Әділбек Ерсұлтанов, Қармақшы ауданының әкімі: Елдік мүдде ең бірінші орында
Қармақшы – еңбек пен өнерде қатар аты шыққан өңір. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңа міндеттер мен соны өзгерістер үлкен жауапкершілік жүктейтінін де жақсы білеміз. Осыдан алты айдан астам уақыт бұрын тағайындалған аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановпен сұхбатымыз ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігіне бағытталған еді.
– Әділбек Бөрібайұлы, Қорқыт баба мәңгілік тыныс тапқан киелі өңірдің өткені мен бүгіні өзіңізге жақсы мәлім болса керек. Ауданның ендігі мүмкіндіктері, жалпы дамуға жетелейтін жоспар қандай?
– Өзіңізге белгілі, Қармақшы – өнер мен еңбек қатар тоғысқан киелі өлке. Қорқыт бабадан бастау алған қасиетті өнердің жарық сәулесін жағып, шамшырағын маздатқан, еселі еңбектің мерейін тасытып, қаншама еңбек ерлерін шығарған қасиетті мекен. Өнерімен өрістеп, еңбегімен құрметті болған елге қызмет ету – азаматтық та, перзенттік те борышым.
Иә, қазір ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында қарқын бар. Жыл сайын жұмыс жүйесі жоспарлы орындалып келеді. Биыл да сол үдеден шығып отырмыз. Барлық салаларда дамудың оң динамикасы сақталып, біршама жақсы өзгерістер бар. Осы жылы аудан бюджеті жоспар бойынша 20 млрд 946 млн теңгені құрап отыр.
Кешегі қыркүйек айының есебімен айтсам, аудан бюджетінің түсім болжамы болып саналған 11 млрд 302,3 млн теңге 102,2 пайызға орындалып отыр. Ал есепті кезеңге қазынаның өз кірістерінің жоспары 975,4 млн, нақты атқарылуы 1 млрд 196,6 млн теңге, яғни 122,7 пайызды құрап, 221,1 млн теңге жергілікті бюджетке жоспардан артық түсті.
Біз аграрлы аудан болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі осы кезге дейін 5 млрд 296,2 млн теңге құрады. Бұл былтырғымен салыстырғанда артық көрсеткіш. Мысалы, мал шаруашылығы бойынша өткен жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда, мүйізді ірі қара басы 3,4, қой 2, ешкі 7,3, жылқы 21,9 және түйе 8,6 пайызға өскен. Үй құстарын өсіруде де көрсеткіш айтарлықтай, 9,9 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ бүгінге дейін 2444,5 тонна ет, 4151,2 тонна сүт, 493 мың данадан астам жұмыртқа өндірілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жүзеге асыруда Үкімет берген тапсырмалар мен міндеттерді басшылыққа ала отырып, облыс әкімінің тікелей қолдауымен көптеген жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, аудан бойынша жалпы құны 20 млрд 872,1 млн теңге болатын 18 жоба әзірленген еді. Оның ішінде, ауызсу, білім мен денсаулық сақтау саласы, спорт, жол жөндеу мен тұрғын үй құрылысы сияқты жобалар бар. Сонымен қатар демеушілер есебінен құны 7 жарым млрд теңгеден асатын 29 жоба дайындалуда.
– Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын ең басты міндеттің бірі – экономиканы дамыту. Елге инвестор тартып, кәсіпкерліктің кенжелеп қалмауын қадағалау. Осының барлығы ең алдымен жұмыссыздық деген дертке тосқауыл қояды емес пе? Кейінгі уақыттары аудан ішінде кәсіпкерлік саласында оң динамика бар. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойындағы сервистік кешендердің ең көбі осы Қармақшы бойында орналасқанын естідік. Айтып өтсеңіз, жалпы кәсіпкерлерді, әсіресе, ауыл кәсіпкерлеріне деген қолдау қалай жүзеге асуда?
– Өңірде кәсіпкерлік саласын қаржыландыруға бағытталған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар қарқынды іске асырылуда. Біздің міндетіміз – аудандағы кәсіпкерлер мен өз ісін жаңадан бастаушы азаматтардың осы бағдарламаларға қатысуына ықпал жасау, бизнес жобаларының жүзеге асуына қолдау көрсету.
Жыл сайын аудан кәсіпкерлерінің бағдарламаларға қатысу қарқыны толастаған емес. Биылдың өзінде барлық несиелендіру және гранттық бағдарламалар шеңберінде сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы 252 жоба 1,9 млрд теңгеге қаржыландырылып, қармақшылық азаматтар бизнесін бастауға немесе дамытуға мүмкіндік алды. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде 653,8 млн теңгені құрайтын 49, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы жалпы құны 74,8 млн теңге болатын 11, «Атамекен-Қызылорда» микроқаржы ұйымы арқылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жалпы құны 47,6 млн теңгені құрайтын 11, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Іскер» бағдарламасының қайта қаржыландыруы арқылы мал шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы 29,4 млн теңгеге 6 және «Агробизнес» бағдарламасымен 918,2 млн теңгеге 4 жоба несиелендірілді. «Ұлттық жоба» шеңберінде әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың ісін бастауға 170 жобаға 204 млн теңгенің гранты беріліп отыр.
– Қармақшы – аграрлы аудан. Әсіресе, Сыр бойының басты дақылы – күріштен жылда мол өнім байқалады. Бірақ өткен жылғыдай биыл да су тапшылығы алдын ала болжанды. Науқан қалай жүруде?
– Ырысты, күрішті Қармақшы жері еңбектен бақыт тапқан, ақ күріштен тау тұрғызған еңбеккерлер мен дала диқандарының мекені. Ауданымыз ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін, бау-бақша дақылдарын егумен айналысады. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы тұрғындарды картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, биыл қосымша 316 гектар бақшалық жер дайындалып, 837 отбасы бақша өнімдерін, яғни картоп, қауын-қарбыз, көкөніс екті.
Бүгінде тұрғындарға өз өнімдерін «Алқаптан сөреге дейін» тізбегін дамыту бағытында делдалсыз сату үшін арнайы орын әзірленіп, еккен бау-бақшасының игілігін көруде. Жалпы аудан бойынша егін көлемі 24326 гектар болса, оның ішінде күріш – 12773 гектар.
Екіншіден, былтыр елде орын алған қуаңшылық мәселелеріне байланысты Үкімет қабылдаған су үнемдеуді ынталандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу, тұрғындарды жем-шөппен қамтамасыз ету сияқты маңызды тапсырмаларға сәйкес облыс әкімінің тікелей қолдауымен нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Қазір аудан бойынша 61 мың тоннадан астам шөп дайындалды. Иә, қуаңшылық табиғи жағдай, дегенмен биыл бізде жағдай тұрақты, шаруашылықтар ауыл тұрғындарын жем-шөппен толық қамтамасыз етіп отырғанын айта кетуіміз қажет.
Қазір күзгі егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Дала еңбеккерлері күрішті жауын-шашынға қалдырмай жинап алуда аянбай еңбек етуде. Бүгінгі күнде орылған 11068 гектар күріштің 9 мың гектарға жуығы бастырылып бітті. Орташа өнім гектарына 54-55 центнерден келуде. Жақын күндері науқанды толық аяқтаймыз.
– Қымбатшылық қысымында тұрған елдің жайын өзіңіз де білесіз. Азық-түлік бағасына қатысты «тұрақтандыру» деген сөздің айтылып жүргеніне де көп болды. Осы «тұрақтандырудың» тұрақтылығын қалай қамтамасыз етсек болады?
– Біздегі барлық сауда орындарындағы қажетті азық-түлік өнімдерінің сатылуы және оның бағасының тұрақты болуы әрдайым қадағаланады. Әрі күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі тиісті орындарға баяндалып отыр. Нарықта орын алған жағдайларға және мезгілдік өзгерістерге, бұл жерде жаңа піскен бақша өнімдерінің дүкенге келуін айтып отырмын, соған байланысты ауданда нан, пияз, тауық еті, қант бағасының тұрақтылығын ұстау мақсатында аудан әкімдігі жанынан жұмысшы топ құрылған. Тағы қайталаймын, біздегі барлық азық-түлік сататын дүкендерге мониторинг жүргізіп, түсіндірме жұмыстары күнделікті жүргізілуде.
Сондай-ақ нан бағасын тұрақтандыру бойынша «Өңірлік тұрақтандыру қоры» арқылы бірінші сұрыпты 7,5 тонна «Дәстүр» және 68 тонна «Рояль» маркалы ұны 7 мың теңгеден наубайханаларға берілуде. Қазір аудан орталығындағы нан бағасы 100 теңгеден сатылып жатыр. Сонымен қатар, әлгінде айтып кеткен «Алқаптан сөреге дейін» тізбегін дамыту үшін жергілікті өнімдерді делдалсыз, арзандатылған бағада халыққа сату үшін аудан орталығынан 10 павильон салу жоспарда бар.
– Азық-түлікке қатысты өңірдегі ең үлкен жобаның бірі – «Қармақшы-құс» фабрикасының жайы қалай болып жатыр? Тым созылып кетпеді ме?
– Индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы-құс» ЖШС құс фабрикасы болатын. Қазір онда құрылыс жұмыстары аяқталды. Мемлекет есебінен кәсіпорын су және электр энергиясы жүйелеріне қосылып, қажетті құрал-жабдықтарды шетелден жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Ол толығымен жеткізілген соң, алдағы қазан-қараша айларында жоба іске қосылады. Әрі онда 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, осы бағдарламамен «Тұрған тамы» шаруа қожалығының балық өңдеу цехын ашу қолға алынған. Жобаны іске асыруға «Тоғызқұдық-Әлтай» көлі маңынан жер телімі берілді. Мемлекет есебінен электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 40 адам жұмысқа орналаспақ. Цехта жаңа ауланған және өңделген балық өнімдері нарыққа шығарылатын болады.
– Былтырғы қуаныштың бірі – аудан орталығы Жосалы «көгілдір отынға» қосылды. Биыл Ақай ауылы мен Төретам кентіне қатысты да оң жаңалық бар. Екіншіден, орталықтан бөлек, кейбір ауыл көшелеріне де асфальт төселгенін естідік. Жалпы инфрақұрылымды жақсартуда өңірдегі құрылыс қарқыны қалай?
– Иә, өткен жылы Жосалы кенті «көгілдір отынға» қосылып, ел қуанышы еселенді. Биыл Төретам кенті мен Ақай елді мекенін газбен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда. Осы жұмыстармен қатар, Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан 10 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Жаңажол» ЖШС демеушілігімен жоба-сметалық құжаты әзірленіп, жоба сараптамадан өткізілді.
Ал облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінген 150 млн теңге қаржыға аудандағы бірінші кезекте атқарылуы тиіс 2 абаттандыру, 16 жол жөндеу жобасы іске асырылуда. Халық сұранысына орай, Жосалы кентіндегі 5,8 шақырымды құрайтын 10 топырақты көшеге орташа, қосымша 6 көше және аудандық бюджеттен 2 көшеге жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аудан орталығындағы Е.Сексенбаев көшесін абаттандыру, сонымен қатар, Тайшық би көшесіне орташа жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, аяқсу арықтарына, «Шығыс» каналына темірбетонды лоток орнату жұмыстары да қоса атқарылуда.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы кенті, Ақай, ІІІ Интернационал, «Ақтөбе», «Ақжар» елді мекендері бойынша барлығы 19,8 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 21 жоба-сметалық құжаттамалары әзірленген еді. Енді оған қажетті 560 млн теңге қаржыны республикалық қазынадан бөлуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Жобаны алдағы жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Енді құрылыс жұмыстарына тоқталсам, Жосалы кенті мен Ақай ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Балық цехын сыртқы электр желісімен жабдықтау» жобасы, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы салынып жатқан Қуаңдария ауылындағы 100 орындық клуб, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен құрылысы жүріп жатқан Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үйді атап айтуға болады. Сонымен қатар, Алдашбай ахун, Т.Көмекбаев, Қармақшы ауылдарындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта жаңғырту жұмыстары да бар.
– Жүз жырау шыққан өнерлі өлкенің мәдениет, спорттағы өрісі қалай кеңейіп келеді?
– Қармақшы – жүз жырауы жыр жүзіктеген өнер өлкесі. Бізде жыл басынан бері мәдениет саласы бойынша 948 іс-шара өтіп, халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетілді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін қыз-келіншектердің «Домбырасын моншақтаған жыр жауhарлары» атты облыстық жыр фестивалі, «Қорқыттан қалған қоңыр үн» тақырыбында облыстық балалар шығармашылығы байқауы, Сыр сүлейлерінің ізбасары ақын Әбдіразақ Мыңжановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Жастарға өсиет» атты облыстық жыршы-жыраулар фестивалі жоғары деңгейде өтті.
Биыл ақын, даңқты шайыр, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 140 жылдығы. Алашқа танымал ақынның мерейтойын кең көлемде атап өту мақсатында «Тұрмағамбет жырлары – жаңа ғасыр көгінде» атты көркемсөз оқу байқауы, «Шұғыла шашқан Шаһнама» атты дастан-қисса жырлаушылардың облыстық байқауы өткізілсе, осы қазан айында «Жасымнан назым сөзге шебер едім…» деген атпен республикалық жыраулар фестивалі, «Аралап жердің жүзін жүрер сөзім» тақырыбында республикалық ақындар айтысы болады. Сонымен қатар, жампоз жырау Базар Оңдасұлының туғанына 180 жыл толуына арналған «Жамиғы қазақ бір туған», жырау Көшеней Рүстембековтің есімін мәңгі сақтау мақсатында «Қазақтың күміс көмей Көшенейі» атты облыстық жыр фестивалі жыл көлемінде өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Біздің спортшылар да байрақты бәсекелерде аудан намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрінуде. Биыл Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында 15 алтын, 5 күміс, 16 қола медаль және Әлем біріншілігінде 3 алтын, әлемдік Гран-при турнирінде 1 қола жеңіп алды. Соның ішінде Бразилияның Кашиас ду Сул қаласында өткен ХХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарында жерлесіміз Нұрсұлтан Көлдеев жеңіл атлетикалық он сайыстан 4, диск лақтырудан 7, найза лақтырудан 6 орынды иеленіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мексиканың Леон қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем біріншілігінде жас зілтемірші Ерасыл Сәулебеков 67 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, Әлем чемпионы атанса, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы-2022» республикалық турнирінде облыс намысын қорғаған, Қармақшы күрес мектебінің түлегі Мақсат Исағабылов жеңімпаз атанып, Сыр елінің абыройын асқақтатты.
– Білім мен денсаулық саласы, сондай-ақ «Балалар жылы» аясында қандай жұмыстар атқарылды?
– Ел арасында әлеуметтік мәселелерге деген сұраныс пен талап жылдан-жылға күшейіп келе жатыр. Біліммен қаруланған, денсаулығы мықты ұрпақ тәрбиелеу – өте маңызды іс. Аудан бойынша 32 білім беру ұйымы атап айтсақ, 29 жалпы орта мектеп, 1 кешкі мектеп, 2 мектептен тыс және 40 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді.
Биыл аудан бойынша 594-мектеп бітіруші түлектің 538-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл 79-ды құрады. 30 оқушы «Алтын белгіге», 42 оқушы «Үздік аттестатқа» бітіріп, 373 түлегіміз мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл бітірушілердің 96,6 пайызын құрайды. Демек, ұстаздарымыздың еңбегі ақталды деген сөз. Аудандық пәндік олимпиададан 20 оқушы жүлделі орындарға ие болса, республикалық олимпиадаға 7 оқушы жолдама алып, 3 оқушы жүлделі орын иеленді.
Ал биылғы «Балалар жылы» аясында білім беру мекемелерінде кең көлемде танымдық-тәрбиелік жұмыстар атқарылып, барлық мектептер оқушылардың креативтілік, коммуникативтілік, көшбасшылық, шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында «Мектеп парламенті», «Балалар кітапханасы», «Театр», «Дебат» жобаларымен жұмыс істеуде. Өскелең ұрпақтың дамуы мен бақытты балалығы – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз. «Балалар жылына» орай аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес «Тәуелсіздік» шағын ауданында балалар ойын алаңы салынып жатыр. Одан бөлек, аудан бойынша бюджеттен тыс көздер арқылы 6 балалар ойын алаңқайының құрылысы жүруде. Қазір ол жұмыстардың 80 пайызы аяқталды. Осы қазан айында толығымен пайдалануға берілмек.
Ең бастысы, оқушылардың сапалы әрі қолжетімді білім алуы үшін білім ошақтарының жай-күйі басты назарға алынған. Бүгінгі таңда «Ақжар» ауылындағы №28 мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жосалы кентіндегі №121 мектеп, Төретам кентіндегі №85 мектепті күрделі жөндеу жұмыстары мен Жосалы кентіндегі №30 орта мектептің жылу жүйесін сұйық отыннан газға ауыстыру жұмыстары қазан айында аяқталады. Сонымен қатар, аудандық аурухана мен емхананың жылу қазандығы ғимараттарын реконструкциялау, газ желісіне қосу жұмыстары да қазан айында бітіп, нысандар жылу беру маусымына толық дайын болмақ.
Жалпы атқарылып жатқан жұмыспен қатар алдымызда үлкен міндеттер тұр. Биылғы күз дәстүрлі еңбек науқанымен қоса ең үлкен саяси іс-шара – Президент сайлауы өтеді. Осы тарихи маңызды іс-шарада аудан халқы бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісін тағы бір көрсетеді деп сенім білдіремін.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Ырысты күздің берекесі мол болсын.
Сұхбаттасқан
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы».
Қармақшы ауданы