» » » Тілді оқытуда тың тәсілдер керек

Тілді оқытуда тың тәсілдер керек

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА, Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-і Қармақшы ауданындағы мемлекеттік тіл оқытушысы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық «Үздік оқытушы – 2023» байқауының бас жүлдегері

– Қайырлы күн, құрметті Гүлжанат Өмірқызы! Бірнеше жылдан бері 5 қыркүйек Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде қазақстандықтар тілдер мерекесін атап өтеді. Осы мереке аясында ұлт ұстазының әдістемелерін насихаттау үшін республикалық «Үздік оқытушы» байқауы жыл сайын ұйымдастырылатынын жақсы білеміз. Биылғы байқаудың бас жүлдегері ретінде өзіңізбен сұқбаттасуды жөн көрдік. Әңгімемізді сіз қызмет ететін тілдерді оқыту орталығының жұмысы мен бүгінгі бағыт-бағдары жөнінен бастасақ...
– Еліміз тәуелсіздік алғалы мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүргізу мәселесі мінберден түспей келе жатқаны рас. Өйткені, бұл «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 6-бабында: «Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды» делінген. Осы бағыттағы жұмыстарды ел көлемінде жүйелі атқару үшін жұмыла әрекет ету мақсаты қойылып, Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Нәтижесінде республика бойынша «Тілдерді оқыту орталықтары» ашыла бастады. Қызылорда облысында 2008 жылдың 14 сәуірінде «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» құрылып, өз жұмысын бастаған. 2016 жылдың 30 маусымында облыс әкімінің No509 қаулысымен Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-і болып қайта құрылған. Орталықтың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін оқыту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Мемлекеттік тіл саясатын бекітілген функциялық бағыттар бойынша жүргізіп, оқытудың әдіснамасын жетілдіру, оқыту үдерісі мен қолданыс мәртебесін арттыру бағытында үздіксіз жалғастырып келе жатқан орталықтың құрылғанына биыл 15 жыл толып отыр. Орталық ересек азаматтар арасында тегін тіл оқыту курстарын, оқытушылар үшін заманауи талапқа негізделген түрлі форматтағы оқу-әдістемелік семинар-тренингтер ұйымдастыру бойынша республикада үздіктер қатарында.

– Қандай курстық бағдарламалар бар, оны ұжым болып оқуға ұсыныс жасауға бола ма?
– Біздің орталықта мемлекеттік тіл, орыс және ағылшын тілдерін деңгейлік оқытудан бөлек «Сөйлеу мәдениеті», «Қазақ тілді кәсіпкер» курстары бар. Оқу  тегін. Офлайн да, онлайн форматта да жүргізіледі. «Мемлекеттік тілді деңгейлік оқыту» курсы 14 күнді, 40 сағатты қамтиды. Бір топта 12 немесе одан да көп тыңдаушы болады. Оқу топтарымен ашық сабақ, дөңгелек үстел отырысы, тағы басқа іс-шаралар жиі өткіземіз. Алдағы уақытта аудан әкімі орынбасарының тапсырмасымен бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне тілге қатысты түсіндірмелер, құжаттағы қателіктердің алдын алу мақсатында семинар-тренинг өткізуді жоспарлап отырмыз.
Бекітілген жоспардағы топтардан бөлек биыл «Адина» сауда орталығының директоры Нағима Тоқсанбаеваның ұсынысымен сауда орталығының қызметкерлеріне офлайн форматта «Қазақ тілді кәсіпкер» курсын оқыттық. ІІІ Интернационал ауылындағы «Бади-Нұр» балабақшасының тәрбиешілері де өз ұсыныстарымен курс оқып, білім жетілдіріп, сертификат алды.

– Қызметке кіріскеніңізге 5-6 ай болмай жатып республикалық байқауда топ жардыңыз. Ауданда тілге қатысты салада еңбек етіп, тіл мәселесі төңірегінде жүрген жанашыр қыздардың бірі екеніңізді жақсы білеміз. Бірақ оқытушылық қызметтегі тәжірибем аз деген қорқыныш болмады ма?
– Орынды сұрақ. Байқаудың басты шарты тіл үйренушілерге арналған курстық бағдарлама әзірлеу және оны қорғау болатын. Несін жасырайық, бүгінде бата мен тілекті ажырата алмай, көңіл айтудың өзіндік шарттарын орынды қолданбай жүрген сәттерге куә болып жүрміз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында орталықтың әлеуметтік желіде «Дәстүрім – діңгегім», «Сөзтүзер», «Сөздер сөйлейді», «Қатесіз жаз», «Қазақтың ым-ишараты» атты ұлттық болмысты айқындай түсетін айдарлары тұрақты түрде жүргізіліп, оқырман сұранысы мен қажеттілігін арттырып келеді. Мен байқауда қорғаған «Сөз және сөйлеу мәдениеті» атты бағдарламада қамтылған тақырыптың барлығы біздің сол дәстүрімізге байланған дүниелер. Сондықтан ұлттық реңнен ажырап қалмау жолын ескердім. Бағдарламаның түпкі мақсаты да жақұт ойды тыңдаушыға маржан сөзбен жеткізе білуге баулу болса, міндеті – айтар сөзін жібек жіппен әдіптеп, кестесін келістіріп сөйлегенде тыңдаушының тұла бойын шымырлатып, жан-дүниесін тербейтін, қиялын көкке самғататын сөйлеуші қалыптастыру. 10 жылдан аса журналист жұмысын атқардым. Тілшілер қоғамға қажет дүниені зерттеп, іздеп жүретінін жақсы білесіздер. Оқытушылық қызметке келгенде тыңдаушыларымның осы бағдарламаға деген сұранысы ойда қайнап жүрген дүниені пісіруге түрткі болды. Бағдарлама жазып шығу да қиынға соқпады. Бұл тілдерді оқыту орталығының, яғни ұжымдастарымның бірлескен жұмысының нәтижесіндегі жетістік деп ұғамын. Орталық директорынан бастап, орынбасары, бөлім басшысы әдістемелік көмек беруден аянып қалмады. Тілді оқытуға тың тәсілдер керек. Сондықтан бұл бағыттағы ізденісімді арттыра бермекпін. Орталық мамандарының бұл қарқыннан тоқтамауға жігер беретін бағыт-бағдар, жоба-жоспарлары да жеткілікті.

– Әңгімеңізге рақмет. Мереке құтты болсын. Орталық ұжымына шығармашылық табыс тілейміз.

Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
05 қыркүйек 2023 ж. 517 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031