» » » Ұлылықтың басында ұстаз тұрар

Ұлылықтың басында ұстаз тұрар

 
Гүлжаһан Мұнарбаева, Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицей директоры:
Кезекті оқу жылы да өз мәресіне жетті. Арман мен мақсат жетелеген жас түлектер жаңа өмірге қадам басса, өзге оқушылар бір жасқа есейіп, жоғары сыныптың табалдырығын аттамақ. Осы орайда жетістігі мен жаңалығы мол, жүйелі жұмысымен жылды қорытындылаған кент орталығындағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің директоры Гүлжаһан Мұнарбаевамен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Гүлжаһан Жұмағалиқызы, биылғы оқу жылы несімен есте қалды? Қандай жаңалықтар болды?
– Ең бастысы біз пандемиядан кейін балалармен бетпе-бет жыл көлемінде офлайн сабағымызды өттік. Оқу жылының алғашқы кездерінде оқушының зейінін тұрақтандырудың өзі ұстаздар үшін үлкен жұмыс болды. Жалпы мектеп төрт бағытта жұмыс істейді. Олар: ғылыми-тәжірибелік бағыт, экологиялық тәрбие бағыты, кәсіби бағдар, экономикалық бағыт. Өзіміз шағын жылыжай жұмысын бастадық. Республика бойынша 4 жоба жұмыс істейді. Олар мектеп парламенті, мектеп театры, «Ұшқыр ой алаңы» дебат клубы, жасыл мектеп. Бұл бағыттармен жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Осы оқу жылының қорытындысында  аудан бойынша  «Жаңашыл ұжым», облыс көлемінде «Үздік ұйымшыл ұжым» номинациясын жеңіп алдық. Жасыл мектеп бойынша біршама жетістігіміз де бар. Конференцияларға қатысып, суды үнемдеу, экологиялық тәрбиеге байланысты баяндамалары жинақтарға енуде. 12 оқушы республикалық түрлі сайыстан жүлделі орындардан көрінген. Негізгісі – «Дарын» орталығы арқылы өтетін республикалық пәндік олимпиадалар. Осы олимпиададан ауданда үш оқушы орын алса, соның бірі – біздің мектептің Дильназ Темірбек есімді оқушысы. Ауыл балалаларына арналған «Мың бала» республикалық олимпиадасына 20 оқушы қатысып, 10 оқушымыз жеңімпаз атанды. Облыстық олимпиадан 6 оқушы жүлдегер атанса, ауданнан 38 оқушы жүлдегер болды. Мұнан өзге де оқушы мен мұғалімнің жетістігі жетерлік. Жалпы ұжым қызметкерлері ізденімпаз. Шәкірттерін де жетелей жүріп, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде.
– Білім беруде ұстанатын өзіндік бағытыңыз бар ма? Болса қандай?
– Негізінен менің басымдық беретін бағытымның бірі – ұлттық тәрбиеге мән беру. Қазақ тұлғалары мен қазақ әдебиетіне ден қойып жатырмын. Дәл қазіргі сәтте мектептің безендірілуінің өзін соған сәйкестендіру үстіндемін. Сондай-ақ мектепте қосымша айтыс өнерін насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Айтыс үйірмесіне қызығушылықпен қатысатын оқушыларымыз бар. Бұл өнерге келгеніне көп болмаса да, жетістікке жетіп жүрген шәкірттер жетерлік. Былтырғы және биылғы оқушылар арасындағы облыстық айтыс та біздің мектепте өткізілуде. Оған орыс сыныбының да оқушыларын көрермен ретінде қатыстырамын. Кезекті айтыстан соң, орыс сыныбының бір оқушысы жаныма келіп «Апай айтыс деген қызық болады екен. Теледидардан мүлде көрмеуші едім. Мұндай үйірмеге біз де қатыссақ бола ма?» деп қызығушылық танытып жатады. Бұл да болса ұлттық құндылықтың ұрпақ бойында сақталуына бірден-бір сеп болары анық. Сондай-ақ, ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов патриотизм сабақтарын өткізуді қолға алуға тапсырма беруде. Бұл ретте жалған патриотизм емес, шынайы ұлтжандылықты бойға сіңіру қажет. Қазақ халқында үлкен мен кішінің, жас пен кәрінің, әйел мен ердің арасындағы қарым-қатынас, отбасындағы адамдар арасындағы қарым-қатынастан бастап үйрету қажет. Өзінің үйін, әке-шешесін сыйлап, қадірлеген бала Отанын сүйетін болады. Отбасын сыйламайтын баладан Отаншыл бала шығады деп есептемеймін.
Мектеп ішін жаңа форматта безендіру үстінде екенсіздер. Осы жайлы толығырақ айта кетсеңіз?
– Баланың жүрген ортасы, отырған жері әдемі болуы керек. Себебі әсемдік баланы жақсылыққа тәрбиелейді. Көркем нәрсені көзбен көріп, көңілге түйіп өскен бала бұзықтық жасауға әуес болмайды. Осы ретте ұлы тұлғаларымызды ұрпақ жадында жаттату үшін мектеп ішіндегі дәліздерге олардың айтқан қанатты сөздері, аты-жөндері мен суреттері ерекше форматпен дайындалуда. Ерекшелігі – әрбір тұлғаның жанында QR коды болады. Ұялы телефонды кодпен сәйкестендірсе, автор жөнінде барлық ақпарат шыға келеді. Бұл жаңа технологияға бейім бүгінгі ұрпақ үшін қызықты әрі пайдалы дүние. Сондай-ақ мектепте «250 news», «250 live» жобалары, әлеуметтік желідегі арнайы парақшаларымыз да жүйелі жүргізілуде. Бұл біздің мектептің жаңа заманның жаңалығын қоса алып келе жатқанымызды көрсетеді. Мұның барлығы оқушыны мектеп өміріне белсенді араластырудан туған дүние.
– Түлектерге ойыссақ, ҰБТ-дағы биылғы өзгерістер. Мектеп түлектерінің білім деңгейі қандай?
– Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығымыз жыл көлемінде жүргізілді. Қазіргі таңда Қарақат Қанибекова есімді түлегіміз 132 балл алып отыр. Негізінен ҰБТ 16 мамырда басталды, 5 шілдеге дейін жүргізіледі. Биыл мектебімізден жалпы 82 түлек жаңа өмірге қанат қақты. Қазақ сыныбынан 25, орыс сыныбынан 57. Оның ішінде алтын белгі – 8. Қазір ана тілінен эссе және математикадан сынақты облыстық білім басқармасы тексереді. Біз ұсынған 8 түлек те бұл сыннан лайықты өтті. 6 үздік аттестатымыз бар. Қазіргі талап бойынша «алтын белгі» мен «үздік аттестат» мектеп бітіру емтихандарының қорытындысымен беріледі. Ал ҰБТ тек жоғары оқу орнына түсу үшін қажет. Сондай-ақ, түлектеріміз университеттердің білім гранты үшін олимпиадаларға қатысып, 2 оқушы білім грантына ие болса, 1 оқушымыз  республикалық пәндік олимпиаданың қола жүлдегері атанды.
– Биылғы түлектер қандай мамандықты көп таңдауда?
– Негізінен физика, математика, яғни техникалық мамандықты таңдауда. Екінші кезекте химия, биология саласына басымдық беруде.
– Оқушылардың білім сапасын арттыру үшін не істеу қажет?
– Ең бірінші – мектептегі кадр білікті болуы тиіс. Екіншіден, оқу бағдарламасы баланың жас ерекшелігіне сәйкес болуы, оқулықтың сапасы. Біз әлі де Қазақстанды цифрландырып жатырмыз дейміз ғой. Бірақ баланың ана тілінде қосымша білім алуына әлі де конттентер жеткіліксіз. Біз үш таған дейміз, яғни мұғалім-ата-ана-оқушы тығыз байланыста болуы қажет. Мәселен үйде ата-ананың міндетті түрде қолдауы және бақылауы қажет. Ата-ана мектеппен үнемі байланыста болып, баласының оқу деңгейінен хабар алып тұрғаны жөн. Одан кейін баланың оқуға деген ынта-ықыласы болуы қажет. Ал оны оятып, білімге қызықтыратын біздер – ұстаздармыз. Көп нәрсе ұстаздарға байланысты. Соңғы күндері мектептердегі орыс тіліне қатысты мәселелер көп талқысына түсіп жатыр. Әрбір балаға орыс тілін білгеннен зиян жоқ, әрине. Десе де орыс тілінен дайындығы жоқ баланы орыс сыныпқа алып келу – баланың білімді меңгеруіне едәуір қиындықтар туындатып отыр. Біз аралас мектеп болғандықтан бұл мәселемен күн сайын бетпе-бет келіп отырамыз. Себебі балада тілдік дайындық жоқ. Кейде «егер қазақ сыныбына барғанда бұл оқушының оқу сапасы жоғарырақ болар ма еді» дейтін кездер де болады.
– Бүгінгі мұғалімнің мәртебесіне көңіліңіз тола ма? Қазір ел арасында ұстаздар сенбілікке шықпайды. Басқасы әлі бұрынғыша деген сөз бар.
Негізінде мен мәртебелі болу әркімнің өзінің қолында дер едім.Бірінші оқушыларының алдында сыйлы болуы, ұжымдастарының арасында өз орнын алып, құрметке бөленуі – ұстаздың, кез келген қызметкердің өзіне байланысты. Ешкім университет бітірген бойдан дайын кадр болып келмейді. Ең бірінші мектептен қалыптасқан базалық білім, кейіннен меңгерген жоғары білім, қызметке кіріскендегі ізденімпаздық пен жауапкершілік сені алға өзі-ақ жетелейді. Мәртебені заңмен белгілемей-ақ, өзіңе, айналаңа құрметпен қарау, өзгенің еңбегін бағалау арқылы қол жеткізуге болатын нәрсе деп ойлаймын. Ал сенбілікке келер болсам, біз – тәрбиешіміз. Арасында акция жасап көшені, ауламызды тіпті балалармен бірге, олардың денсаулығына зиян келмейтіндей етіп, тазалық жұмыстарын жүргізсек, онда тұрған ештеңе жоқ. Одан ешкімнің мәртебесі түсіп қалмайды. Мәселен, мен басшы ретінде мұғалімдер сенбілікке шықпағанымен, мектептің өзге қызметкерлерімен бірге апта сайын сенбілікке шығамын. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ата-ана, оқушы, әріптес саған құрметпен қарау үшін өзің тиянақты, жауапты, ұқыпты болуың шарт.
– Сіздіңше білім берудегі ең басты нәрсе?
– Ең бастысы – елдің саулығы. Мектепте сабақ қалыпты жүруі үшін ең бірінші баланың денсаулығы аса маңызды. Бетперде режимі алынып тасталғанша, алдымыздағы оқушының жүзін де көрмедік. Лайым, осымен індет іргемізден алыстап, халықтың дені сау болсын дейміз. Бір ұстазым «Алуан, алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деп үнемі айтып отыратын. Жалпы педагогикада барлық бала бірдей, барлығын оқыту қажет, үйрету қажет дегенмен де, әр баланың қабылдауы, бейіні әртүрлі болады. Мүмкін ол баланың барлығы бірдей ғалым, мұғалім, дәрігер болмас, бірақ ол жақсы дәнекерлеуші, қолы алтын шебер болуы мүмкін. Сондықтан да ең бастысы Абайша айтқанда, бойына адамгершілік қасиеттерді жинаған адамның баласын тәрбиелеп шығарсақ, сол біздің мақсат-мұратымызға жеткеніміз.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
22 маусым 2022 ж. 1 459 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031