» » » Қармақшының күні де жыр, түні де жыр

Қармақшының күні де жыр, түні де жыр

Істі жүргізетін де, бойына қан жүгіртетін де – адам бойындағы адал қасиет. Адалдық қана елге құт болып қонған. Осы ретте еңбек етіп, туған елі мен жеріне қызмет жасап жүрген ардақтыларымыз аз емес. Солардың қатарынан Қармақшы ауданының құрметті азаматы, ҚР «Білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Талайлы Досымованың есімін құрметпен атай аламыз. Оның бір жылдары отбасының асыраушысы бола тұрып, сонау Тараздан ел ағасының ұсынысымен өзі туған топыраққа қызмет етуге келгенін жұрттың бірі білсе, бірі білмес.
– Талайлы Төребайқызы, ананың бар тілеуі баласы ғой. Әңгімені бала-шағаңыздан бастайықшы...
– Орынды сұрақ екен. Ата-бабамыз айтады ғой, «Байлық – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Бала артыңда қалатын із, ол өміріңнің жалғасы» деп. Өмірдегі ең басты құндылығымыз сол баланы өсіріп, жақсы тәрбие бере алсаңыз, өміріңнің жалғасы болып табылады. Аңыздар да бар ғой, бір балаға зар болып өткен қаншама патша болған. Сонда ол артында қалатын мұрагер ұрпағын аңсайды. Сол сияқты мынау сенің өміріңнің мұрагері – бала. Менде де Алла берген екі бала бар. Қызым Гаухар, ұлым Ербол. Үлкенім Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медакадемияны бітіріп, дәрігерлік қызмет істеуде. Ал ұлым заң саласында. Қазір Жамбыл облыстық қорғаныс басқармасы департаментінде әскери қызметкер. Шүкір, қызметтерінде абыройлы. Екеуінен тараған 6 немере бар. Әлия ата-анасының ізін жалғап, медакадемияның 6-курсында оқып жүр. Әлімжан да жоғары оқу орнының 1-курс студенті. Одан кейін Асфендияр, Әмина атты немерелерім – мектептің оқу озаттары. Ақдидар мен Ақмәди мектепалды тобына барады.
– Өзіңіз қандай ортада өстіңіз, ата-анаңыз кімдер болды? Нені жақсы көретін едіңіз?
– Жақсы ортада өстім деп айта аламын. Себебі әжем Айшагүл, сонау 1930 жылдардағы ашаршылықтың кезінде екі баласын ертіп, төркін жұрты Қазалы жаққа қарай ығысып кеткен. Жетімдіктен, жесірліктен жапа шеккендіктен сол Қазалы ауданында тұратын теміржолшылар әулеті – Әбдірахмановтарға арқа сүйеп барған. Сол жерде балаларын өсірген. Әкем Төребай мен інісі Әлібай екеуі сол нағашы жұртының ортасында өскен. Әбдірахмановтар әулеті деген бұл, әжемнің 6 інісі. Барлығы да теміржол саласында аталары Әбдірахман Бұқарбаевтан бастап жұмыс істеген. Барлығы да – «Ленин» орденді, республикаға белгілі құрметті теміржолшылар. 1954 жылы мен осы өңірде дүниеге келдім. Нағашыларымның ортасында балалық шағым өтті. Бұл бір өте керемет орта еді. Бәрі де бізді еркелетіп, маңдайымыздан шертпей өсірді. Әкем де теміржолшы болды. Ал енді әкем де, оның ағасы Ыбырай, інісі Әлібай да Ұлы Отан соғысына қатысқан. Інісі 17 жасында сұранып, соғысқа аттанған. Бірақ сол соғыстан оралмады. Жеңістің 70 жылдығында көкемнің құжаттарын іздеп таптым. Әжем баласын ең ауыр 1941 жылы қайтыс болды деп айтып отыратын. Олай емес екен. 1941 жылы майданға түсіп, 1943 жылы қайтыс болыпты. Жатқан жеріне дейін анықтадым. Сонда тізімде кілең орыстардың тұсында қатардағы солдат деп қайталанып келеді де, ортасында Әлібайдың тұсына келгенде сержант дейді. Ол кісінің алымды, туымды, домбырашы, ақынжанды, балуан болғанын әжем айтып отырушы еді. Ал әкем соғыста науқастанып, майданның қара жұмысында істеген. Аман-есен елге оралғасын теміржолшы болып нағашыларының ортасында жүрген кезінде Тұрмағамбет ауылында тұратын туғантуыстары «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген. Сен сонда жүре бересің бе? Өзіңнің тумаластарыңның ортасына кел» деп шақырады. Сол кездегі бауырмашылдық не деген керемет?! Сөйтіп Байқожадан Тұрмағамбет ауылына көшіріп алады. Мен онда бастауыш сыныптың оқушысымын.
Бала күнімнен далада ойнағанды жақсы көремін. Қыс болса, әкем темірден иіп, шана жасап береді. Шанамен бар бала жоғарыдан ылдиға қарай сырғанаймыз. Үсті-басымыз малмандай су, ол су мұз болып қатып, сол күйімізбен іңір қараңғысында үйге келеміз. Анам марқұм шапанымды пештің мойнындағы жіпке іліп, кептіріп қояды. Таңертең тағы сол шапан мен керзі етікті киіп, сабаққа кетемін. Сонда бір ауырмаймыз-ау, патшағар! Жаз шыға тіпті үй көрмейміз. Қозы-лақ бағып, құмға қарай кетеміз. Құмнан қарагеней, итжуа, көсікті қолмен қазып жейтінбіз. Жаздың ыстығында бұтаның басындағы сағызды алып, шайнаймыз. Құмнан дарияның жағасына келіп, суға шомыламыз. Ымырт үйіріле анамның дорбаға салып берген таба наны мен айранын ішіп, қозы-лақты жамыратып үйге келеміз. Жылдың 4 мезгілінде далада өстік, жүгіріп жүрдік. Тұрмағамбетке көшіп келгеннен кейін мен басқа бір ортаға келіп түскендей болдым. Тосырқадым да. Кейіндеу туғантуысқандарға бауыр басып кеттім. Есімді біле келе бұл өңір – жыр өңірі, өлең өлкесі екенін сезіндім. Туыстарымның бәрінің әнші, күйші, жыршы, ақын екенін біліп, соларға еліктедім. Қолыма қалам ұстай бастадым. 8-9-сыныптарда жыр жазуға талап қылдым. Әкем ауылда мал бағып, шопан болды. Дала өмірі деген романтикаға толы ғой. Осындай өмірдің ортасында болдым. Мал төлдететін кезде сақманға көмекшілер жібереді. Сондай бір сәтте әкеме көмекшілікке Мұзарап Жүсіпов деген көкеміз келді. Бұл кісі үйде кешкілік малды жайғаған соң дастархан басында домбырамен жыр жырлайтын. Бірде түсте ұйықтап жатқан кезімде әкем жаңағы кісіге «Осы баламның қалам ұстап жүретіні бар. Аузына түкіріңізші» деп айтқан екен. Осылайша ырым қылып, ұйықтап жатқанымда Мұзарап көкем аузыма түкірген екен. Міне, менің қалам ұстап, өлең жазуыма да атаанамның ықыласы кеткендігі көрініп тұр деп ойлаймын. Мұнан кейін №29 мектепте мақала, өлең жазуға жетелеген ұстазым – Қаражан Қожабаев деген атақты методистмұғалім. Кейіннен институт бітіріп, мектепке келгенімде ағай тәлімгер ұстазым болды. Осындай ұлағатты ұстаздардың алдынан өттім. Сүйінбай Ақбаев деген кісімен (өзіме сабақ берген) қанаттас қызмет жасадым. Бұл – өлеңсіз, жырсыз жатпайтын ел. Қайғысын да, шаттығын да жырмен жеткізген ел. Сыр сүлейлерінің туған елінде балалық, жастық шағым өтіп, тағылым алғаныма ризамын. Әсіресе Тұрмағамбет, Ешнияз сал, Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар сынды атақты жыр шайырларының шығармаларын оқып, үлгі алып, соларша жыр жазуға ұмтылатынмын. Әкем шопан болған соң малшыларды жылжымалы автодүкен аралайды. Сонда үнді шайын, жоғары сұрып ақ ұн алсаңыз, кітап қосып беретін. Үйімізде көптеген кітап, оның ішінде батырлар жыры, Тұрмағамбеттің «Рүстем-Дастан» кітабы да болды. Сол кітапты малын жайлап болғасын әкем май шамның жарығымен ерінбей оқып беретін. Сол кітаптар маған өмірлік азық болды. Менің әдебиетке, өлеңге жақындығым осыдан басталды. Одан өзге, жоғары оқу орнында ұстаздарымның да ықпалы болды. Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Мекемтас Мырзахметов, Хасен Әдібаев сынды ғалымдардан білім алдым. Мысалы, мектеп қабырғасында жүргенімде Н.Ғабдуллиннің «Өмір қымбатсың маған» кітабын оқығанмын. Сонда осы кісі қайда тұрады екен, қандай кісі екен деп ойлайтынмын. Институтқа түскенде ауыз әдебиетінен сол кісі бізге сабақ берді. Небір жырларды жатқа айтатын. Менің азғантай ғана талантыма қарап Х.Әдібаев кезінде С.Сейфуллин ұйымдастырып кеткен «Жас қанат» өлең-өнер бірлестігіне мүше қылып тартты. Ол жерде Нұрдәулет Ақышев секілді студенттермен бірге қатыстым. Өлеңге деген талабымды үйірме де шыңдады. Хасен ағайдың арқасында белгілі ақын-жазушылар Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Марфуға Айтқожиналармен таныстық.
– Тарихқа қарасақ, адамды жетістікке жеткізетін оның мінезі, ұстанымы екен. Сіздің мінезіңіз кімге ұқсаған, қандай ұстанымда келесіз?
– Дұрыс айтасыз. Адамды жетістікке жеткізетін оның мінезі екеніне келісемін. Мен әжем Айшагүлдің бауырында өстім. Анам Пернегүл атымды атамайтын. «Башпан» дейтін. Есімімді әжем қойған. Ол өмірден көп тауқымет тартқан кісі. Талайлы деген есім көп кездеспейді. Жалғыз әкесі, ағасы талабына тірі тұрар ма екен, несібелі, бақытты болар ма екен деп ырымдап қойыпты. Студент кезде Шайхы Кәрібаев деген жасы үлкендеу кісі сабақ берді. Ағай бәрімізді орнымыздан тұрғызып, атымызды сұрайтын. Кезек маған келгенде тұтығып, есімімді айта алмадым. Өйткені әжеме есімім үшін ренжіп жүретінмін. Сонда ағай «әжеңіз кемел кісі екен. Бұл – ырысты, талапты, талантты» деген мағынаны білдіреді» дегенді. Содан бастап әжемді жақсы көріп кеттім. Мінезім әжеме тартқан. Ол өте сөзгер, ақылды, ойлы, парасатты кісі болды. Өткір мінезді, айтар ойын жалтақтамай, тіке айтатын. Көпшілік ортаны жақсы көретін. Досым атам атсейістік етсе, әжемнің айтысатын қасиеті болған. Әжемді іздеп келушілер көп болатын. Айшық деген қайнысы атақты Көкілташ медресесінде оқыған. Оны «молда бала» деп атайтын. Біз сол кісінің үйіне жиі баратынбыз. Айшық әкем Тұрмағамбеттің «Рүстем-Дастан» жырын жатқа айтатын. Шебер әңгімешіл тұғын. Зағип кісі еді, туысқандардың үйіне таяқпен жетелеп апаратынмын. Есегімен арып-ашып Дүрманқожа да жиі келетін. «Нанның қиқымынан, Қожаның тұқымынан қорық деген» деп әжем айтып отыратын. Анама киімін жуғызып, әкеме сақал-мұртын бастыртып жібертетін әжем. Ақ есегінің тоқымын қағып, қолдан арқан есіп, жол азығын салып бергізетін. Қожа әкеміздің дорбасында өрік-мейізі болады, содан талай жедік. Турашылдығым, тіке айтатыным әжеме ұқсаған. Кей кісілер мінезімді жақтырады, кейбірі жақтырмайды. Ешкімнің сыртынан әңгімелемеймін, бетіне айтамын. Дүниеде біреудің сыртынан әңгіме айтқанды жек көремін. Шәкірттерімнен естіп жатамын, «апайдың талапшылдығының арқасында осындай дәреже жеттік» дегенді. Алдыма қойған мақсатқа жетуге тырысамын. Бұл мақсаткерлігім біраз биікке жетеледі. Ұстаздық еткен салада балаларды көбіне әдебиетті сүюге, әдеби-тарихи тұлғаларды тануға, олардың өмір жолдарынан үлгі алуға бағыттадым. Жолымды қуғандары да аз емес.
– Бұлай сұрап отырған себебім, еңбек жолында бірнеше салада жұмыс істеп, нәтижелі қызмет еттіңіз. Әр салада марапаттарыңыз бар...
– Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімімін. Сол салада жақсы жетістіктерге жеттім. Біздің кезімізде үлгермеуші оқушы болмау керек деген талап қойылды. Сыныбымда 47 бала оқыды. Мен 5-сыныптан бастап Несібелі Шыңғысова деген апайдан қабылдап алдым. Барлығы жүргізіп оқи, жаза алады. 9-сыныпқа дейін жетекші болдым. Жақсы-жақсы балалар шықты. Талапқа сай балаларды алып қалып оқытатынбыз. Сол уақытымызға ақы төленбейтін. Қазір мұғалімнің қолы қимылдаса, оған ақша талап етіп отырады. Басқа сыныптағы пән бойынша үлгере алмай жатқан оқушыларды да осылай демейтінбіз. Қазір кездесіп қалсақ, сол балаларымыз бәйек болып жатады. Мұғалімнің жетістігі, мәртебесі – осы! Мәдениет саласына ауыстым. Жаңа салаға ауысқанда да мектептен қол үзбедім. Мектеп директорының орынбасарлығына қойды. Бөлімде әдіскер ретінде қызмет еттім. Онда да сабақ беріп жүрдім. Әдістемелік кабинеттің меңгерушісі болдым. Ауданда 7 пән бойынша 7 озат тәжірибе мектебін аштым. Сол мектептерден Рәзия Ерлепесова, Қалдан Мұқышова, Бихан Дүйсенова, Арзанкүл Абдуллаева, Дина Әміралиева сынды дарынды мұғалімдер шықты. Білім бөлімін Мұсахан Басшыбаев бауырымыз басқарды.
– Білім, мәдениет саласымен қатар, әдебиетте де жемісті қолтаңбаңыз бар.
– Аудан әкімі Рзақұл Сәденұлының қалауымен мәдениет саласына келдім. Аудан аумағында тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері есебінде жұмыс жасадым. Бұл менің бұрын таныс емес мамандығым. Бірақ ізденудің нәтижесінде ескерткіштердің тізбесін жасап, бұл тың қызметті де қалыптастырдық. К.Рүстембековтің 60 жылдығына орай бұрынғы пайдаланылмай тұрған «Комсомол» кинотеатры жаңадан өңделіп, Жыраулар үйі болып ашылды. Мұны республикадағы үлкен жаңалық деп айтуға болады. Көшенейдің «Жұлдыз боп аққан жыр ғұмыр» атты кітабы жарық көрді. Осы салаларда жүріп баспасөзден алыстағаным жоқ. Адам алға қарай ұмтылған, ізденген сайын уақыт өзі жетпейді екен. Күндіз жеткізе алмаған уақытты түн баласында отырып жазуға тура келді. Өткен күндер маған жақсы нәтижесін көрсетті. Адамда мақсаткерлік пен талант болу керек. Халық, ел алдындағы жауапкершілікті ұмытпау керек. Сенен бір рухани азық күтіп отырған елдің жоғын жеткізуді алдыма мақсат етіп қойдым. Сол мәселелердің соңында жүргенде жеке басымның проблемасын кейінге ысырдым. Осы жолда балаларым да көмекші болды. Ол – өздері оқып, жетіліп, менің алға қойған мақсаттарымды түсіне білгені. Олардың тәрбиесіне уақытымды жеткізе алмайтынымды сезініп, менің арманыма қарай, мақсатыма қарай құлаш сермеген ұл-қызыма да ризамын. Осылай жүріп ел-халқыма еңбек сіңірдім. Қалдырған қолтаңбам – Арнұр екеуміздің жазған «Жұлдыз боп аққан жыр ғұмыр» кітабы, «Тұрмағамбет» журналы, одан кейін екі топтама жыр жинағым – «Сыр сазы» және «Жан шуағым» атты кітаптарым.
– Ел ағаларының шақыртуымен туған жеріңізге келіп қызмет жасадыңыз. Не бере алдым деп ойлайсыз? Қандай тың жұмыстар атқара алдыңыз?
– Сыр елінде ірі 3 жыраулық мектеп болса, Қармақшыда Жиенбай жырау мақамсазымен жыр айтатын Сыр сүлейлерінің ізбасар ұрпақтары өсіп келе жатыр. Осы салада біраз жұмыс атқарылды. Сыр өңірінің паспорты – Тұрмағамбетті Мардан Байділдаев, Алма Құнанбаева, Адам Мекебай, Өтеген Күмісбаев сынды ғалымдар өздеріне үлгі тұтты. Т.Ізтілеуовтің 125 жылдығын атап өту туралы іс-шара қолға алынды. Онда аудан әкімі Биғали Әбдікерұлына «Тұрмағамбет» журналын шығаруға ұсыныс тастадым. Ол кісі қолдады. Сөйтіп 2007 жылы Алматыдан осы журналды шығарттық. Аудан басшысы ауысып кетіп, бұл бастамамыз аяқсыз қалды. Менің арманым – осы Сыр өңірінен «Тұрмағамбет» журналы шығып тұрса құбақұп. Айына шықпағанымен ең болмаса жылына бір мәрте шығып тұрса, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалар еді. Біз Тұрмағамбетпен мақтанамыз, мақтану бір басқа. Бірақ оның жүрген жолымен жүру екінші бір әңгіме. Мұның құндылығы өте бай. Аудандағы атқамінер азаматтарға құлаққағыс десем де болады. Қолымнан келгенше білім, мәдениет саласының өсіп-өркендеуіне үлесімді қостым. Оның бағасын ел-жұртым білер.
– Сізді республикада Сыр елінің мықты ақын қызы, жыр шайырларының ізбасары деп таниды. Ең алғаш жазған өлеңіңіз есіңіз де ме? Өлең әлемінде кімдерді пір тұтасыз?
– Алғашқы жазған өлеңім «Көктем» деп аталады. «Қармақшы таңы» газетінде жарық көрді. Жүрегім жарылғанша қуанғанмын. Сонда әкемнің «Балам, мына өлеңді өзің жаздың ба, біреуден көшіріп алып жүрме. Ол ұрлық болып саналады» деп айтқаны әлі есімде. Жыл мезгілінің ішінде көктемді аса жақсы көремін. Өзім де көктемде дүниеге келдім. Поэзияда үлкен үлгі тұтатын адамым – Абай. Институтта Мекемтас ағайымыз санамызға әбден сіңірген. Оның «Кемел адам», «Толық адам» жөніндегі дәрісін көп тыңдадым. Сол сияқты Мұқағали, Мұхтар ақындарды үлгі тұтамын. Өлеңдерімді сүйіп оқитын оқырмандарым да бар. Оның ішінде Зинабдин Әлімбаев ағай дер едім. Ол мұғалімдік қызметке келген кездегі алғашқы ұстазым. Педагогикалық жағынан шыңдауға талап қойып, менің де талапшыл болуыма септігін тигізді. Сол тұстарда жолыққан кезде «Талайлы сенің өлеңдеріңді оқып, марқайып қалдым. Өлеңдерің мықты ғой. Ойыңның қайда жатқанын мен жақсы түсінемін» деп арқамнан қағып қоятын марқұм ағайым. Бүгінде «Өмір жыры» деген жыр жинағымды дайындап жатырмын. Сәті түссе, туған халқымның қолына тиетін де болар.
– Көктемнің жайма-шуақ күнінде 70-ке келіп жатыр екенсіз. Құтты болсын айтамыз. Туған еліңізге айтар тілегіңіз бар ма?
– Жетпіс жасқа да жеттік. Уақыт бір демде өте шығады екен. Ел-халқыма тілейтін тілегім – аманшылық, тыныштық болсын. Таңы жырмен атып, күні жырмен батсын, шапағатты болсын. Қармақшының күні де жыр, түні де жыр. Сол жырымен рухтанып, қуансын. Рухани нәр алсын. Баласы әнші, жыршы, күйші болып тусын. Өрелі елдің өнерлі ұл-қыздары көп болсын. Маған туған жерімнің жақсы жаңалығын ғана естуді нәсіп етсін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
27 ақпан 2024 ж. 605 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 208

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 149

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 318

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930