» » » «Ойланбастан мал шаруашылығын таңдадым»

«Ойланбастан мал шаруашылығын таңдадым»

qarmaqshy-tany.kz Кәсіп ашу, жұмыс көзін ұйымдастыру батырлыққа тән құбылыс. Ондайда тәуекел еткендер ғана желқайықтан кідіріссіз өте алмақ. Нар тәуекел етіп, бір басына жұмысы жетіпартылатын мал шаруашылығы кәсібін ашқан азаматтардың өз айтары бар. Олардың қатарында тәжірибесімен бөлісуге Қуаңдария ауылының 10-ға тарта азаматын жұмыспен қамтып отырған облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы агрокомитет кеңесінің мүшесі, облыстық фермерлер одағының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, «Олжа» шаруа қожалығының төрағасы Болат Бөгетовті сөзге тартқан болатынбыз
– Болат Әлдебайұлы, қош келдіңіз. Сізді аудандық мәслихаттың екі мәрте депутаты және кәсіпкер екеніңізді білеміз. Сонда да өзіңізді тағы бір таныстыра өткеніңіздің артығы болмас.

– Мен 1976 жылы Жосалы кентінде дүниеге келдім. Әкем Алдашбай ахун ауылында туған. Т.Көмекбаев ауылында тұрған. Кейін Жосалы кентіне көшкен. Мұнда келгеннен соң жедел жәрдем стансасында фельдшер болса, санитарлық-эпидемиологиялық стансасынан зей¬нетке шықты. Анам Шамшия Ілиясова Аралдың қызы. Автобаза мекемесінде еңбек етті. Отбасында бір қыз, төрт ұл тәрбиелендік.

– Ата-анадан, өскен орта және ұстаздан алған тәрбиеңіз қандай болды? Еңбек жолы мен ізденістеріңіз жайында айтсаңыз?

– 1997-2000 жылдар аралығында Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінен «Техниктехнолог» мамандығы бойынша білім алдым. Жоғары білімді Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінен «Инженер» мамандығы бойынша меңгердім. Бала кезімде әкем ақ халатпен жүретін. Соған қарағанда еліктеу болды ма екен, дәрігер болғым келді. Бірақ, қазір мектеп бітірген баланың тоқсан пайызы қалаған оқуына түсетін болса, ол кезде тоқсан пайызы түсе алмайтын еді ғой. Біз де сол үш кластан үш бала жоғары оқу орнына түсіппіз. Мен үйдің үлкенімін. Ата-әженің баласы болдым. Ол кісілер өмірден өткенше екеуінің қасында жатқанмын. Солардың тәрбиесін алдым. Үйде мал болды. Жылқы ұстады. Атам сексенге келгенше атқа мінді. Мені де сол шаруаға үйретті. Мектепте жақсы оқыдым. Қолымнан кітап түспейтін. Білім ұйымын бітірген уақыт тоқыраудың кезі болатын. Жұмыс көзі жабылды. Кәсіппен айналысуды ешкім білген жоқ. Барлығы мемлекетте жұмыс істеп үйренген. Өзіңіз білесіз, елде тіпті ішер ас болмай қалды. Нан, қант деген қат болды. Керегімізді дүкенде талонмен ұзын-сонар кезекке тұрып алған күндер әлі есімізде. Кейбір кезде тамақ жетпей қалатын. Осы кездерде оқумен қатар, қалада да, ауылға келгенде де жұмыс таңдамай, істей беретінмін. Колледжді бітіргесін ауылда бірер жыл болып, «Таңсықбай» базарының алдында тұрып газет саттым. Ізденісте жүріп, ұялы телефон, басқа да тұрмысқа керекті заттар сататын «Азамат» деп ат қойып, дүкенімді аштым. Иә, бір дүкенмен бір үйлі жанды асырау қиын. Сондықтан дүкенді үйдегілерге қалдырып, өзім Қызылордаға барып жұмыс істедім. Бастапқыда жүк тасыдым, жүргізуші болдым. Одан соң сауда компаниясына орналастым. Сол жерде менеджер, директордың орынбасарына дейін көтерілдім. Екі ортада газет шығардым. Ең көп жұмыс істеген мекемем – Шымкент сыра зауыты. Серіктестік Қазақстан бойынша үлкен компания қатарынан еді. Оның әр облыста филиалы, директорлары қызмет етті. 2005 жылы сауда өкілі болып кірдім, 2006 жылы директоры болып тағайындалдым. Ол жұмысты істей жүріп, өзімнің жеке кәсіптерімді аштым, қосымша кеңесші болдым.

– Мал шаруашылығын таңдауыңызға не себеп? Неге кәсіптің осы түрі оң жамбасыңызға сай келді?

– Қазақта айтқандай, «Ер туған жеріне...» дегендей, кейін бәрібір ауылға қайтқым келді. Келдім. 2016 жылы Қуаңдариядан жер алып, шаруашылығымды бастадым. Бір жылдан соң Қызылордадан жылқы алып бақтым. Артынан Ақтөбе қаласынан тұқымы тәуір жылқылар әкелдім. Бір қызығы, жылқы деген малды бір адам ғана бағады екен де артық жұмыс орнын аша алмайды екенсіз. Сол үшін де 2018 жылы Батыс Қазақстан облысынан асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырларын әкелдім. Сырттан келген малды жерсіндіру оңай болмады. Дегенмен, олар қалыптасты. Қазір аудан, облыс аумағында бұқа сатып, шаруашылықтарға көмектесіп отырмыз. Шаруалар бұған дейін Орал, Ақтөбе облыстары мен Семейге дейін бұқа іздеп баратын. Адамдар бүгінде бізден алатын болған. Мал бағу – қазақтың қанында бар. Жанымызға жақын кәсіп. Қандай кәсіп ашуға болады деген сұрақ туғанда, сонда ойланбастан мал шаруашылығын таңдадым. Бизнесте тәуекелі жоқ адам мақсатқа жете алмайды. Кәсіпкер болу екінің бірінің қолынан келмейді. Істеп отырған кәсібімді жақсы көремін. Жылдар өткен сайын қателіктерді жөндеп, одан нәтиже шығарып, әрі қарай осы кәсібімді жетілдіре беремін. Оның үстіне 2018 жылдан бастап Қуаңдария ауылы үлескерлерінің "Таңатар" шаруа қожалығының төрағасымын. Шөп – ауылдың бірінші мәселесі. Қолдан келгенше сол кезден бастап халыққа арзан бағада мал азығын ұсынып, уақытылы шөбін шауып, пресс басып тұрғындарға қызмет етіп жүрген жайым бар. Ауылдың әлеуетін көтеру үшін жаңа техникалар: трактор, жатка, тағы басқасын сатып алдым. Өйткені, алдындағысы ескірген. Бірінші жылы сол техникаларды пайдаланып көрем бе дегенмін, бірақ болмады. Қайта-қайта бұзылып, жұмысқа кері әсерін берді. Заты табылмайды. Бір күн жүрсе, бір апта тұрады. 2018 жылдан бері шөп мәселесін ешкім уайымдамайды. Өзімізден артылып жатса, көрші Т.Көмекбаев ауылынан келіп алады. Маусымында он адамға дейін жұмысқа тартылады.

– Қиындықсыз еңбек болмайды, онымен қалай күресесіз? Адамның қай қасиетін бағалайсыз?

– Шаруа болуды оңай деп айта алмаймын. Техника бұзылып жатады. Мал ауырады. Жұмыс болғасын мұның бәрі қалыпты жағдай деп қабылдаймын. Елге қызмет ету – жеңіл емес. Оны кәсіптің тізгінін ұстаған жылдарымнан біркісідей түсініп келемін. Халықтың батасынан артық ешнәрсе жоқ. Жүрген жеріңізге қуаныш сыйлай алсаңыз, пайдаңыз тисе – сол маған шабыт, алға жылжуыма үлкен серпіліс. Өз басым ақ пен қараны ажыратып, еңбекті бағалай білетін жандарды жақсы көремін.

– Қалай ойлайсыз, мемлекет тарапынан мал шаруашылығына толық көңіл бөлінген бе? Болмаса әлі де басқа қандай қолдаулар жасалу керек сіздіңше?

– Көмек жайына келсек, 2018 жылдары шаруашылық жұмысын бастағанда мемлекеттен көмектер қолжетімді болды. Сол тұстағы аудан әкімі асыл тұқымды шаруашылықты ашып жатсаң, жарығыңды да, суыңды да реттеп береміз деп уәдесін берген. Бірақ, ол орындалмай қалды. Ал, мемлекет тарапынан шаруаларға берілетін субсидияларға келсек, ол кезде қазіргідей қиындатылмаған еді. Алу оңай болатын. Бір жағынан соған да сенім артқан шығармыз. Себебі, маған қанша адам айтқан, асыл тұқымды мал әкелме, істей алмайсың, ол мал болмайды, жерсінбейді деп. Бірақ, ол уақытта жем-шөпке, төлдеген малға үкіметтен көмек берілетін. Бүгінде солардың бәрі белгілі себеппен қиындап кетті. Оған қоса, ауылды жұмыспен қамтуымыз керек. Малшылардан өзге, бордақымен айналысамын деп жүз басқа арналған бордақы қорасын салдым. Мал әкелдік. Бордақы істеп те көрдім. Дегенмен, шаруашылықтың басында электр энергиясы болмағасын ол жерде айналысу қиын болады екен. Шөпті турау, жемді майдалау керек. Ол машиналарға күн сәулесінен алатын тоқтың әлі келмейді екен. Болмаса күш түскенде заттары күйіп кетеді. Скважиналардың көбісінде су ақпай қалған. Ауданда су мен жарық мәселесі көтерілгенімен ол шешусіз қалды. Бұл әсіресе біз секілді малмен айналысатын шаруаларға былтырғыдай қуаңшылықтар үлкен сынақ болғандай. Қазір де кеш емес. Бұлақ көзін тазалау мен жарық мәселесі күн тәртібінен түсіп отырған жоқ. Алдымызда қандай күн күтіп тұр, білмейміз ғой. Жалпы аудан экологиялық жағынан малға қолайсыз аймақ. Жазда сона, кене болса, ыстық аптапта шөл қысады. Жазғы ыстықта шөп қурап кетеді де қыста жейтін шөп қалмайды. Қуаңшылық бізде ыстықта ғана емес. Қыстай да қуаңшылық. Келесі көктемде каналға су беріп, көк шығамын дегенше малдың жағдайы қиындай түседі. Қолға қарап отырады.

– Енді әңгімені отбасына қарай ойыстырсақ?

– Отбасылымын. Екі ұл, бір қызымыз бар. Үлкенім – Азамат Астана медицина университетінде 7 курста оқиды. Екінші ұлым – Бексұлтан ол да Астанадағы IT университеттің І курс студенті. Екеуі де грант иесі. Қызым – Инабат 7 сынып оқушысы. Ұлдарым ауылға демалысқа келгенде қасымда болып, шаруаға жәрдемдеседі.

– Сайлауда жеңіске жетіп, аудандық мәслихаттың депутаты атандыңыз. Қандай мақсат, жоспарыңыз бар алдағы уақыт еншісінде?

– Елдің сеніміне мың рақмет. Қолдан келгенше аянып қалмаймын. Жетінші шақырылымда да депутат болғанмын. Тәжірибе жинап келеміз. «Ауыл» партиясының мүшесімін. Бұрын да, қазір де көтеріп жүрген мәселем – ауылдың жағдайы, өсіп-өркендеуі, дамуы, болашағы. Жер дауына, ауылдың инфраструктурасына, ауылдың, ауыл адамының мәртебесін көтеруге байланысты Астанада өткен республикалық «Ауыл» партиясының съезінде сөз сөйледім. Сондағы ой, идеялардың маңызы күшеймесе, азайған жоқ. Қоғамда еңбек адамының абыройының биік болуына, еңбегінің бағалануына жұмыс жасаймын. Осыған дейінгі жиған-терген білігімді ауылды дамытуға, кәсіпкерлікті өркендетуге жұмсайтын боламын.

– Алда еліміздің ынтымақ мерекесі келе жатыр. Айтар лебізіңіз?

– 1 мамыр – бірлік мерекесі де келіп қалыпты. Мерекемен аудан тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын. Унитарлы мемлекетіміздің бір шаңырақ астындағы ұлттар мен ұлыстардың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, ұлтаралық татулығымыз берік болсын. – Сізге де мереке құтты болсын.

Әңгімеңіз үшін көп рақмет!
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл АҚКІСІ


29 сәуір 2023 ж. 524 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 099

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031