» » » Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек: «Туған жерге қызмет ету екі есе жауапкершілік жүктейді»

Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек: «Туған жерге қызмет ету екі есе жауапкершілік жүктейді»

Құрылғанына ғасырға жуық уақыт болған Қармақшы ауданының аймағымызда алар орны ерекше. Жыл бастауындағы алғашқы сапарымыз жүз шайырдың мекені болған ауданынан  басталды. Мұнда кіргеннен түрлі бастамалардың жүзеге асып, халықтың әлеуметтік жағдайының түзеліп, экономикалық ахуалдың дамуында  жаңа лептің бар екені сезіледі. Осыдан тура екі жыл бұрын аудан тізгінін Жандос Еркінбекұлы қолға алған болатын. Экономиканы дамытуда, кәсіпкерлік саласына серпін беруде, аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуде қандай жобалар қолға алынды? Аграрлық аудандағы жергілікті шаруашылықтардың көктемгі науқанға дайындығы қалай? Халықтың талап-тілегінен туындаған мәселелер шешіліп жатыр ма? Осы және өзге де бірқатар сауалымызды аудан әкімі Жандос Еркінбекұлына қойған едік.
– Жандос Еркінбекұлы, аймақта түрлі саланың тізгінін ұстадыңыз. Ауданға  келгеніңізге көп болмады.  Туған жерге қызмет ету қаншалықты жауапкершілік жүктейді?
–    Қазір жастар еліміздің астанасында жұмыс істегісі келеді.Өйткені, Астана – жастардың қаласы.Туып-өскен жерім Қармақшыда қызмет етуге мүмкіндік туғасын, ауылға барамын деген шешім қабылдадым. Мемлекеттік қызметке келгендегі мақсатым – халыққа адал қызмет көрсету арқылы өз еңбегіммен жетістікке жету. Жұртшылықпен етене араласып, ауданның дамып-көркеюіне үлес қосу – зор міндет, ал туған жерге қызмет ету екі есе жауапкершілік жүктейді. Бастысы – елдің ризашылығына бөленіп, алғысын арқалап, маған артқан сеніміне селкеу түсірмеу.
– Әкім болғаныңызға биыл екі жыл толады. Бұл – аз да, көп те уақыт емес. Десе де, ауданда атқарылып жатқан тірлік жетерлік. Оны көріп те, естіп те отырмыз. Жалпы сіз келгелі аудан бюджетінде өсім бар ма?
– Иә екі жыл көп уақыт емес. Бірақ халықтың талап-тілегін барынша орындау бағытында жұмыс атқарып келеміз. Нәтиже де жоқ емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп 2,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 4,4, ауыл шаруашылығы 2,4, құрылыс жұмыстарының көлемі 13,5, тұрғын үй 23,7, сауда 3,1 пайызға артты. 
Ауданның бекітілген бюджеті 14 млрд 618  млн теңгені құрады. Жыл бойы нақтылау жүргізудің нәтижесінде 18 млрд  533  млн теңгеге жетті. Оның ішінде  кірістер көлемі  2658,1 млн теңге, трансферттер 6577,8 млн теңге, субвенция 6198,1 млн теңге, кредиттер 2 696,0 млн теңге.
Осындай нәтижелі жұмыстың арқасында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік нысандар салу, ауызсу және газбен қамтамасыз ету, электр желілерін қайта жаңғырту мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселен, жыл көлемінде 14 нысан салынды. Оның ішінде 8 нысан 2023 жылдан өтпелі, қалған 6 жоба былтыр басталды. Олардың қатарында Ақай, Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарындағы спорт кешенінің құрылысы бар. Қазіргі таңда екеуі табысталса, Ақайдағы спорт кешені талапқа сай аяқталысымен ел игілігіне беріледі.
Сондай-ақ жыл аяқталар тұста халықтың қуанышы еселенді. Ауданда әлеуметтік осал топтар мен кезекте тұрған азаматтарға 156 пәтер беріліп, отбасылық қуанышқа кенелді. Өткен жылға өкпеміз жоқ, жылды жақсы қорытындыладық. Себебі, «Руханият жылына» орай музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер үйі мен жастар орталығы, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі жалпы құны 1 млрд 635 млн теңгені құрайтын «Руханият орталығы» алғаш рет біздің ауданда ашылды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.
–    Халықты толғандыратын мәселелердің бірі  – автомобиль жолдарының сапасы мен электр желілерінің жаңартылуы. Көшелерді жөндеу мен тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту, газбен қамтуда қандай жұмыстар бар? Жалпы инфрақұрылым мәселесі қаншалықты шешімін табуда?
– Аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 160,05 шақырым. Оның ішінде 131,9 шақырым жол жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 28,15 шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Өткен жылы облыстық бюджет есебінен 1,4 млрд теңгеге «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 27 шақырымына орташа жөндеу жасалды. Одан бөлек «Көлік инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасына сай «Қызылтам» елді мекеніне кіреберіс жол қайта жаңғыртудан өтті.Ендігі кезекте жиегіне көпжылдық өсімдік егу және сызу жұмыстарытұр. Сондай-ақ Марал ишан кесенесінің кіреберіс жолының 4,6 шақырымына дақиыршық тас төселді.
Жөндеу жұмыстарынан ауданға қарасты елді мекендер де тыс қалмады. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 жоба жүзеге асты.Оның ішінде «Ақжардың» бір көшесіне, Тұрмағамбет ауылының 5, «Жосалы» кентінің 2,  «Төретам» кентінің 3 көшесіне күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл да аталған бағдарлама аясында 2, облыстық бюджет есебінен 7 жобаны және «Төретам-Ақай» бағытындағы жолға күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда.
Ал жарықтандыруға келер болсақ, былтыр «Жосалы» кентінің 4 көшесі, Көмекбаев, «Иіркөл», Төребай би ауылдарының көшелері жарықтандырылады. Сонымен қатар Алдашбай ахун, «Дауылкөл», «Қармақшы», «Қуаңдария», «Ақжар» ауылдарының және Жосалы кентінің төлқұжаттары жаңартылып, паспорттар орнатылды. «Жосалы» кентінің Жолдыбаев және Рысқұлов көшелеріне жаяу жүргінші жолдары салынды, А.Құнанбаев пен І.Мүсірбаев көшесінің бойы абаттандырылды. Бұдан басқа Алдашбай ахун ауылында «Тағзым алаңы» орнатылып, «Қуаңдария» ауылының орталық алаңы ағымдағы жөндеуден өтті. Биыл 5 елді мекеннің көшелері жарықтандырылатын болса, Қармақшы ауылының орталық алаңын ағымдағы жөндеу, Ақай ауылдық округіне 5 аялдама орналастыру қолға алынбақ, «Жосалы» кенті, «Ақтөбе», Ақай ауылдарына жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Газ мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда. 2022-2024 жылдары «Төретам» және «Ақай» елді мекенін газбен қамтуүшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Ақай ауылының тұрғындары 2023 жылы «көгілдір отынның» игілігін көрсе, «Төретам» кентінде құрылыс жұмыстары былтыр аяқталды. Оған қоса Жосалы кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желісі жеткізілді. Аудан тұрғындарын газбен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында өткен жылы Дүр Оңғар ауылына газ желісі тарту басталды. Жобаның  құны 7 млрд 172 млн теңгені құрайды. 
Электр желілерін қайта жаңғырту – бүгінгі күнніңкезек күттірмес мәселенің бірі. Себебі, аудан бойынша электр желілерінің 80% тозығы жеткен. Өткен жылы Көмекбаев, Ақтөбе, «Иіркөл», Дүр Оңғар елді мекендеріне қаржы қаралып, жұмыс жүргізілді. Оның ішіндегі Иіркөл, Дүр Оңғар елді мекендеріндегі құрылыс биыл аяқталмақ.
– Қармақшы аграрлық аудан саналады. Сондықтан макроэкономикалық көрсеткіштердің көп бөлігі агроөнеркәсіптік жетістіктерге байланысты. Шаруалардың жайы қалай? Су тапшылығы жоқ па?
– Өздеріңіз білетіндей, Сырдарияда бірнеше жыл бойы су аз болды. Өңір басшылығы вегетациялық кезеңде біздің шаруаларға суармалы су жеткілікті болуы үшін барлық шараларды қабылдауда. Бюджет есебінен сорғы қондырғылары сатып алынды, гидроқұрылыстар жөнделді. Өткен маусымда Үкімет мен облыс әкімінің нәтижелі жұмысының арқасында көрші елдермен халықаралық келісімге қол жеткізілді және су лимиті ұлғайтылды. Сонымен қатар, аудан егіншілері каналдарды толық тазартты. Аудандық бюджет есебінен 103 гидротехникалық құрылыс пен 16 сорғы қондырғысы, 39 гидропост жөнделді, 2307 гектар шабындық суландырылды және суарылды. Өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 25272 гектарды алса, биыл 26735 гектар жерге егін егеміз. Ылғал үнемдейтін технологияларды – тамшылатып және жаңбырмен суаруды белсенді енгіземіз. Бізде жоңышқа мен бақша дақылдарына осы әдістерді қолданатын және ылғалды аз тұтынатын дақылдарды өсіретін шаруашылықтар бар. Былтыр 13 мың гектарға күріш егіп, 78,2 мың тонна астық жинадық. Орташа өнімділік 60 центнерді құрады.
– Бірайдан кейін аймақ диқандары көктемгі егіс жұмыстарын бастайды. Қармақшыда дайындық қалай жүріп жатыр?
– Қыс мезгіліне қарамастан, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жұмысы өте көп. Ең алдымен олар тыңайтқыштар, гербицидтер сатып алады. Биыл 15278 тонна минералды тыңайтқыштарды пайдалану жоспарлануда, бұл – аммоний сульфаты, карбамид және басқалар. Біздің шаруалар 7000 гектар жерге күріш егуге дайын. Қазір егіс алқабы лазерлік тегістегіштермен тегістелді, 3720 тонна арзандатылған жанар-жағармай сатып алуға өтінім берілді. Көктемгі дала жұмыстарына 2010 тонна, күзгі дала жұмыстарына 1710 тонна дизель отыны, 22 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Шаруа қожалықтары ғана емес, ауыл тұрғындарын да егін егу және өздерін көкөніспен қамтамасыз етуі үшін биыл 415 гектар қосымша бақшалық жердайындап, 950 отбасыға бөліп береміз.
– Облыстың кейбір аудандарында жер дауы туындағаны белгілі. Қармақшыда бұл мәселе қалай шешілді?
– Бұрын жекелеген шаруашылықтарда үлескерлер өз жерін алғысы келді. Мәселе шешілді. Барлығына себеп – үлескерлерге жерін пайдаланғаны үшін дивиденд төленбегені. Егер шаруа қожалықтарының басшылары қажет девиденд төлесе, мұндай болмас еді. Пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылған фактілер бар. Мемлекетке 15000 гектар жер учаскесін қайтару жоспары бекітіліп, қазіргі уақытта 14 учаске қайтарылды. Өткен жылы жер учаскелерін жалға беруге байланысты жеке және заңды тұлғалармен жаңадан 86 шарт жасалды. Жерді сату бойынша аукциондар да өткізілді. Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді түгендеу жалғасуда, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының жайылымдық жерін ауыл тұрғындары үшін маусымдық жайылым ретінде пайдалануға беру үшін меморандумға қол қойылды. Биыл бұл жұмыстар одан әрі жалғасады.
– Ауылдағы кадр мәселесі қалай шешілуде?
– 2024 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауданға 55 жас маман келді. Мемлекет оларды қолдау мақсатында бір адамға 369,2 мың теңгеден көтерме жәрдемақы төледі. Үй сатып алуға жеңілдетілген несие алу үшін қаржы бөлді. Биыл 65 маманға 25,5 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы бөлінеді. Ал 35 маманға тұрғын үй сатып алуға 320,5 млн теңге мөлшерінде бюджеттік кредит беру жоспарлануда. Соның өзінде кадр тапшылығы бар. Дәрігерлер, педагогтер, мәдениет қызметкерлері жетіспейді. Жергілікті жастарды тұрақтандыру үшін жағдай жасауға тырысамыз. Осы ретте біз  арнайы жоба дайындадық. Алдағы уақытта жас мамандар үшін 18 пәтерлік 3 тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Республикадан қолдау тапса, құрылысы басталады. Жалпы жұмыс істеймін деген жасқа барлық мүмкіндік  бар.
– Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – халықты әлеуметтік қорғау. Енді әлеуметтік салада атқарылған негізгі жұмыс-тарға тоқталсаңыз.
– Бұл салада әрбір мәселе маңызды.Өйткені халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау, оның ішінде, жұмыспен қамту, төлемақылар тағайындау, сондай-ақ білім, мәдениет, спорт, құқық қорғау салалары мен жастар саясатын қолдау – негізгі міндетіміз.Ауданда былтыр 21 жоба жүзеге асты.Ол бойынша 353 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған,оның ішінде 40-ы тұрақты, 313-і уақытша жұмыс орны. «Enbek.kz» порталына 367 бос жұмыс орны жарияланды және 367 азамат жұмыспен қамтылды.
Біз халықты жұмыспен қамтуда пробация қызметінің есебіндегі және жазасын өтеп келген азаматтарды да өмірге икемдеп жұмысқа тартып келеміз. Былтыр 9 адам жұмысқа орналасты. 290 отбасының 1419 адамына 104294,6 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 48 адам жұмыспен қамтылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны – 1025. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін мүгедектерді тасымалдау («Инватакси») қызметіне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткен жылы 1045 тапсырыс, Байқоңыр қаласы, Ақай, «Төретамнан»  2103 тапсырыс түскен. «Талсуат» елді-мекенінде орналасқан мүгедектерді оңалту орталығына 100 адамға жолдама берілді. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғызбасты қарттар және мүгедек жандарға үйден әлеуметтік қызмет көрсету де өз деңгейінде жүруде. Бұл бағыттағы қолдаулар биыл да  жалғасын табады.
– Халықпен қаншалықты жиі кездесесіз? Олардың көтеретін басты мәселелері қандай?
– Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдер халықпен жиі кездесіп, қоғамдағы проблемаларды белгілеп қана қоймай, ресми парақшасында ең өзекті сұрақтарға жауабын жариялау, олардың мәселелерін шешу жолдарын ұсыну туралы тапсырмасы бар. Екі айда бір ауылдарды аралап, халықтың жағдайын көріп, олардың сауалдарына жауап беріп отырамын. Бекітілген уақытта ғана тұрғындарды қабылдау деген түсінік жоқ. Мәселемен келген адамды кез келген уақытта қабылдап, тыңдаймын. Осы жердің тумасы болғандықтан, бала-шағаммен серуендеуге алаңға барамын, жұмысқа жаяу келемін. Мұның барлығы жағдайды терең біліп отыруға мүмкіндік береді.
Ал тұрғындар негізінен жұмыспен, тұрғын үймен қамту мәселесін көтереді. Бұл мәселені шешу күн тәртібінен ешқашан түспейді.
– Негізгі салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар болдық. Алдағы жоспарлар туралы айтсаңыз…
– Өзіңіз байқағаныңыздай, ауданда атқарылған жұмыстар ауқымды, атқарылатыны да аз емес. Ең алдымен, теміржол арқылы өтетін көпір салу. Кент тұрғындары теміржолдың екі жағында орналасқан. Бұл жоба биыл басталады. Одан кейін елді мекендерді газдандыру. Демеушілер есебінен жобаны жүзеге асыру ойда бар. Абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру және таза ауызсумен қамту, тұрғын үй-коммуналдық мәселелер де әрқашан бірінші орында. Біз оларды кезең-кезеңімен шешетін боламыз.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан:
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ
«Сыр бойы»
18 қаңтар 2025 ж. 63 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№4 (10372)

18 қаңтар 2025 ж.

№3 (10371)

14 қаңтар 2025 ж.

№2 (10370)

10 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 301
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031