» » » Ел басқарудағы тәжірибем – ұмытылмайтын өнеге

Ел басқарудағы тәжірибем – ұмытылмайтын өнеге

qarmaqshy-tany.kz Биыл ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында аудан шежіресі небір жаңалықтармен толығып, даму жолына түсті. Жыл өткен сайын гүлденіп, көркейе түсуде. Онда жергілікті халықтың бірлігі мен аудан басқарған басшыларының да сүбелі үлесі жатыр. Төменде ауданымызға 2019-2021 жылдары басшылық еткен Қазақстан Республикасы «Салық қызметінің үздігі» төсбелгісінің, «Ерен еңбегі үшін» және Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің иегері, қаржыгер, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мұса Қалдарбековпен болған сұқбатымызды ұсынып отырмыз.
– Мұса Оспанұлы, өмірде жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспеу керек деп жатады. Есеп-қисапқа екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді. Сіздің не себепті қаржыгер мамандығын таңдағаныңызды білсек бола ма? Алғашқы сауалымызды осыдан бастасақ?
– Мектеп қабырғасында жүргенде басқа пәндерге де жақсы болатынмын, дегенмен математикаға ерекше ықыласты едім. Сабақ берген мұғалімдердің де септігі болғаны анық. Есеп шығаруды жақсы көрдім. Әсіресе, күрделі түрлеріне көп көңіл бөлетінмін. Математикаға жетік болуымның және қызмет барысында тәжірибелі азаматтармен, ағалармен жұмыс істеуімнің арқасында, солардың үйреткенінің нәтижесінде қаржыгер мамандығын толық игердім деп айтуға болар. Қазір осы мамандықпен қай жерде істесем де жұмыстың сапалы жүруіне, алға басуына үлкен әсерін тигізуде. 22 жылдай салық саласында еңбек еттім. Жұмысым жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы «Салық қызметінің үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» және Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен марапатталдым. Еңбек жолымда Алматы қаласында қарапайым инспектордан бастап, Батыс Қазақстан облысы бойынша салық департаменті бастығының орынбасары, Қызылорда, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, облыстық жұмылдыру дайындығы және облыстық кәсіпкерлік, өнеркәсіп басқармаларының басшысы лауазымдарын абыроймен атқара білдім деп ойлаймын. Сонымен қатар, мамандықтың арқасында қаржы саласын түсінетінімізді қызметімізбен, елге жасаған жұмысымызбен дәлелдеп жүрдік. Соның сәті келіп, 2019 жылы қасиетті Қармақшы жеріне аудан әкімі лауазымына тағайындалдым. Бұл қызметке келгенде де қаржыгер мамандығының көп көмегі тиді. Себебі, есепті білген, экономиканы түсінген жанның жұмысты алға жылжытуына бірден-бір қабілеті болады. Сол мамандықтың арқасында ауданды басқарған тұста да елмен ақылдаса отырып, көптеген шаруаны ұйымдастырдық.
– Өзіңіз ауданға басшылық еткен 2 жылда қандай жұмыстар істелді, нендей жоспарлар жасалды, осыған тоқталсаңыз?
– Қармақшыға 2019 жылдың қыркүйек айында келдім. Тұрғындармен, ардагерлермен танысудан бастап, болашақта қандай жұмыстар атқаратынымызды алдымызға мақсат етіп қойдық. Келер жылы пандемия індеті басталды. Ол бір елімізге үлкен сынақ болды және жауапкершілікті талап еткен ауыр кезең еді. Адам өміріне қауіп төндірді. Қаншама арда азаматтарымыздан айырылып қалдық. Алдымызда күрделі шаруалар тұрды. Оның бастысы – аудан халқының денсаулығын, өмірін сақтауда басқа түскен ауыртпашылықтың алдын алу үшін республикада, облыста іс-шаралар жоспары қабылданды. Соның бүкіл ұйымдастыру жұмыстарында аудандық әкімшілік аянбай тер төкті. Штаб құрылды. Дәріханаларды халыққа керекті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге дейін айналыстық. Төтеннен келген індет елімізге оңай тиді деп айта алмаймын. Жұмыс барысы онлайн жүйеге көшті. Адамдар үйде оқшауланды. Қарапайым бетперденің өзін табу қиынға соқты. Ол уақыттар елдің есінен кетпестей болғаны сөзсіз. Қосымша адамдар ауырған жағдайда (өйткені ол кезде алдымызды болжап-білу мүмкін еместей болатын) аудандық агроколледж жатақханасынан 150 төсектік керует дайындалды. Осы бір қиын-қыстау сәтте елге кәсіпкерлердің көп көмегі тигенін де атап өтер едім. Ауруханаға 12 өкпені жасанды желдету аппаратын алып бердік. 42 оттегі концентратына қол жеткіздік. 50-дей оттегі баллонымен қамтамасыз еттік. Осындай азаматтық істе, атап айтқанда Рзақұл Нұртаев, Нұрлан Іздібаев, Орынбасар Төлепов, Марат Сәрсенбаев және тағы басқа да меценат бауырларымыз демеушілік жасап, қол ұшын берді.
Әлеуметтік - экономикалық және елдің тұрмысын жақсартуда басқа да жұмыстарды атқардық. Ол уақытта бюджеттің тапшылығы да сезілген еді. Соның өзінде біз үлкен-үлкен шаруалар істедік. Мен қызметке кіріскенде бюджет 14 млрд-тың айналасында болса, 2021 жылы 18,5-19 млрд-ға дейін жетті. Жалпы 3 жылда 15 млрд-тай инвестиция тартылды. Мен келгенде кіріс салығы 1 млрд 90 млн болса, соны 1 млрд 300 млн-ға жуық артық салық қаражатын түсірдік. Ол біздің салық қызметкерлерінің тынбай еткен еңбегінің жемісі. Облыста аудандар арасында 6 макро көрсеткіш бойынша алдыңғы қатардан орын алдық. Одан бөлек, ауданда атқарған өзіміздің ұйымдастыру шараларымыз, трансферттеріміз бойынша тоқталар болсам, Жосалы, Төретам кенттері мен Ақай ауылының электростансалары қондырғылары ескіріп, оған 50 жылдан асып кеткен болатын. Осы жұмыстар жолға қойылып, жаңартылды. Аудан тұрғындарының жиындарда көтеріп жүрген басты мәселесінің бірі – Жосалы кентінде газ желісі жүргізіліп, ол 2021 жылы халықтың игілігіне берілді. «Газ келді – жаз келді» демекші, бұл кент тұрғындарының тұрмысына оң әсер етті. Кәсіпкерлік саласында да жақсы өзгерістер қалыптасты. Мемлекеттік бағдарламалармен төмен пайызда несиелер, қайтарымсыз гранттар арқылы 70-тен аса кішігірім цех ашылып, жұмысын бастады. Онымен қоса, жастар арасында тәртіп бұзушылық, төбелестің алдын алу мақсатында 40-тай бейнебақылау камерасы қойылды. Оның алдында 22 камера болса, сонымен барлығы 60-тан асты. Жосалы кенті бейнекамерамен толықтай қамтамасыз етілді. 29-дай көше жарықтандырылды. 224 дана күл-қоқыс төгетін контейнер орналастырылды. Екшеп айта кетерлік жайт, Төретам кентінде түгелдей көшелер асфальтталды. Жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жосалы кентінде Орталық алаң абаттандырылды. Ауданның кіре берісіне ауданның паспорты орналастырылды. Елді мекендерде де көшелер жөнделді. Қорқыт ата көшесі кеңейтіліп, жаяу жүргіншілерге арналып тротуар ашылды. Абаттандырылды. Рәміздер алаңы да осы кездерде салынды. Мұның барлығы сол кездегі аудан әкімдігімен ұйымдастырылып, елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында жасалған жұмыстар.
– Аудан халқы сіздің есіңізде несімен қалды?
– Қармақшы халқы менің есіме несімен қалды дегенде, бірлігімен, өнерге жақындығымен, ағаларымыздың тілеулестігімен, сол кісілердің батасымен есте қалды. Қандай дарынды өнер иелерін, жырау, жыршы, ақындарды дүниеге әкелген құтты мекен. Республикаға танымал К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі бар. Онда қаншама бала дәстүрлі өнерге тәрбиеленуде. Оның үстіне өзімнің әкім лауазымында бірінші істеген ауданым болған соң маған өте ыстық. Одан алған тәжірибем ешуақытта ұмытпайтындай өнеге. Қорқыт атамыздың, Марал ишан бабамыздың жамбасы жерге тиген киелі мекенде қызмет етуді Алла тағала бұйыртқанына, сондай бақ бергеніне қуаныштымын әрі мақтан тұтамын. Көптеген досжолдастарымыз бар, сыйласамыз, араласамыз. Маған ең бір ұнайтыны – Қармақшы халқының бірлігі мен өнері. Спорт, егін шаруашылығы да әлбетте, жетістіктен кенде емес.
– Адам бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?
– Адам бойындағы ең алдымен бағалайтын қасиетім – тазалық. Екінші – еңбеккештігі. Тазалық дегенге адалдық, шынайылық, қарапайымдылық және шыншылдық кірсе керек. Аталарымыз айтқандай, «Білімің болғанымен, мінезің болмаса еш жерге сыймайсың». Еңбек болмаса да нәтижеге жету мүмкін емес. Ал үшіншісі – білім. Алдыңғы екі нәрсені іске асыру үшін аз да болса білім керек қой. Адамдардағы осы 3 қасиетті бағалаймын. Жастарға айтарымыз – бір-бірін құрметтесін, қоғамды бір адам жасамайды. Бәріміз бірігіп жасаймыз. Сол жақсы қасиеттер жастарға берілсе, елге жұмыс істесе деген тілек.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Отбасылымын. 1 қызым, 2 ұлым бар. Жаңақорғанның тумасымын. Тәубе дейін, ата-анам, 6 бауырым бар. Қарапайым отбасынан шыққанмын.
– Аудан халқына айтар тілегіңіз болса?
– Барша түркі жұртының абызы, данагөй Қорқыт баба мәңгілік мекен еткен, Сыр өңіріндегі ежелгі астаналардың бірі – сақтардың ордасы Шірік-Рабат шаһары орналасқан тарих тұнған қасиетті мекен – Қармақшы ауданының құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Жиенбай, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет сынды Сыр сүлейлері бастаған ұлы көш киелі өлкенің «Жүз шайырдың елі» аталуына себеп болған. Қармақшы – өнер мен өнеге, еңбек пен ерлік қатар тоғысқан киелі жер. Еселі еңбектің мерейін тасытып, еңбек ерлерін, елге мәлім батырларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Осындай өнері өрісті, тарихы тағылымды ауданды басқарып, елге қызмет еткенім – мен үшін зор абырой. 95 жылдық тарихы бар ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуы жыл сайын арта түсуде. Барлық салада дамудың оң динамикасы қалыптасып, толағай табыстарға қол жеткізіп келеді. Қармақшылықтарды осынау ғасырға жуықтаған мерейлі мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Елге тыныштық, отбасына бақ-береке, жас ұрпаққа жарқын жол тілеймін!
Сұқбатыңызға көп рақмет. Сіздің де еңбегіңізге толағай табыс тілейміз!
Әңгімелескен Сәрсенкүл АҚКІСІ
08 тамыз 2023 ж. 696 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031