» » » Баланың саулығына сақтықпен қарау маңызды

Баланың саулығына сақтықпен қарау маңызды

Бала – бауыр етің, әкенің білек еті, ананың жүрек еті, яки, ер болып артта қалған із, бақыт болып ұзатылған қыз. Келер күннің келбеті – бүгінгі балалар. Олай болса, келешегімізді қаншалықты қамдап жатырмыз? Олардың тәрбиесі мен саулығына қаншалықты көңіл бөліп жүрміз? Осы және өзге де сұрақтар бойынша аудандық емхананың педиатр дәрігері Айгерім Жұмабаевамен тілдескен едік.
– Айгерім Көшербайқызы, дәрігерлік жолға қалай келдіңіз?
– Дәрігер болу – мен үшін бір тазалықтың, адалдықтың бір үлгісі іспеттес десек болады. Мені қызықтырған осы тұсы. Педиатр мамандығын таңдауымда бір қызық болар. Жоғары білімім бойынша бакалаврда жалпы медицинаны оқысам, интернатурада педиатрия саласына бет бұрдым. Балаларды қызығып, зерттеуім тұңғыш қызымды босанып, оның қимылын, эмоциясын, дамуын оқу арқылы бастау алады. Баланың саулығын басты орынға қоямын. Сондықтан ізденуден жалықпадым. Осылайша декреттік демалыста балалар массажын жасадым. Сонымен қатар, баланың қозғалыс даму экспертімін. 1 жасқа дейінгі балалардағы қимыл-қозғалыс кешеуілдеуін емдеу техникаларымен көптеген балаға көмегім тиіп, ата-аналардың ризашылығын алып жүрмін.
– Қазір балалар арасында аурудың түрі көп. Тіпті біз бұрын-соңды естімеген жаңа аурулар пайда болуда. Оның ішінде туабітті жүрек, жүйке жүйесінің ауруы бар балалар көбейді. Кейбір сәбилер үшін анасының құрсағына біткен сәттен бастап өмірге келгенше күрес басталады. Бұған не себеп болуы мүмкін?
– Жалпы қазіргі таңдағы осындай қатерлердің көбісі жүктілікті жоспарламаудан, екі жас ата-ананың отбасын құруға дайын болмауынан бастау алады. Отау құрғаннан кейін барлығымыз балалы болуға асығамыз, бірақ «баланы сапалы өмірмен қамтамасыз ету» деген дүниені кейінге қалдырып қоятынымыз рас. Одан бөлек, салауатты өмір салтын ұстанбау, гиподинамия, зиянды әдеттердің жиілеуі, жүктілердің арасында да таралуы рең алуда.
Жүктіліктің ауыр жағдайда өтуі, ұзақ мерзімді токсикоз, ананың ағзасындағы ұзақ мерзімді созылмалы аурулар – мұның барлығы баланың саулығына әсер етеді. Бала дамуының кешеуілдеуінің тағы бір себебі – анемия. Көп ана «менде анемия» деп мұны қалыпты жағдай деп қабылдап, кейінгі салдарына көңіл бөлмейді. Негізінен анемия ағзадағы созылмалы гипоксиялық үрдісті дамытады. Оттегі барлық организмдегі тіндерге жетіспеушілік салдарынан ол дамуы кейінге шегереді не болмаса баланың дамуы баяу түрде болуы мүмкін. Ал осы процестерді қазақ «бала жалқау» деген түсінікпен ақтап алғысы кеп тұрады.
– Біз көбіне дерттің шығу себебімен емес, салдарымен күресеміз. Бала ментальді және физикалық тұрғыда сау болуы үшін аналар ең алдымен нені ескеруі керек?
– Ең бастысы, бала денсаулығы үшін жоспарланған жүктілік. Анасының жүктілікке дайындығы чекаптар бойынша терапевт, гинеколог, стоматолог, психолог, керек жағдайда бейінді мамандардың көмегімен жүргізілгені жақсы. Кең етек алған анемияны емдеу өте маңызды. Бұл тұрғыда, бала жатырға біткеннен бастап дамуы сапалы болмақ. Бұрынғы кездері, бала дамуына түпкілікті мән берілмесе де, балалар кішкентай кездерінен сапалы уақыт өткізген. Далада ойнау, суға шомылу, жүгіріп атыспақ, секірмек, футбол, тағы басқа үй айналасындағы ойынды қазір біз сатып алудамыз.
Екпелерді ата-аналарымыз бәрімізге қалдырмай салған. Ауырып, тұмауратып қалғанымызда гиперем жасалмады. Яғни организмнің өздігінен күресіп, иммунитеттің қарқынды дамуына қол жеткізді. Сапалы тамақтану да орны бөлек терапия.
– Қазір барлығы дамуға бет алған. Сіз де өз салаңызға қатысты қалай ізденесіз? Білімді қалай шыңдап жүрсіз?
– Әлбетте ізденіссіз мүмкін емес. ХХІ ғасырда уақыт 24 сағат 20 сағаттай сезіледі. Ал сол уақытта тиімді пайдаланып, әркез білімді шыңдап отыру маңызды. Медицинада қарқынды өзгеріс үстінде. Шағын семинарлар, өзімнің фаворит дәрігерлерімнің медициналық курсын сатып алып, оқимын, ізденісті тоқтатпаймын.
Әдетте бізде бала босанған соң көп әйел өзін тастап жіберіп, жоғалтып та жатады. Керісінше, бұл нағыз ізденетін, бойдағы қабілетті ашатын ерекше кезең деп қарау керек. Жеке басым декреттік уақытта баланың қозғалыстық дамуымен айналыстым, үйім «кішкентай клиника» болатын. Ауырып, сырқаттанған балалар келіп, көрсетіп ем алып кететін. Әр уақыт білімді жетілдіріп отырамын, бұйырса биыл тағы білімді шыңдау ниетімде бар.
– Сізге келетін пациенттер көбіне қандай ауруға шағым айтып келеді?
– Күнделікті шағымдардың көбісі қазіргі тараған жедел респираторлы вирусы (ЖРВИ). Қазіргі таңда профилактикалық тексерулер қарқынды жүріп жатыр, сол тексеруден көздің алыстан көрмеуі (миопия), теміртапшылықты анемияның көріністері және осыған балалардағы шағымдар, тістің кариесі.
– Сабырсыздық кей жағдайда сырқат болады дегенді жиі айтып жатады. Осыған көзқарасыңыз қандай?
– Бізде «мазасыз ана – мазасыз бала» деген тіркес бар. Әрбір сабырсыздықтың артында «жасырын үрей» тұрады. Яғни бұл үрей әрбір аурудың келеңсіз жағдайдың болжай алмайтын қорқынышты бейнелеп тұрады. Біз ішіміздегі қорқыныш, үрей, сенімсіздік, шыдамсыздық арқылы эмоцияны балаға төгіп береміз. Психологиялық тұрғыда бала 9 жасқа дейін эмоционалдық тұрғыда ананың қорғауында болады. Яғни ана қандай эмоционалды күй кешеді, бала дәл соны өзінің бойында сезініп отырады. Ал енді мұның медицинада қандай бағдары бар деген мәселеге келсек. Әрбір сабырсыздық, үрей, қорқыныш барлығы стресстік сезімдер болып табылады. Ал осы стресстік сезімдер әрқашанда бір ауруға шалдықтыруға дайын тұрады. Яғни иммунитеттің төмендеуіне алып келеді. Мұның салдары алда кездесетін ауруларға жауап беруді төмендетеді. Бала туғаннан бастап 5 жасқа дейін иммундық жүйе қарқынды дами түседі.
Біз көбінесе 1 жасқа дейін үйден шығармаймыз. Бұл өте қауіпті. Бала өсе келе иммунитеттің даму сатысында әртүрлі жеңіл түрде өтетін вирус пен инфекциялық аурулармен күресе бастайды. Осы жерде қызылша, паротит секілді ауыр вирустарды айтып тұрғаным жоқ. Керісінше ауыр вирус иммунитеттің төмендеуіне алып келеді. Осы аурулармен бала ауырған жағдайда 6 ай немесе 1 жылға дейін ағзаның қарқынды күресінен айрылады. Осы сәтте ата-ана ретінде балаға жауапкершілік алып ағзаның қалыпқа келуін қолға алуымыз қажет.
– Ананың күйі бала үшін маңызды деп жатырмыз. Осы тұста аналардың бірі өте ашушаң болып баланы таяқтап жатса, енді бірі шектен тыс өбектейтіні бар. Өбектеу соңы өкінішке алып келмей ме, қалай ойлайсыз?
– Қазіргі уақытта «гиперөбектеу» деген ұғым қалыптасқан. Кейбірі мұны бала құрсаққа біткен бойдан бастайды. Бұл ананың жүктілікке физиологиялық тұрғыда емес, әлсіз күйде көңіл бөлуі. Кейін ол бала туғанға дейін жалғасады. Ал енді бірінде жүктілік қалыпты өтіп, босану ауыр өтуі мүмкін. Соның салдарынан психологиялық тұрғыда балаға қатты байланып қалады. Ал келесі бір аналарда ұзақ күткен сәбиі болады. Сондықтан көп күткен сәбиді үйге келген үлкен бақыт деп есептеп, баланың бар еркелігін көтеруге, айтқанын орындауға дайын тұрады.
«Енді мұның кесірі қандай?» деген сұраққа қарай ойыссақ. Гиперөбектеуде балада «атаанам менің бар дегенімді жасайды, маған ештеңе істеудің қажеті жоқ» деген ой қалыптастыруы мүмкін. Ата-аналарға түсінікті болу үшін айта кетейін. Бала туғаннан кейінгі алғашқы 3 айға дейін бала құндақтау кезеңінде болады: емеді, ұйықтайды, 4 айдан бастап баланың қоршаған ортамен танысуы басталады: қарайды, көреді, естиді, дауыстарды таниды. Осы уақытта біз баланы еркінен тыс қалдырмаймыз. Ұйықтасын деп бесікке бөлейміз, не жыламасын деп қолда ұстап жүреміз. Сондай-ақ жылайды деп ойыншықтармен де таныстырып жатпаймыз, тіпті ауырып қалады деп таза ауаға да шығармаймыз. Осылайша бұл өбектеудің алғашқы сатысы екенін аңғармай да қаламыз. Бала 1 жасқа келгенде өздігінен қасық ұстай алмайды, қажет деп ойлаған затын өздігінен ала алмайды. Сәйкесінше мұны анасына ыңырсып, жылап түсіндірумен алдырады. Мұнан бөлек 3 жасқа дейінгі балаларда өздігінен тамақ іше алмайды, себебі анасы әркез өзі тамақтандырып үйреткен. Өбектеген баланың да тілі кеш шығып жатады. Сол себепті әр нәрсенің алтын ортасы болған дұрыс.
Осы орайда тағы бір мәселені айта кеткім келіп тұр. Шектен тыс көңіл бөлу туралы жоғарыда айттық. Енді мүлде көңіл бөлмейтін аналар да кездеседі. Тамағын тойдырып, жөргегін ауыстырсам болды деп балаға немқұрайлы қарайтын аналар да бар. Баламен сөйлесу, мәпелеу, еркелету, бір мезгіл оған уақыт арнау деген жоқ. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дейміз ғой. Балаға ерте жастан көңіл бөлу, саулығына сақтықпен қарау қажет. – Өмірде бәрінен нені биік қойған болар едіңіз? – Мен үшін адалдық, еркіндік, адами қасиеттердің сақталуы маңызды. Әрдайым күліп жүргенді жақсы көремін. Былайша айтқанда, позитивті өмір сүру ғой.
– Ал сол адам болу, адами құндылықты алдыңғы орынға қою дегенді қалай түсіндірер едіңіз?
– Адамдармен арақатынасты үзбеу, сыйластық орнату. Адам өзін-өзі тәрбиелей алған кезде балалар соған қарап тәрбиеленеді. Оны өзім 3 баланы тәрбиелеп түсініп отырмын. Сол себепті адам бірінші кезекте өзін тәрбиелеуі керек. Адами құндылықтарға жоғарыда айта кеткен қасиеттер жатады. Адам дегеніміз – қандай жағдай болсын Алла тағаланың жаратқан ең үлкен жаратылысының бірі. Сондай құндылыққа иеміз. Әрбір адамның жеке дара құндылығы бар. Мәселен бірі ақылпарасатымен құнды, енді бірі жоғары білімімен құнды, келесісі шешім шығаруға қабілетті деген секілді. Сондықтан Алланың берген құндылығын тани біліп, оны жоққа шығармауымыз тиіс. Сол қасиеттерді көрсету арқылы ортамызды рухани жаңғыртуға бағыттасақ болғаны.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ

08 сәуір 2025 ж. 370 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

№25 (10393)

08 сәуір 2025 ж.

№24 (10392)

05 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 598
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930