» » "Кәсіпкерлер кеңесінің" жұмысы жолға қойылмақ

"Кәсіпкерлер кеңесінің" жұмысы жолға қойылмақ

Алмат ӨТЕГЕНОВ, Қызылорда облысы кəсіпкерлер палатасының Қармақшы ауданындағы филиал директоры: 
Еліміз тəуелсіздік алғалы бері шағын жəне орта бизнестің дамуына күш салуда. Осы орайда елге кəсіптік білім беріп, кəсібінің нəсібін көруге бейімдеп отырған «Атамекен» кəсіпкерлер палатасының орны бөлек. Ауданда да кəсіпкерлік саласының даму деңгейін жоғарылату мақсатында белсенді жұмыстар атқарылуда. Кəсіпкерлер мен жаңадан кəсіп бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мен арнайы бағдарламалар бар. Олардан бөлек, жақында палата жанынан қаржы ұйымы құрылды. Осы мақсатта Қызылорда облысы кəсіпкерлер палатасының Қармақшы ауданындағы филиал директоры Алмат Өтегеновпен сұқбаттасудың сəті түскен еді.

– Алмат Қожахметұлы, кез келген кəсіп түрін ашуға мүмкіндік беретін «Бастау Бизнес» жобасы туралы толығырақ айтсаңыз...

– Жалпы бұл бағдарламаға жұмыссыз азаматтар (жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан), сондай-ақ ел Үкіметімен белгіленген азаматтардың жекелеген санаттары қатыса алады. Нақтырақ тоқталсам, оларға ауылдық елді мекендер, қалалар, оның ішінде моно жəне кіші қалаларда тұратын адамдар, егер медициналық қорытынды бойынша денсаулығы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірмесе немесе олардың денсаулығына жəне басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне зиян келтірмеген жағдайда мүгедектер, зейнеткерлік жасқа жетпеген елу жастан асқан адамдар, сондай-ақ NEET санатындағы жастар, табысы аз немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, қоныс аударушылар жəне қандастар, ауыл шаруашылығы кооперативтері жəне олардың «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген мүшелері жатады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кəсіпкерлік негіздерін оқуға ынта білдірушілер ең алдымен жұмыспен қамту орталықтарына жеке басын куəландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, оқудан өту туралы өтініш толтырады. Аталған мекеме үміткердің мəртебесін жобаның нысаналы тобына сəйкестігі расталған жағдайда оқуға жолдама береді. Мұнан кейін үміткер оқуға жолдамамен «Атамекен» ӨКП немесе оның аудандық филиалына кеңес алуға жүгінеді. Өтініш беруші https://atameken.co сайтына электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тіркеле алады. Оқу мерзімі 21 күннен аспайды. Оны аяқтаған соң сертификат беріледі. Елдегі жағдайға орай індеттің жұғу қаупін төмендету мақсатында соңғы уақытта оқу «Atameken Academy» онлайн-платформасы арқылы қашықтан жүргізілді. Жобаға қызығушылық танытқан əрбір адам толық ақпарат алу үшін Кəсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүгіне алады.

– Аталған жоба аясында ауданда атқарылған істердің ауқымы қандай?

– Жалпы биыл «Бастау» жобасының жүзеге асырылып келе жатқанына 5 жыл толады. Осы жылдар ішінде бизнес негіздерін 150 мың қазақстандық оқып шықты, олар бүкіл ел ауқымында 40 мың бизнес-жобаны іске асырды. «Бастау Бизнестің» əрбір үшінші түлегі жеке кəсібін ашты. Қазақстанның түкпір-түкпірінде «Бастау Бизнес» жобасының түлектері тегін, бастысы қолжетімді білім алып, табыс табуға мүмкіндік алды. Бағдарлама халық арасында кең қолдауға ие. Біздің ауданда жыл басынан бері 4 лек бойынша 145 азамат оқуды аяқтады.

– Жақында іске қосылған «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымы кімдерге көмектесе алады?

– 2017-2020 жылдары Қызылорда облысында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 8 958 адам оқу курсынан өтті, олардың тек 39%-ы немесе 3495 түлек 3,4 млрд теңге көлемінде қаржыландыру алды. Алайда қаржыландырылған жобалардың 77% немесе 2685-інің негізгі қаржыландыру көзі қайтарымсыз қаржы – гранттар болып отыр. Жобалардың тек 23%-ы ғана шағын несие беру тетігі арқылы қаржыландырылған. Бұрын қаржыландыру алмаған жоба түлектерінің 61%-ын ескерсек, жобасы қаржыландырылуды қажет ететін бастаулықтардың саны жобамен 7 мыңнан асып кетеді. Осы жағдайларды ескере келе, «Атамекен» тек қана «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыған азаматтардың жобасын қаржыландыратын арнайы микроқаржы ұйымын құру жөнінде бастама көтерді. Қазір аталмыш ұйымдар барлық өңірде құрылды, соның ішінде біздің облыс та бар. Республика көлемінде бастаулықтардың жобасын қаржыландыруға 22,5 млрд. теңге бөлінген. Қызылорда облысының үлесі 1 млрд.теңге. Несие бизнесжоспарын қорғаған «Бастау Бизнес» жобасының түлектеріне беріледі. Несиені кез келген салада бизнесті дамыту үшін алуға болады. Тек микроқаржы ұйымы несиені тұтынушылық мақсатқа, бұрын алған несиені өтеу, несие берешегін қайта қаржыландыруға, жылжымайтын тұрғын үй, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сатып алуға бермейді. Негізінен несие 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Өтінім беру үшін белгіленген формадағы несие беруге өтініш жəне клиенттің сауалнамасы болуы керек. Мұнан өзге жеке кəсіпкерлікті немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куəлік, өтінім берушінің жеке куəлігі, несие тарихы, банктер мен салық органдарында берешегі жоқтығы туралы анықтамалар, кепілмен қамтамасыз етуге арналған құжаттар болуы керек.

– Аудан кəсіпкерлері өз нысандарында «Ашық» жобасын қай деңгейде қолдануда? Жобаның тиімділігі қандай?

– Аталған құралдың болуы көптеген бизнес объектiлерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Өткен жылы көптеген кəсiпкерлер мен олардың жұмыскерлерiнiң табыстарына терiс əсер еткенiн өздерiңiз бiлесiздер. Аудан кəсіпкерлері қойылған тəртіпке бағынып «Ашық» жобасын жоғары деңгейде қолдануда. Əрбір тұрғын талапқа сай бизнес объектiлерiне барғанда арнайы QR-кодты сканерлеп, кiреберiсте көрсету қажет.

– Алдағы уақытқа жоспарланған істердің бағыты қандай?

– Биыл «Бастау Бизнес» жобасына жаңа серпін берілмек. «Атамекен» кəсіпкерлер палатасы ауыл кəсіпкерлігіне оқытып қана қоймай, сондай-ақ жобаларды қаржыландырып, сүйемелдеу көрсететін болады. Сонымен қатар, палата жанынан ашылған, қазір кенжелеп тұрған аудандағы «Кəсіпкерлер кеңесінің» жұмысы жолға қойылмақ. Бұл кеңесте кəсіпкерлер туындаған мəселені бірлесе шешіп, жаңа кəсіп бастаушыларға бағытбағдар беріледі. Кəсіп иесіне арналған мұндай қолдау кəсіпкерліктің əрі қарай жандануына үлкен сеп болмақ.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Ардақ СƏКЕНҚЫЗЫ
17 тамыз 2021 ж. 496 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031