» » » «Бала тәрбиесіне баршамыз жауаптымыз»

«Бала тәрбиесіне баршамыз жауаптымыз»

qarmaqshy-tany.kz БАЛА – ӘРБІР ҮЙДІҢ БЕРЕКЕСІН КІРГІЗЕР ШАМШЫРАҒЫ. АТА-АНА АТАНЫП, БАЛА СҮЮДІ БАҚЫТҚА БАЛАҒАН ҰЛТЫМЫЗ ҮШІН ҰРПАҚТЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК. ДЕСЕ ДЕ ҚАЗІРГІ ҰРПАҚ БҰРЫНҒЫДАЙ АТА-ӘЖЕ МЕКТЕБІНЕН ЕМЕС, БАЛАБАҚШАЛАРДАН ТӘЛІМ-ТӘРБИЕ АЛУДА. БҰЛ ЗАМАН УАҚЫТ ТАЛАБЫНАН ТУЫНДАҒАН ДҮНИЕ. ЕЛДІҢ СҰРАНЫСЫНА ОРАЙ, ЖЕКЕ БАЛАБАҚШАЛАР ДА АШЫЛУДА. АЛ ОСЫ БАЛАБАҚШАЛАРДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚ ПЕН ОНДАҒЫ ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІ ТУРАЛЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ СЕКТОРЫНЫҢ БАС МАМАНЫ ГҮЛЗИРА ИСЛАМХАНОВАМЕН СҰҚБАТТАСҚАН ЕДІК.
Гүлзира Шәймерденқызы, «Бала – өміріміздің жалғасы, мәні, сәні» дейміз. Ал сіздің өміріңізді осы саламен байланыстыруыңызға не себеп болды? Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
– Еңбек жолым мектепте ұстаздық етуден басталды. Кейін аудандық оқушылар үйінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Балалы болу – әрбір жанға берілген үлкен нығмет, бақыттың ең үлкені ғой. Өзім де тұрмысқа шығып, ана атанған соң, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін түсіндім. Кейіннен қазіргі No1 санаториялық (ол кезде "Аққайың") балабақшасына әдіскер болып ауыстым. Қарап отырсақ, мектеп – бөлек әлем болса, балабақша – тіпті өзгеше әлем. Әрі бар білімнің бастауы да осы балабақшадан басталады. Осы жаныма жақын мамандықтың қыр-сырын ұғынып, әдістемесін терең меңгеруге тырыстым. Балабақшаларда 15 жыл меңгерушілік қызметті абыроймен атқардым деп ойлаймын. Биылғы көктемнен бастап білім беру секторының бас маманы қызметіндемін. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие жұмысына басшылық жасаймын, қажет кезде әдістемелік көмек беремін.
– Аудан бүлдіршіндері толықтай балабақшамен қамтылған ба? Аудан бойынша қанша балабақша елге қызмет етуде?
– Қазіргі таңда ауданда 40 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 24-і мемлекеттік, 15-і жеке балабақша болса, біреуі мектеп ішіндегі шағын орталық. Қазіргі таңда 3-6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз қамтылған. Ал ерте жастағы, яғни 1 жастан асқан балаларға әлде де орын саны керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен толық қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Биылғы жылды Президент «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай балабақшаларда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Балабақшалар кез келген мерекеде міндетті түрде ертеңгілік өткізеді. Осылайша бала бойына сан түрлі мамандық бар екенін үйретіп, патриот болуға үндейді. Биылғы атаулы жылға орай бала-бақшаларда көптеген іс-шаралар, ертеңгіліктер, мерекелік кештер өткізіліп келеді. Ал аудан бойынша 1 маусым – Балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтті. Аудан әкімінің ұйымдастыруымен, кәсіпкерлердің қолдауымен бөбектерге көптеген сый жасалды. Мұндай игілікті істер тек балалар жылында ғана емес, алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдемін.
– Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын да тәрбиешілердің жалақысын көбейтіп, жүктемесін азайту туралы тапсырма берді. Бұл жаңалық қандай өзгерістерге жол ашады?
– Иә, биылғы Жолдауда тәрбиешілерге ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар министрліктің тапсырмасына сәйкес 2 тәрбиеші бір топта жүру деген жоба қазір сынамадан өтіп жатыр. Бір тәрбиешінің топтағы 25 баламен жұмыс істеуінің қиындығына байланысты қолға алынған еді. Осы сынама толық зерделеніп, артықшылықтары мен кемшіліктері нақтыланған соң, заңға енуі мүмкін. Сондай-ақ педагогтар арасында іс-тәжірибе алмасу арқылы құзыреттіліктерін арттыру мақсатында бірнеше облыстық және аудандық семинарлар өткізілуде. Алдағы уақытта тәрбиешілерді қағазбастылықтан арылту үшін 2 құжат қана талап етіледі. Ал қалған уақытта олар тек қана бала тәрбиесіне жауапты болады.
– Балабақша жұмысының жүйелі жүргізіліп жатқаны немен өлшенеді, қалай бағаланады?
– Балабақшаның жұмысы мектеппен салыстырғанда көзге көріне бермейді. Қаншама тәрбиеші мен олардың көмекшілері тынымсыз еңбек еткенімен, оқушылар сияқты ойып көрсете алмаймыз. Біздің басты жұмысымыз – тәрбие беру, одан соң біз баланың бойына білімнің алғашқы дәнін себелейміз. Әр баланың қызығушылықтарын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде оларды толыққанды дамыту мақсатында оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізе келе мектепке дейінгі ұйымдар нәтижелі жұмыстарға қол жеткізуде. Атап айтар болсақ, биыл «Заманауи дәстүрлі емес сурет салу техникасы» тәжірибесінен шебер сынып» байқауының облыстық кезеңінде І орынды иеленіп No23 «Балдырған» бөбекжай-бақшасы республикалық кезеңіне қатысып, жүлделі І орынмен марапатталды. Мектепке дейінгі ұйымдарының тәрбиеленушілері мен мектепалды даярлық сыныптары оқушылары арасында «Мен – Тәуелсіз ел ұланы» атты байқауының аудандық кезеңінен өтіп No1 санаториялық бөбекжай-бақшасы облыстық кезеңінен жүлделі І орынды иеленді. Республикалық балаларды ерте жастан дамыту институтының ұйымдастыруымен өткен «Алақай, жайдарлы жаз келді» челленджінде No19 «Балдәурен» бөбекжай-бақшасы жүлделі І орынды алса, «Үздік бейне сабақ» облыстық байқауында жүлделі ІІІ орын иеленді. Ал No22 «Гаухартас» бөбекжай-бақшасы «Бал балапан» облыстық телевизиялық байқауында ІІ орын алды.
– Биыл мектепке дейінгі білім беру бағдарламасына біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы жөнінде айтсаңыз...
– Иә, тамыз айынан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының стандарты өзгерді. Негізінде бала-бақшалардағы оқу тәрбиесі жеке, мемлекеттік деп бөлінбейді. Екеуіне де қойылар талап пен тәртіп бірдей. Біздің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартымыз бекіді. Оған көптеген өзгерістер енгізілді. Оқу жоспары, оқыту бағдарламасы өзгеріске енді. Қазіргі таңда балалардың қажеттілігіне сәйкес стандарттағы өзгерістің ең жағымды жағы – балалардың қызығушылығын ескеру. Тамыз айындағы педагогикалық кеңесте балабақша меңгерушілеріне мемлекеттік стандарттағы өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қыркүйек-қазан айларында оқу жоспары мен оқу бағдарламасы бекіді. Сондай-ақ қазан айында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлерін жинап, жаңа өзгерістерге орай нақты тапсырмалар берілді. Тәрбиешілер бала мен қалай жұмыс жасауы керек, өткен жылмен салыстырғандағы артықшылықтар, заттық орта, балаға қалай жағдай жасалу керек деген сынды әдістемелік көмек көрсетілді. Алдағы уақытта мектепалды даярлық сыныптарының педагогтарымен де жұмыс жасалады.
– Балабақшаға перзентін әкелетін ата-ананың міндеті қандай? Олар нені қаперге алуы тиіс? Сөз соңында айтарыңыз...
– Ең бірінші баланың ата-анасы мен мектепке дейінгі мекеме келісім-шартқа отырады. Онда ата-ананың, мектепке дейінгі мекеменің міндеттері толық көрсетіледі. Бір қуантарлығы, қазіргі ата-аналардың басым бөлігі «балам бағулы болса болды» деген түсінікпен емес, «балам бірнәрсе үйренсе екен» деген ниетпен баласын балабақшаға алып келеді. Яғни бала жауапкершілігін түсінетін ата-ананың қатары артып келеді. Ата-ананың ең бірінші міндеті – баланы уақытылы тәрбиешіге толық сеніммен табыстау. Кейде ата-аналар тарапынан баласы сәл ауырыңқырап немесе қызуы көтеріліп тұрса да «басқа қалдыратын жерім жоқ деп қалдырып кетуі үлкен қателік. Сонымен қатар, бала бойындағы өзгерістер, өзгеше қылықтар мен мінездері туралы тәрбиешілермен сөйлесуіне болады. Бізде көп жағдайда ата-аналар баланы әкелгенде де, алып кетуге келгенде де асығыс болады. Бала туралы тәрбиешімен сөйлеспейді. Бұл да ескерерлік дүние. Сондай-ақ төлемді уақытылы төлеу, бала тәрбиесіне араласып, балабақшамен, тәрбиешілермен тығыс байланыс орнату керек. Егер балаға психологиялық-педагогикалық қолдау қажет болса, оны да тәрбиешіге немесе балабақша басшылығына айтуына болады. Себебі онда балабақшада арнайы сала мамандары да бар. Балабақшалардың ең басты міндеті – баланың өмірі мен денсаулығын қорғау. Ал бала тәрбиесіне – тәрбиеші, ұстаз, ата-ана ғана емес, баршамыз жауаптымыз.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
21 қараша 2022 ж. 746 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031