ТӘРБИЕНІҢ КІЛТІ ОТАНШЫЛДЫҚ РУХҚА БАҒЫТТАЛУЫ ТИІС
Адам баласы шыр етіп дүниеге келісімен тал бесіктен, жер бесікке дейін тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп өседі. Ең алдымен ана сүтімен дарыған тәрбие үлкендерге байланысты. Себебі, адамның бәрі жас шыбық секілді. Жас шыбықты қалай баптасаңыз, ол солай өркен жайып өсе береді. Осы орайда аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Әлиевпен әңгімелескен едік.
– Мағауия Бердібекұлы, ауданда ата-аналар комитетінің төрағасы қызметін атқарасыз. Мектеп оқушыларымен түрлі кездесу іс-шараларын ұйымдастырып жүрсіздер. Қалай ойлайсыз, бұл тәртіптің түзелуіне әсер етіп жатыр ма?
– Түрлі тақырыпта мектептерде кездесу кеші, дөңгелек үстел отырысы, тағы сол сияқты іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Аудан бойынша қоғамдық ұйымдардан және мемлекеттік орган қызметкерімен бірге мобильді топ құрылып тұрақты жұмыс жүргізуде. Мұның мақсаты – мектептерде, мекемелерде құқықтық, патриоттық тәрбиеге байланысты әңгіме, диспут, кездесулер өткізіп, мемлекетіміздің тұрақтылығын және қоғамның дамуына өзіндік үлес қосу болып табылады. Осы іс-шаралардың барысында аудандық ата-аналар комитеттерінің орны бар. Әрбір мектептерде құрылған ата-аналар комитеті және де әкелер кеңестері жоспарлы жұмыстар ұйымдастырып, жүргізуде. Биылғы оқу жылында екі рет республикалық атааналар комитетінің форумын талқылап, жүйелі жұмыстар белгіленді. Осыған орай Жосалы кентіндегі Ү.Томанов атындағы №183 мектеп, Байқоңыр қаласындағы №273 мектепте ата-аналар комитеттерінің кеңесу жұмысы интерактивті тақтамен көрсетіліп, түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. Тәрбиелік мәні бар жұмыстар өзінің ізін қалдырады деп есептеймін.
– Қазіргі қоғамдағы жастардың жағымсыз ісәрекеттері туралы не айтасыз?
– Қоғамды дамыту дегеніміз не? Ол ең бірінші – өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінен бастау алады. Бала тәрбиесі – қашанда қоғам үшін маңызды мәселе. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күнгі балалардың тәрбиесіне, олардың ой қалыптастыруына әсер ететін сыртқы факторлар өте көп. Соның ішінде әсіресе, виртуалды әлемнің, бақылаудан тыс интернеттің ықпалы өте зор болып тұр. Ондағы уақыт ұрпақ тәрбиесіне жаңа қырынан қарауды талап етіп отыр. Қазір, өкінішке орай, балалар арасында қатыгездікке бейімдік, толеранттықтың төмендігі сияқты түрлі келеңсіздіктер кездеседі. Бұл қоғамның жіберіп алған келеңсіздігі деп білемін. Бұның бір тұсы «Батыстан келген» тәрбиенің әсерінен болып жатқанын айта кету керек.
Еліміздің келешегін жастар құрайды. Олардың жат әдетке бой алдыруына бірнеше себеп әсер етеді. Әрине, отбасындағы тәрбиенің де үлесі бар. Сондықтан оған немқұрайлы қарамай, жат әдеттің алдын алу бірінші отбасында болу қажет деп есептеймін.
– Еңбек жолыңыз, отбасыңыз туралы айта отырсаңыз...
– Өзім жұмысшы мамандығын таңдап, тас қалаушы ретінде еңбек жолым басталды. Сол уақытта мектеп бітіргенде еңбек жолын құрылыс мекемелерінде бастауды комсомолдық жолдамамен жүргізілетін. Осылайша 1977-1981 жылдар аралығында бес жыл аудан орталығындағы колхозаралық ұйымында, жылжымалы механикалық колоннада жұмыс істедім. 5-разрядты тас қалаушы деген атаққа ие болған адамның бірімін. Еңбек жолымыз сол комсомол жас тар бригадасынан басталды деуге болады. Еңбекқорлыққа ерте араласуымызға себеп болды. Осы арқылы білім алып оқыдық.
Екінші мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі. Осы мамандық негізінде Алматыдағы Абай атындағы педа гогикалық институтын бітірдім. 32 жыл білім саласында еңбек етсем, қалған 8 жылды мәдениет саласына арнадым. Оның ішінде Қорқыт ата мемориалдық кешенінде музейдің экскурсия жүргізуші, меңгеруші ретінде жұмыс істедім.
1984 жылдан бері білім саласында еңбек етіп, оның ішінде №27, №79, №121, №250 мектептерде қызмет атқардым. Мұнан бөлек 1987-1989 жылдар аралығында аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызмет атқардым. Сөйтіп елмен араласып, халықпен сөйлесу әдептерімен танысып, олармен бірге жұмыс істеуге дағдыландық. Кейіннен білім саласында әлеуметтік педагог, педагог-психолог, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры болып қызмет жасадым. Сондай-ақ «Мәдениет және білім саласының ардагері», мәдениет саласының «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегерімін.
Әр жұмыстың өз орны бар, соның жауапкершілігін сезіне отырып осы жұмыстың басы-қасында жүрдім. Осы жұмыстан жаман болғаным жоқ. Себебі ауданның дамуына үлесімді қостым деп ойлаймын. Бұл, әрине мақтаныш емес, өмір жолындағы жүріп өткен жолым, азаматтық борышым.
Отбасыма қарай ойыссақ, өмірлік серігім Жаңагүл Алдажарова білім саласының ардагері. №121 мектепте 40 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, қазірде зейнет демалысында. 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, одан немере қызығын көріп отырмыз. Отасқанымызға 40 жылдан астам уақыт болды.
– Балалық күннің ең бақытты естелігі деп нені айтар едіңіз?
– Әр адамның балалық шағы тәтті естелікке толы ғой. Қайта оралмас қайран шақ. Ол туралы айтқанда барлығымыздың жүрегіміз сағынышқа толады. Өзімнің балалығыма келсем, ата-ана бауырлармен төрт көзіміз түгел бір дастархан басында арқа-жарқа болып әңгіме айтып отырған сәтті ең бақытты естеліктердің бірі деп айтар едім.
– Өмірдегі ең басты міндетіміз – адам боп қалу, қайсыбір істе болсын адал болу деп жатамыз. Сіздіңше бүгінгі ұрпақ мұны қаншалықты түсініп жүр?
– Қандай да болсын жағдайда адам өзінің адалдығымен жауапкершілікті сезінетін тұлға ретінде қалыптасуы қажет. Оған отбасы, мектеп көмек көрсету керек. Сана мен сезім тұлғаның қалыптасуына ықпал етеді. Жастар еліміздің келешегі ал онсыз болашағымыз болмайды. Сол себепті адамгершілік қасиетті жастық шақта бойға сіңіру тиіс. Мемлекет болашағы жастардың қолында деуге болады.
– Қай заманда да аға буыннан жастарға көңіл толмаушылық мәселесі жиі айтылады. Қазір де солай секілді. Десе де олардың арасында үлгі алатын жастарымыз да жоқ емес. Осы туралы не айтасыз?
– Қоғамның дамуы әрбір жастың өсуіне, тәрбие алуына үлесін қосуда. Жастардың орны бөлек. Барлығын бірдей тәрбиесі дұрыс емес деп айтудан аулақпын. Олардың да арасында армандарына жетіп еліміздің келешегін ойлайтын жастар көптеп кездеседі. Солардың бірі Нұрасыл Бекматовпен №121, №183 мектептерде 9-11 сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылып, әсерлі, ой қозғарлық жиын өткізілді. Оқушылардың санасы бір сілкінді десем болады. Жоғарыдағы тәртіптің түзелуіне әсер етеді ме деген сауалдың жауабы осы жерде анықтала түскендей.
– Өзіңіз де әкесіз, атасыз өз ұрпағыңызға қандай үлгі көрсетудесіз, жастарға айтар қандай кеңесіңіз бар? Қандай отбасылық дәстүрлеріңіз бар?
– Әрбір ата, әкенің өзінің отбасында орны болады. Үлгі тұтатын лайықты ата-ана болу – ол оның міндеті, сондықтан тәрбиені әуелі өзіңізден бастаған дұрыс. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, қажет болса қол ұшын беру ағайын-туыстың арасында болғанын қалаймын. Міне, осы біздің отбасындағы басты қағидамызға айналса нұр үстіне нұр болар еді.
– Соңғы сұрақ. Қалай ойлайсыз ұлт болу үшін не керек, ал ұлтжанды болу үшін ше?
– Өз ұлтыңды, тіліңді құрметтеу керек. Әр қазақ салтдәстүрі мен әдет-ғұрыпты қадірлеуі тиіс. Сонда ғана ұлт бола аласың. Оны әрі қарай келесі ұрпаққа түсіндіріп, насихаттауыңыз қажет. Сол тәрбиенің кілті отаншылдық рухқа бағытталуы тиіс.
Ал ұлтжанды болу үшін не керек десеңіз, отаныңды сүю, оның ыстық-суығына көніп, төзімді болу керек. Келешек ұрпаққа жақсы қырынан үлкендік үлгіні көрсете алғанымыз дұрыс. Адам ең әуелі өзін тәрбиелеуі керек деп ойлаймын. «Көш жүре түзеледі» дегендей, тәрбиенің арқасында өскелең ұрпақ та бой түзейді. Адам ұрпағымен мың жасайды деп жатамыз. Сондықтан олардың бойына ізгілікті құю біздің қолымызда.
Мемлекетімізде 130-дан аса ұлт пен ұлыс бар. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде жастардың жан-жақты болуына көптеп көңіл бөлінуде. Осы орайда жастарымыз шет тілдерін де білгені дұрыс. Жылына қаншама жас «Болашақ» бағдарламасы негізінде шет мемлекетте білім алады. Ондағы жинақтаған тәжірибені еліміздің әлеуметік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне үлесін қосуы қажет. Сонда ғана ұлтжанды ұрпақ көбейе түспек. Бір шаңырақ астында мемлекетіміздің келешегін жасайтын жастар қалыптасуы керек.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ