕҢБЕК, ТӨККЕН ТЕР ҚАЛАЙДА ІЗІН ҚАЛДЫРАДЫ»

«ЕТКЕН ЕҢБЕК, ТӨККЕН ТЕР ҚАЛАЙДА ІЗІН ҚАЛДЫРАДЫ»

Аға буынның өмір және еңбек жолы қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге. Отанды сүю, еңбекқорлық қағидаларына құрылған олардың өмір тарихтарын жыр-дастан десек те, артықтық етпейді. Олардың қатарында Вьетнам соғысына қатысқан қазақстандық жалғыз жауынгер, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Иса Бисеновтің есімін құрметпен атаймыз. Жуырда батыр ағамыздың отбасында болып, әңгімелескен болатынбыз.
– Аға, сізді көпшілік Вьетнам соғысына қатысқан қазақстандық жалғыз жауынгер ретінде таниды. Сонау жігіт шағыңызға оралсақ, әскери қызметіңіз соғыс өрті өршіп тұрған жат елде өтеліпті. Ол жерге қалай тап болғаныңызды айтып бересіз бе?
– Мен Вьетнамға барардың алдында азаматтық міндетімді, яғни Ленинградтың әскери округінде Отан алдындағы борышымды атқарып жүрген болатынмын. Сол кезде Вьетнам елі соғыстың зардабын тартып жатқан тұс болатын. Сонымен мені әскери басшылық шақырып алып, ауыртпалық салмағы түсіп жатқан вьетнамдықтарға көмек көрсету мақсатында полк құрылып жатқанын, соған дәрігер есебінде полктің бір мүшесі болып менің де баруға қалай қарайтынымды сұрады. Біз ол кезде мемлекеттің қандай да болсын берген тапсырмасын мүлтіксіз, адал орындауға ант бергенбіз. Сосын көп ойланбастан «қандай тапсырма болсын орындауға дайынмын» деген бір-ақ ауыз сөз айттым. Полкті бір ай көлемінде жинап, Ленинград маңында дайындықтан өткізді. Содан соң діттеген елге аттанып кеттік.
– Вьетнамға алғаш аяқ басқанда қандай әсерде болдыңыз?
– Ол жаққа барғанда алты айға дейін ешкіммен араласпадық. Бұйрық солай болды. Ну орманның ішінде Вьетнам әскерін ракетаны қалай қолдану керек секілді жұмыстар бойынша теориялық жағынан оқыттық. Ол кезде оңтүстік Вьетнам Американың қарамағында. Америкалықтар оңтүстік жағынан солтүстік Вьетнамға ұшақтармен әуеден шабуылдар жасайды. Өкінішке қарай Вьетнам жақтың әуе қаруы оларға төтеп бере алмай, Кеңес әскерінің әуе қаруын көмекке шақырған. Осы жарты жылдықта оларға жау жақтың ұшақтарын атып түсіруді, қаруды қалай қолдануды үйреттік.
– Сол ел азаматтарына қатысты есіңізде сақталған дүние бар ма?
– Менің есімде қалғаны, Вьетнам халқының отансүйгіштігі, патриоттығы, еліне деген махаббаты, құрметі адам таңғаларлық дүние. Олардың елі бауырмашыл, халқы өз еліне деген сүйіспеншілігімен баурайды. Елге, Отанға деген құрметі қатты ұнады. Еңбекқорлықтары тіпті де керемет. Таңның атысынан күннің батысына дейін тынбай еңбектенеді. Бос жүрген адам көрмейсіз. Қара жұмысты құмырсқаша жасайды. Артық сөз, қозғалысты байқамайсыз. Осы қасиеттері, еңбексүйгіштіктері, ықылас-ынталары маған үлкен әсер қалдырды.
– Ол жақта нақты қызметіңіз қандай болды?
– Мамандығыма сай дәрігерлік қызмет атқардым. Алты айдан соң полк ұшақтарды атып түсіруге, атыс құралдарын пайдалануға тікелей қатыстық. Күніге сексенге тарта ұшақ шабуыл жасайды. Соларды он және отыз алты шақырымға жеткізбей атып түсіру керек. Екі ай уақыт Вьетнам жауынгерлері қасымызда тұрып, біз оларға атыс құралдарын қалай қолдану керектігін тәжірибе жүзінде көрсетіп бердік. Американың ұшақтары неше түрлі айла ойлап табады, әр қадамдарында жаңа ойындар жүргізеді. Дегенмен, ракетадан жауған оқтар олардың бетін қайтарып, аптығын басты. Жау жақтың ұшағы он шақырымнан шекараға кіріп кеткен кездер де болды. Сондай сәтте біздер жасырын тығылатын орындарға барып жан сақтасақ, вьетнам солдаттары олар әрі қарай да шайқасып, патриоттықтарын көрсетіп тәнті ететін. «Біз ел үшін жүрген адамбыз, өлсек те ел үшін, жер үшін өлеміз» дейтін.
Соғыстың аты – соғыс қой. Өз басым үш рет бомбаның астында қалдым. Көрер жарық дүнием бар екен. Ондай да тек Алланы еске алып, жалбарынасың. Қай соғыстың да жеңілі жоқ. Ешбір елдің басына бермесін деп тілеймін.
– Дегенмен бөгде ел, жат орта. Адамдармен қарымқатынас, байланыста тіл мәселесі қалай шешімін тауып отырды, кімдер көмектесті дегендей?
– Күндіз соғыс жүріп жатады. Кешкі, түнгі мезгілде тыншиды. Сондай сәтте халықпен кездесіп, жергілікті тұрғындармен шүйіркелесіп қаламыз. Бір ерекшелігі, деревняда артық жер жоқ. Ракета сол ауылға орналастырылған, бомбалауға келе жатқан ұшақтарды атамыз. Ол елдің халқы алдында айтқанымдай, еңбекқор, қарапайым. Бірде деревняға өзімізше концерт те қойғанбыз. Сол концертте мен қазақ елінің азаматымын деп «Бәрінен де сен сұлу» деген әнді орындап бергенмін. Тіл мәселесіне келсем, бірге соғыста болғандардың бәрі орыс ұлтынан еді. Вьетнамдықтармен орыс тілінде аудармашы, тілмаштар арқылы қарым-қатынас орнатылды.
– Жат жерде біздің сарбаздар мен тылдағы әскери дәрігерлердің қабілетін қалай бағалар едіңіз?
– Бомбалаудың әсерінен біздер тұрақтаған деревняда бір жас бала қатты ауырып қалды. Медицинаның дами қоймаған кезі. Алпысыншы жылдар. Сонымен жаңағы баланы ауыр жағдайда түн ішінде клиникаға жеткізу керек болдық. Ол клиникаға жеткізу үшін күнделікті қатынап тұратын автобус бар. Түні бойы жүріп отырып, баланы клиникаға жеткіздік. Емдеу орнын іздеу де, табу да оңай болмады. Әзер дегенде тауып, баланы сол ауылдың дәрігерлеріне тапсырдық. Кейіннен сол баланы көрдім, вьетнамдық дәрігерлер менің еңбегімді бағалап, алғыстарын айтып, дастарқан жайды. Құрмет көрсетті.
– Қазақстан мен Вьетнам елі арасындағы шынайы интернационалдық рухтың айғағы болып қалған естеліктеріңіз не болмаса оқиғаларыңыз бар ма?
– Мен Вьетнам елінің еңбекшілдігіне, патриоттығына ден қоямын. Біздің еліміздің азаматтары мен жастарына да осындай Вьетнам халқындай еңбек етіп, патриот болса екен деген өзімнің ішкі пейілім бар.
– Сіздің Вьетнам Президентімен кездескеніңізден хабарымыз бар...
– Бұл енді беріректе, 1992 жылдар ғой. Сөз сөйледік, Мемлекет басшысы біз әскери борышымызды атқарған жерде ол да екі жылдан кейін әскери қызметте болыпты. Мені Елшілік арқылы тапқан. Еліне шақырды, дәрежелеп төріне шығарды. Сыйлығы үйіміздің төрінде ілулі тұр. Бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елшіліктің өкілі мен отбасымды қабылдап, жылы лебізін білдірді. Сол іс-шарада Вьетнам Президентінің берген сыйлығын өкіл мырза арнайы әкеліп, біздерге табыстады.
– 2013 жылы Президент Чыонг Тан Шанг Сізге «Вьетнамның Құрметті азаматы» атағын тапсырғанда қандай сезімде болдыңыз?
– Ұзақ уақыт ұшақпен ұштық. Әуежайдан екі полковник күтіп алды. Әуеде он сағат ұшқан екенбіз. Күтіп алған әскерилерге бірер сағат тынығып алайық, жол ұзақ, шаршап келеміз дегенде, олар тыңдамай, «Президент күтіп отыр» деп бірден резиденцияға апарды. Президент жолымызға қызыл кілем жайғызып, алдымыздан шығып мені Президент секілді күтіп алды. Үлкен іс-шара өткізді. Зайыбым Әлияш және аудармашымыз Лаура Әлиева да бірге барған. Лаура қызымыз сөзімізді аударып отырды, солай екі сағаттай әңгімелестік. Сол сапарда «Вьетнамның Құрметті азаматы» деген орденді өз қолымен тапсырып, сый-сияпат жасады. Сол елдің ардагерлер кеңесінің төрағасы да қатысып, әрі қарайғы құрмет дастарқан басында жалғасын тапты. Өткен жолымызды баяндап, келелі әңгіме өрбіттік. Сонда Президент «Сіздердің арқаларыңызда біз осындай дәрежеге жеттік, сіздерге қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды» деген әңгімелер айтты. Менің осы орайда жастарға қанша еңбек етсек, сонша ұмытылмайды, ескерусіз қалмайды дегенді айрықша айтқым келеді. Менің істеген еңбегімді Вьетнам елі сондай бағалап, Президентінің өзі күтіп алғаны өмірімдегі ұмытылмас белес деп бағалаймын.
– Өткеніңізге көз жүгірткенде, сіздің Вьетнамдағы еңбегіңіз екі ел арасындағы достықтың дамуына қандай ұзақ мерзімді құндылықтар қалдырғандай?
– Мен Вьетнам халқын қай уақытта да туған еліммен бірдей деңгейде деп санаймын және көремін. Олар адалдығымен, патриоттығымен егемендігін алып, оны сақтап қалған мемлекет. Екі ел арасындағы достық пен халықтар арасындағы ымырашылдық әрдайым сақталып қалады деген ойдамын.
– Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыздан бүгінгі жас қандай сабақ алуы тиіс деп есептейсіз?
– Қайда жүрсем де қайта-қайта айта беретін бір әңгімем бар, ол – Қазақстан халқының елге деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімі, еңбекқорлығы басты орында тұруы керек.
– Вьетнам сізді «Құрметті азамат» атағымен марапаттады. Ал сіз өз Отаныңыз Қазақстаннан өз еңбегіңіздің мойындалуы ретінде нені күтесіз?
– Қазақстанның мені құрметтеуінің кемі жоқ. Облыс көлемінде Елші келгенде қабылдау жасап, Вьетнам еліне сапарлап барғанда өздері шығынын көтеріп, әйелім екеумізді сол елдің Президентінің қабылдауына жіберді. Қазақстанға ешқандай өкпем жоқ. Тек ойыма жетпеген бір нәрсе бар. Ол, мысалы соғыстың бәрі бірдей соғыс. Қазақстанда соғысты категорияға бөледі. Ұлы Отан соғысы, тағы басқа деген. Мен мұны өзімше дұрыс көрмеймін. Өйткені соғыстың аты соғыс, соғыстың қай уақытта да өзінің қиындығы болған. Сондай қиындықтан өткен, оны олай-былай деп бөліп-жарудың қажеті жоқ секілді. Менің Ұлы Отан соғысының статусын сұрап жүргеніме көп болды. Құжаттарымның бәрі Ұлы Отан соғысымен бірдей, ІІ топ мүгедегімін. Осы дәрежеде қатысқан есебінде бармын. Ал бірақ алатын жәрдемақым Ұлы Отан соғысымен бірдей емес. Мен осыны әбден айта-айта жүрмін. Орындалмаған бір ғана мақсатым осы демесем, басқасының бәрі жақсы.
– Егер елімізде сізге ұлттық атақ берілсе, оны екі ел халқына жолданған қандай белгі деп қабылдар едіңіз?
– Адам болып жаратылған соң елге қызмет ету – парыз. Еңбегінің бағаланғанын ешкім жек көрмейді. Меніңше, еңбекті де, ерлікті де атақ үшін істемейтініміз анық. Қазіргі уақытта бұрынғы өткен ағаларымыз бен апаларымызды, тарихи тұлғаларымызды дәріптейміз. Ол болашақ ұрпақ үшін керек. «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ» демекші, мен де сөз арасында Қазақ еліне риясыз алғысымды білдіргім келеді. Еткен еңбек, төккен тер қалайда артына із қалдырады.
– Сүбелі әңгімеңіз үшін көп рақмет, ұрпағыңызбен мың жасаңыз.
Сұхбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
16 қыркүйек 2025 ж. 69 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (10438)

16 қыркүйек 2025 ж.

№69 (10437)

13 қыркүйек 2025 ж.

№68 (10436)

09 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 415
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Халықтың асыл қазынасы

Халықтың асыл қазынасы

09 қыркүйек 2025 ж.
Ұлттық код

Ұлттық код

09 қыркүйек 2025 ж.
Театрдың ғажайып әлемі

Театрдың ғажайып әлемі

07 қыркүйек 2025 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 217

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930