» » » «Кез келген жағдайға дайын болу – міндеттіміз»

«Кез келген жағдайға дайын болу – міндеттіміз»

qarmaqshy-tany.kz 19 ҚАЗАН - ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ. 1995 ЖЫЛЫ ҚҰРЫЛҒАН АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТ КҮНІ БҮГІНГЕ ДЕЙІН ХАЛЫҚҚА ҚАЛТҚЫСЫЗ ЕҢБЕК ЕТІП КЕЛЕДІ. БИЫЛ ОСЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНЕ 27 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР. МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ АУДАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕЛІКТЕРДІҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІН БІЛМЕККЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНЕ БАС СҰҒЫП, БӨЛІМ БАСТЫҒЫ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ПОДПОЛКОВНИГІ ӨМІРБЕК САҚТАБАЕВПЕН СҰҚБАТТАСҚАН ЕДІК.
– Өмірбек Жаңабайұлы, әңгімемізді төл мерекенің иесі құтқарушы мамандығының маңыз- дылығынан бастасақ?
– Азаматтық қорғау саласының мамандары – өрт сөндірушілер мен құтқарушылар туралы таңды таңға ұрып айтуға болады. Бәріміз үшін бұл мерекенің маңызы бөлек. Жалпы аты айтып тұрғандай, адамзат баласын қауіп-қатерден құтқару, төтенше жағдай туындағанда тез арада көмек көрсету, түрлі табиғи апаттардан аман алып қалатын да осы – құтқарушылар. Өз өмірін қатерге тіге отырып от пен су кешетін құтқарушыларға құрметіміз жоғары. Себебі өрт сөндірушілер мен құтқарушылар – нағыз жүректі ер азаматтар. Бұл салаға жүрек қалауымен келген адам ғана елдің құрметіне бөленіп, еңбегінің жемісін көреді.
– Бұрын бала кезде қызыл өрт сөндіру көлігіне қызыға қарайтынбыз. Енді осы құтқару қызметінің бүгіні мен кешегісін салыстырмалы түрде айтып берсеңіз?
– Иә, өзіңіз айтып тұрғандай бұрын өрт сөндіру бөлімінің гаражында қызыл көлік тұратын. Әлі күнге дейін сол машина. Бірақ оның сыртқы пішіні мен іші заман талабына сай жабдықталды. Бұрын өрт сөндірушілердің қолында өртке себетін түтік, сорғыш қана болса, қазір заманауи техникалар қолданысқа енгізілді. Мәселен, бұрын қолданыстағы оқпандардың қуаттылығы төмен болса, қазір оның қуаттылығы артқан. Одан бөлек техникалардың өрт ошағына жету жылдамдығы да тез. Өрт сөндірушілердің сыртқы формасы да жаңартылды.
– Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ел алдындағы имиджі қандай?
– Азаматтық қорғау қызметі алғыс арқалайтын мамандық. Біз шақыру түскен кезде оқиға орнына мейлінше тез жетуіміз керек. Өйткені жиған тергені, үй-күйі өртеніп жатқан адам үшін бұл санаулы минуттар ұзақ болып көрінеді. Өмір бойы маңдай термен жинаған дүниесі көз алдында күлге айналғаны кімге болсын ауыр тиері сөзсіз. Сондай жағдайда олар көмекке келген өрт сөндірушілердің өздерінен кінә іздейді. Яғни, «өртке сусыз келді» деген сияқты ретсіз айыптар тағылады. Шындығына келгенде олай емес. Өрт сөндірушілер жалындаған қызыл отты сөндіру үшін суды қатты қысыммен шашады. Сол себепті су тез таусылады. Көп жағдайда өрттің тұтануы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындап жатады.
– Жақсы. Төтенше жағдай көбіне әр жерде табиғи және техногендік сипатта орын алып жатады. Ал енді біздің аймақта осы екі сипаттың қайсысы көп болып жүр?
– Жалпы төтенше жағдай айтып келмейтін апат. Біздің аймақта бұл сипаттың екеуі де жиі кездеседі. Олай дейтінім аудан Сырдария өзеніне жақын орналасқан. Сол себепті жылда дарияның көтерілуіне байланысты су тасу қаупі туындайды. Осыған орай жылына екі рет республикалық оқу-жаттығу өткізіп отырамыз. Үйлер, көліктер жиі өртенеді. Одан бөлек дала, егіс алқаптарының жануы кездесуі мүмкін. Байқоңырдан ұшып жатқан зымыранымыз бар. Зымыран апатқа ұшыраған жағдайда құлау аумағына жатамыз. Сондықтан кез келген төтенше жағдайға дайын болуымыз керек.
– Қазір барлық жерде жылу беру маусымы басталды. Осыған орай қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Жылу беру маусымы – өрт қауіптілігі жоғары кезең. Біз бұл кезеңге тамыз айынан бастап үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Айтар болсақ, үй-үйді аралап тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды, пеш құбырларын тазарту керектігін ескерттік. Көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға иіс сезгіш құралын орнаттық. Себебі орын алатын өрт оқиғаларының дені осы тұрғын үй болса, екіншісі көліктердің өртенуі. Көлік тізгіндеген жүргізушілермен де кездесіп, өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауды жиі насихаттап келеміз. Биыл тоғыз айда 36 төтенше жағдай тіркелсе, оның басым көпшілігі өрт оқиғасы.
– Сұқбатымыздың соңғы сауалы ретінде өзіңіздің азаматтық қорғау қызметіндегі жүріп өткен еңбек жолыңыз жайлы айтсаңыз?
– Мен осы салада 22 жыл қызмет істеп келемін. 2004 жылы оқуды бітіріп, аудандағы өрт сөндіру бөліміне қарауыл бастығы болып қабылдандым. 2008 жылдан бастап төтенше жағдайлар бөліміне ауысып, осы саладан қол үзбей қызмет істеп келемін. Ол да аз уақыт емес.
– Мерекеге орай өрт сөндірушілер менқұтқарушыларға айтартілегіңіз?
– Жоғарыда айтып өткендей өмірі от пен судың ортасында өтетін өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметі қиыншылыққа толы. Барша осы сала мамандарын мерейлі төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріне саулық, от- басыларына амандық тілеймін! – Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Ерсін СӘДУҰЛЫ

20 қазан 2022 ж. 751 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031