» » » Басшылық қызметте тәртіп пен талап қатар жүруі тиіс

Басшылық қызметте тәртіп пен талап қатар жүруі тиіс

qarmaqshy-tany.kz Елімізде ерлермен бірге иық тіресе еңбек етіп жүрген әйелдер бар. Қызметті де, кәсіпті де, тіпті шаруа қожалығын басқаратын қыз-келіншектер қаншама?! Табиғатынан нәзік болғанымен мойнына артылған ауыр жүкті көтеріп, міндеттелген жұмысын бар ықыласымен атқаратын қуатқа ие. Олар отбасының берекесін келтіріп қана қоймай, еразаматтармен бірге ілесіп, әр салада халыққа қызмет қылып жүр. Осындай елдің сенімін арқалап жүрген жанның бірі – Ақай ауылдық округінің әкімі Эльмира Қазиева. Ол бергі уақытта бұл ауылды басқарып келе жатқан үшінші әйел әкім.
– Эльмира Ордабайқызы, еңбек жолыңыз туралы айта кетсеңіз. Жалпы бұл салаға қалай келдіңіз?
– 1994 жылы Қызылорда мемлекеттік университетінің гидромелиорация факультетіне түсіп, 1999 жылы инженер-мелиоратор мамандығын бітіргенмін. 2012-2014 жылдары Қызылорда қаласы «Болашақ» университетінің есеп және аудит мамандығы факультетінің экономика және бизнес мамандығы бойынша білім алдым. Алғашқы еңбек жолымды Жосалы ауылдық округі әкімінің аппаратында салық жөніндегі инспектор болудан бастадым. Кейіннен Қармақшы ауданы бойынша «Салықшы» мекемесінде аға маман салықшы, Жосалы ауылдық округі әкімінің аппаратында салықшы маман болып жұмыс істедім.
Ақай ауылдық оругі әкімінің аппараты алғаш еншісін Төретам кенті әкімінің аппаратынан алған кезден бастап дәлірек айтсам, 2005 жылдан бері әкім аппаратында жетекші, бас маман қызметтерінде болдым. Қолдайтын да, қорғайтын да қарапайым халық болғандықтан, жергілікті тұрғындардың алдындағы бекітілген міндетімді өз деңгейінде атқардым деп ойлаймын. Соның нәтижесінде 2021 жылдың 28 шілдесінен бастап осы әкімдік қызметті атқарудамын. Алғашқы ауыл әкімдерін сайлау арқылы тағайындауға облыс бойынша 40 ауылдық округінде сайлау өткен болса, сол ауыл әкімдері ішінде тек мен ғана әйел азаматы болған екенмін.
– Ауданымызда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 39,5%-і құрайды. Оның ішінде басшылық қызметтегі әйелдер саны – 4. Оның бірі – өзіңіз. Әйел адамның басшылықтағы орны қандай? Жүгі ауыр қызметті атқарып жүрген нәзікжандылар туралы айтсаңыз?
– Менің ойымша, әр адамның жеке қабілетіне байланысты. Жалпы, әйелдің барлығы еңбекқор, адал, жауапкершілігі мол, бәсекеге қабілетті бола алады. Оның үстіне гендерлік саясаттың қарқынды жүруіне байланысты, әйел адамның қоғамдағы орны мен рөлі нығая түсті. Жүгі ауыр қызметті атқарып жүрген нәзікжандылар туралы айтатын болсам, алысқа бармайақ, мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметте жүргендері қаншама? «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөзбен толықтай келісемін. Себебі қызметте жүрген нәзікжандылардың мойнында тек бала тәрбиесі ғана емес, сонымен қатар қоғамда ер адамдармен қатар жұмыс атқару міндеті де бар.
– Ауылдың бүгінгі хал-ахуалы қандай? Нендей жаңалықтар бар?
– Ауылдың бүгінгі ахуалы бірқалыпты. Басты жаңалық газ келді дегеніміз – жаздың келгені демекші, Ақай елді мекенінде тартылатын газ құбыры мен орамішілік газ тарату желілерін салу жобаcы бойынша жұмыстар өткен жылдың тамыз айында басталып, биыл тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Қазыбек би, Құдайбердиев, Баймаханов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, балалар ойын алаңы салынуда.
– Кәсіпкерлік сала қаншалықты дамуда? Атқарылып жатқан жұмыстар туралы айта отырсаңыз?
– Кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыны толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономикамыздың одан әрі өсуінің нақты факторына, сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың және әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр. Кәсіпкерлікті жанжақты қолдау, бизнеске жол ашу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отырғаны белгілі. Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағытында тұрғындармен тұрақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ауыл бойынша тіркелген кәсіпкерлерлік субъектілер санына келсек, жеке кәсіпкер – 418 болса, шаруа қожалықтар – 5. ЖШС – 5.
«Бастау бизнес» бойынша 7 адам мал шаруашылығына және қақпа жасау, кондитер өнімдерін шығару үшін қайтарымсыз грант жеңіп алды. «Аграрлық несие корпорациясынан» 1 азамат жылқы шаруашылығына 4 млн теңге алса, Аймақтық инвестициялық орталығынан 1 азамат жылқы шаруашылығына 3 млн теңге несие алды.
Бүгінде ауылдық округте 26 дүкен, 2 наубайхана, 1 кондитер цехы, 4 тойхана, 2 кафе, 3 тіс емханасы, 5 шаштараз, 4 көлікке қызмет көрсету, 2 көлік жуу, 3 шағын тігін цехы, 3 ағаш шеберханасы, 3 шағын пластик цехы, 2 құс фермасы, 4 монша, 3 тамақтану орны жұмыс істеп тұр.
– Әкімнің жұмысы ер адам, әйел адам деп бөлінбейді. Мойынға түсер салмақ бірдей. Қызметте басшы болғанымен, үйде келінсіз. Бұл рөлді қалай атқарып жүрсіз?
– Мен ел қатарлы жұмысқа сағат 8-де келіп, кешкі 7-де кетемін деп айта алмаймын. Себебі жұмысқа ерте келіп, үйге кеш қайтамын. Десек те, уақыт тауып, өзімнің отбасыммен бірге болуға әрекет жасаймын. Отбасыммен бос уақытымды өткізу мен үшін өте үлкен, көптен күтетін демалыстың бірі.
– Өмірден сабақ алатын сәттер жиі болып тұра ма?
– Бүгінде өмірдің ыстықсуығынан өтіп, соқпақты жолын еңсерген қазыналы қарттардың білдірген сеніміне селкеу түсірмеу басты ұстанымымның бірі. Жалпы өмірдің өзі – үлкен сабақ. Онда түрлі жағдайлар орын алады. Жақсылық қылсаңыз айналып өзіңізге келеді. Жамандық қылсаңыз өзіңізге кері қайтады. Сондай нәрселерден сабақ алу – өміріміздің бір бөлшегі. Кез келген дүниеден сабақ ала отыра шираймыз, үйренеміз ғой.
– Әйел адам қызметте, әсіресе басшы қызметте жүруі, әрине қиындау. Жалпы басшылық қызметте әйел адамға қандай қасиет керек деп ойлайсыз?
– Халқымызда «Әкім бол – халқыңа жақын бол» бол деген даналық бар. Ауылға басшылық ету – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Берілген тапсырмалар өз уақытында, мерзімінде орындалуы тиіс. Жұмысты қиын деп айта алмаймын. Елмен етене болу жастайымнан қалыптасқан әдет. Табиғатымыз әйел. Әйтсе де бойымдағы ерге тән қасиеттің арқасында осындай қызметке келген секілді көрінемін. Негізінен, білікті басшы өз ісінің һас шебері болуы тиіс. Басшы болған соң, ол адамның бойында сабырлық, төзімділік сынды қасиеттер қажет. Бірінші орында тұратын қасиет – талапшылдық. Егер бойыңызда өзге қасиеттер болып, қызметкерден талап ете алмасаңыз жұмысыңыз өнбейді. Әсіресе басшылық қызметте тәртіп пен талап қатар жүруі тиіс.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге көп рақмет!
Сұқбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ
15 тамыз 2023 ж. 989 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031