» » » Кәсіп ашпас бұрын нарықты зерттеу керек

Кәсіп ашпас бұрын нарықты зерттеу керек

qarmaqshy-tany.kz Қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнестің дамуына күш салынып келеді. Бизнестің де түр-түрі шығуда. Осы орайда елге кəсіптік білім беріп, олардың мұңмұқтажына құлақ асып, мәселесін шешуге ықпал ететін бірден бір ұйым – кәсіпкерлер палатасы. Кəсіпкерлер мен кəсіп бастауға ниетті жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен арнайы бағдарламалар да бар. Өткен жылы ұлттық кәсіпкерлер палатасы трансформациялаудан өтті. Иә, өзгеріс – өмір талабы. Ауданымыздағы кәсіпкерлік саланың жай-күйін білу мақсатында Қызылорда облысы кəсіпкерлер палатасының Қармақшы ауданындағы филиал директоры Алмат Өтегеновпен сұқбаттасудың сəті түскен еді.
– Алмат Қожахметұлы, қалай ойлайсыз, біздің ауданда қандай кәсіп түрі кенжелеп тұр? Қандай жаңашылдық керек?
– Кенжелеп тұрған кәсіп дегенде бұл ауданның географиялық орналасу аймағына байланысты шығар. Мәселен, біздің аудандағы теміржол стансасына пойыздар аз тоқтайды. Сәйкесінше мұнда сауда да аз. Қазалы мен Шиелі аудандарында үлкен станса болғандықтан онда халық 20-30 минут тұрып қажетті заттарын алады, сондай-ақ жергілікті халықтың кәсібін жүргізеді. Шиелінің күріші мен қауынқарбызы сұраныста болса, Қазалының кәмпиті мен балығы жолаушылап жүрген адамдарға жақсы өтеді. Яғни бұл сол жергілікті халықтың өтімді тауарына айналып, сол арқылы табыс тауып отыр. Бізде пойыздар 2-5 минут аралығына тоқтағандықтан, мұнда қызу қайнаған жұмыс та жоқ. Сонымен қатар, ол аудандарда теміржол мекемесі болғандықтан ондағы жұмысшылар саны көп.

Жаңашылдыққа келер болсақ, сіз қанша жаңа кәсіп бастағаныңызбен оған төлем жасай алатын халық керек. Халықтың тұрақты жұмысы болып ай сайын ақша түсіп отырса, онда жеке кәсіпкердің де жұмысы алға жүреді деген сөз. Дей тұра кәсіпті бастар алдында нарықты да бір зерттеп алған артық болмас.

Салыстырмалы түрде Байқоңыр қаласын алатын болсақ, онда космостың жан-жағында жұмыс істейтін мекемелерде 15000 адам жұмыспен қамтылған. Яғни, осынша халық жұмыссыз қалатын болса табыс та жоқ. Ал кіріс болмаған жерде кәсіп те жүрмейді.

Сондықтан жаңашылдықтан гөрі жұмыс орындарын көптеп ашқан дұрыс секілді. Жұмыс орны аз болған кезде халықтың төлем қабілеті жоғары болмайды. Біздегі кәсіптің тұралап, не жабылып қалуының да негізгі себебі осында жатыр. Халық бір көреді, алады. Бірақ үнемі оған шығындалуға қаражаты жете бермейді. Ал, тұтынушы азайған кезде, бизнес те құлдырай бастайды емес пе?!

– Биылғы жылға жоспар қандай? Жыл басынан бері қандай жұмыстар жүргізіп келесіздер?
– Аудандық «Кəсіпкерлер кеңесінің» жұмысын жандандыру басты жоспарда тұр. Бұл кеңесте кəсіпкерлер туындаған мəселені бірлесе шешіп, жаңа кəсіп бастаушыларға бағыт-бағдар беріледі. Кəсіп иесіне арналған мұндай қолдау кəсіпкерліктің əрі қарай жандануына үлкен сеп болмақ.

Жақында облыстық өңірлік кеңес мүшелері ауданымыздағы жеке кәсіпкерлерімен кездесіп, оларды қолдау, құқықтарын қорғау бағытындағы және қолданысқа енгізілген жаңа заңнамаларды түсіндіру, жеке кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. Өңірлік кеңес мүшелері кәсіптің көзін тауып, кез келген бастаманы сәтті жолға қоюдың тетіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Мен кәсіпкер» жобасы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба аясындағы қаржылай қолдау механизмдерін түсіндірді.

Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы трансформациялаудан өтті. Соның негізінде ауданда штат саны азайды. «Бастау-Бизнес» жобасы бұрынғыдай палата негізінен алынып тасталып, электронды порталға көшті. Қазір оны https://business.enbek. kz/ сайтында кіріп, өздері онлайн түрде өтеді.

Палата жыл басынан бері жеке кәсіпкерге не кәсіп бастауға ынталы жандарға консультациялық кеңес береді. Мемлекеттік бағдарламалар негізінде грант, несие алу жөнінде ақпараттармен бөліседі, бизнес жоспар жасауға себепші болады, оларды сүйемелдейді. Одан бөлек, аудандағы мобильді топпен жұмыс істейміз. Онда кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінде аудандық прокуратурамен тығыз байланыста боламыз.

– Бизнеспен айналысуға ниетті адамдарды қолдап, олардың бизнес-идеясын құруға, қаржы алуына бизнестің шырайын келтіруде аудандағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаншалықты серпін беруде?
Жалпы бизнес, кәсіп дегенде бұл аудандағы кәсіпкерлік бөлім мен палатаның жұмысына қарайды. Биыл ауыл тұрғындарына, жастарға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Жастарға арналған бағдарлама жұмысын бастап кетті. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жақын күндері нақты талаптары белгілі болады. Мемлекеттің мұндай қолдауын уақытылы қолдану керек. Кеңес алу, құжат дайындау бойынша біз көмек көрсетеміз.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің Қазақстан Республикасы Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және олардың құқығын қорғайды. Айталық, бізге «Кәсіп ашайын деп едім. Мынадай-мынадай ойларым бар» деп бір азамат келді делік. Идеясы бар, алайда тәжірибесі мен қаражаты жоқ. Біз оған бизнес-жоспар жасауға көмектесеміз, несие алудың жолдарын түсіндіреміз. Істі бастаудың мүмкіндіктерін бірге талқылаймыз, мемлекеттік органдарға тапсыратын құжаттарын дайындаймыз. Егер органдар тарапынан қандай да бір кедергілер мен келіспеушіліктер туындаса себебін анықтап, кәсіпкердің құқығын қорғап, көмектесеміз. Кәсіпкерлерге бағытбағдар беретін семинар, курстар бар. Соларға жібереміз. Осының барлығы тегін жасалады.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ауданда 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпкерлік палатаның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру. Бұл адамдарға кәсіпкерліктің негіздерін үйретеді. Мемлекеттік грант қаражаттары бөлінгеннен кейін сол қаражатқа қол жеткізуге тікелей сүйемелдейді. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқығын қорғауға да жұмыс істейді.

– Кәсіп ашуға ниетті жандарға қандай кеңес бересіз?
– Ең бірінші кезекте нарықты зерттесе екен. Нарықта қандай кәсіп сұранысқа ие сол жағын жан-жақты қарастыру қажет. Кәсіп ашуға ниетті жандардың көп бөлігі Қармақшыда жоқ бизнесті ашқысы келеді. Бірақ мен мына бір дүниені айта кеткім келіп отыр. Егер жоқ бизнес болса, демек ол қажет емес. Бірақ бұл толыққанды жоқ кәсіпті ашпау керек деген сөз емес. Осыған дейін де ауданда бірнеше кәсіпкерлер болды, әлі де бар. Егер сол кәсіптің қажеттілігі болса ол әлдеқашан ашылған болар еді. Бәлки ашылған да болуы мүмкін, бірақ алға ілгерілемей, орта жолда жабылып қалды. Бұл да адамға бір тәжірибе болғаны анық. Жоқ дүниені ашу түбегейлі дұрыс шешім деп айтпаймын. Кейде ашқан кәсіп дөңгеленіп кетіп жатады. «Біз де бар ғой, оның несін ашасың?» деген пікірлер де болады. Дегенмен бәсекелестік болған жерде жұмыс жақсы жүреді. Одан да сапалы, бағасы да қолжетімді етіп ашып жатса, құба-құп. Мұнда халықтың да таңдауына мүмкіндік болады. Сондықтан нарықты зерттеген артық болмайды. Тағы бір ескере кететін жайт – баға. Сіз қойған төлем құны халықтың қалтасына қонымды болған дұрыс. Сонда ғана кәсібіңізге де, қарапайым халыққа да пайдалы болмақ. Одан кейінгі орында – сапаның болуы.

Кәсіпкер болғысы келетін адамның кәсіпкерлік негіздері туралы шамалы болса да білімі, кәсіптің қыр-сырын біліп, салық түрлерінен хабардар болғаны жөн. Алғырлық, ізденімпаздық қасиеттер, өзге адамдармен келіссөз жасай алу қабілеттері қажет. Мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпке байланысты жаңадан шығып жатқан өзгеріс туралы мониторинг жасап отырғаны өзіне пайдалы болмақ. Кәсіпкер болу оңай емес әрине. Алайда, кәсіпкер өзін ғана жұмыспен қамтып қоймай, өзге де адамдарға жұмыс береді. Кәсіпкер болу – жергілікті жердің экономикасының жетілуіне, халықтың әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік беретін үлкен қозғаушы күш.

– Алдағы уақытқа жоспарланған істердің бағыты қандай?
– Алдағы уақытта кәсіпкерлік салада бірқатар ірі жобаларды іске қосу жұмыстары тұр. Соның ішінде «Ақтөбе ауылдық округінен «Қармақшы құс» ЖШС-нің құс фабрикасын маусым-шілде айларында іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, аудан орталығындағы ескі сауда базарының орнына жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваның бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жоба құны 150 млн теңгені құрайды. Жобаға Өңірлік Инвестиция Орталығы арқылы 50 млн теңге несие берілді. Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» ЖШС-і кәсібін кеңейтіп, газоблоктар өндіретін шағын зауыт құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 200 млн теңге. Оны Өңірлік Инвестиция Орталығы арқылы 60 млн теңгеге несиелендіру мақұлданып, құжаттары тапсырылды. Жосалы кентіндегі ескі қонақ үйді қайта жаңғыртудан өткізу жобасын Өңірлік Инвестиция Орталығы арқылы 30 млн теңгеге несиелендіру мәселесі шешімін тауып, қаржыландыру үстінде. Жеке кәсіпкер Тен Маргаританың жол бойындағы қызмет көрсету кешенінен қонақ үй құрылысын салу жобасын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банкке құжаттар тапсырылуда.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Ақнұр САҒЫНТАЙ
12 мамыр 2023 ж. 501 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 100

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031