Аудан әкімі тағайындалды
ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫ АКТИВІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА ОБЛЫС ӘКІМІ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ ЖАҢА АУДАН ӘКІМІН ТАНЫСТЫРДЫ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІ МЕН ҚАРМАҚШЫ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЛІСІМДЕРІ БОЙЫНША ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ӨКІМІМЕН ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЛАУАЗЫМЫНА ЖАНДОС ЕРКІНБЕК ТАҒАЙЫНДАЛДЫ.
Облыс әкімі 18 қаңтар 2023 жылғы өкімімен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы No828 Жарлығына сәйкес Қармақшы ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.
Жандос Еркінбекұлы 1983 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген.
2004 жылы Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтын «Бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік іс жауынгерлік іс-қимылын басқару» және 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы әскери қызметтен бастап, 2013 жылға дейін атқарған. 2013-2018 жылдары бірқатар компанияларда түрлі деңгейдегі жауапты басшылық қызметтерде болған. 2019-2021 жылдары Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы, 2021-2022 жылдары Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2022 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.